«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Пюникті» жеңуге болатын еді

«Пюникті» жеңуге болатын еді
ашық дереккөз
«Пюникті» жеңуге болатын еді
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="79351,79352"] Еуропа лигасының екінші кезеңін сәтті бастаған Қостанайдың «Тобыл» футбол клубы бірінші ойында 2:1 есебімен жеңіске жеткен соң қазақстандық команданың келесі айналым жолдамасын иеленетініне сенімді болған едік. «Тобылдың» мысы басым екенін букмекерлік кеңселер де болжаған-ды. Алайда Арменияның «Пюник» командасы оңай шағылатын жаңғақ емес екендіктерін айқын аңғартты. Бірінші кездесуде жасындай жарқыраған «Тобыл» ойыншыларын бұл ойын барысында байқай алмай қалдық. Керісінше алаң қожайындарының бойынан жеңіске деген жігер анық сезілді. Жұдырықтай жұмылған «Пюник» футболшылары соңғы сәтке дейін өздерінің келесі кезеңге өтетіндіктеріне сенді. Алаң қожайындары сәт сайын шабуылдар ұйымдастырды. Қалайда жеңіске жету қажеттігін түсінген «Пюник» ойыншылары бірінші кезеңде гол соға алған жоқ. Қостанайлық команданың қорғаушылары сәтті қорғана білді. Әйткенмен «Тобылдың» футболшылары тарапынан сол соғуға деген талпынысты көрмедік. Өткір қарсы шабуылдар ұйымдастырып, келесі кезеңге өтудің жолдарын қарастыратын шығар деген үмітіміз ақталмады. Үзілістен кейін де «Пюник» футболшылары барын салып бақты. Нәтижесінде ойынның 82-минутында Мохамед Конате мергендігімен көзге түсіп, командасын жеңіске жетеледі. Бұдан соң «Тобыл» футболшылары алға ұмтылды. Бірақ уақыт тым аз еді. Кездесудің 89-минутында «Пюник» ойыншысы Петрос Аветисянның алаңнан қуылуы да «Тобылды» жеңілістен құтқарып қала алған жоқ. Қорытынды есеп – 1:0. «Пюниктің» пайдасында. Армениялық команда сырт алаңда соғылған голдың есебінен келесі кезеңге өтті. Ал «Тобыл» Еуропа лигасындағы жорығын тоқтатты. Ойын аяқталғаннан кейінгі баспасөз мәслихатында сөз алған «Тобылдың» бас бапкері Владимир Никитенко: «Жалпы алғанда, біз өз мүмкіндігімізді көрсете алмадық. Футболшылар тек ойын соңында ғана толассыз шабуылдар ұйымдастыруға ден қойды. Мүмкіндіктерімізді пайдалану керек еді. «Пюник» сырт алаңда соққан гол есебімен келесі кезеңге өтіп отыр. Сәттілік солардың жағында болды», – деп өз ойын ортаға салды. Қалай болған күнде де Қостанай­дың «Тобыл» футбол клубында үшінші кезеңге жолдама алатын мүмкіндік болған. «Пюникті» азулы қарсыластардың қатарына жатқыза алмаймыз. Ел намысын қорғаған «Тобылдың» ортанқол команданы айналып өте алмағаны өкінішті.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Ұқсас жаңалықтар