Жақында еліміздегі кейбір ақпарат агенттіктері «Жамбыл облысына Украина мен Сириядан босқындар келіп жатыр» деген хабар таратты. Онда «Қақтығыстың салдарынан қашқан жиырма Украина азаматы Таразға келді» делінген. Мұның мән-жайын зерделеместен бірнеше сайт, газет, телеарналар, әлеуметтік желілерге дейін бір-біріне сілтеме жасап, кейбірі сілтемесіз-ақ әлгі ақпаратты республика аумағына таратып жіберді.
Мәселенің анық-қанығын білу үшін, облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасы бастығының міндетін атқарушы, подполковник Мұхтар Салжановқа хабарластық. «Облысымызда 2014 жылы босқын мәртебесін алған бір ғана адам бар. Ол – 1973 жылы туылған сириялық Әлмұхамад Свейд Айеш Хасан», – деген М. Салжанов Украинадан босқындар келіп жатыр деген ақпараттың шындыққа мүлдем жанаспайтындығын айтты. Ал Әлмұхамад Свейд Айеш Хасанның Тараздың қызына үйленгендігі, төрт баласы бар терапевт-гастроэнтеролог дәрігер екендігі және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі К.Көкірекбаевтың қоғамдық қабылдауында болғандығы белгілі дейді. Облыс басшысы Алматыдағы медициналық жоғары оқу орнын бітірген сириялық азаматты елімізге дәрігер мамандар жетіспей жатқандықтан, құжаттарына көмектесуге тиісті орындарға тапсырма берген. Сонымен, заңды түрде босқын мәртебесін алған жалғыз адам Әлмұхамад Свейд Айеш Хасан болып шықты. Ал заңсыз жүрген украин азаматтары мүлдем жоқ. Себебі, ол үшін шекараны заңсыз кесіп өтулеріне тура келеді. Мұхтар Салжановтың айтуынша, босқын мәртебесін беру-бермеуді арнайы комиссия шешеді. Әзірге ешкім комиссияға бұл мәселе бойынша арызданбаған. Дәл қазір Украинадан бір ғана адам облысымызға келіп отыр. Атап айтсақ, 1984 жылы Жамбыл облысында туылған Нұргүл Әбдіғапарованы сегізінші сынып оқып жүргенде, жаңадан отбасын құрған әкесі Украинаға қоныс аударғанда бірге ала кеткен. Сөйтіп, сол елдің азаматтығын алған. Жақында туған жеріне келіп, миграциялық карточкасы арқылы тиісті орындарға белгілі бір мерзімге тіркелген ол босқын мәртебесін алудың жолдарын сұраған. Ол үшін бойжеткенге Украина мемлекетінен кету парағы немесе ондағы Қазақстан елшілігінен республикамыздың аумағында тұруға қарсы емес және сотталмаған деген құжаттардың бірі керек. Алайда, оған Украина белгісіз себептермен кету парағын беруден бас тартқан. Енді, Нұргүл екінші жолмен босқын мәртебесін алуға ниет білдіріп отырған көрінеді. Қарт әкесі қайтыс болған соң жат жерден оралуды жөн көрген. Бір айта кетерлігі, ол Украинаның қақтығыстар орын алған Луганск, Донецк қалаларында тұрмаған, бейбіт жатқан Харьков қаласында өмір сүрген. Сондықтан, басты себеп қақтығыс емес, туған жеріне оралу болып тұр. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, қазіргі уақытта мамандар жалған мәлімет таратқандарды анықтаумен айналысып жатыр.
Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді