«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Премьер-лиганың ауылы жақындай түсті

Премьер-лиганың  ауылы жақындай түсті
ашық дереккөз
Премьер-лиганың ауылы жақындай түсті
Футболдан Қазақстан бірінші лигасының кезекті турында «Мақтаарал» футбол клубын қабылдаған «Тараз» футболшыларына жеңіс ауадай қажет болатын. Мұны команда ойыншылары жақсы түсініп, жеңіске жетудің жолында аянып қалған жоқ. Жасыл алаңда жанын салып тер төккен жамбылдықтар кезекті мәрте жанкүйерлерін қуантып, маңызды үш ұпайға қол жеткізді. Төреші ысқырығы естіле салысымен шабуылға иек артқан «Тараз» футболшылары қалайда жылдам гол соғып алуды көздеді. Жерлестеріміздің бұл ойы дер кезінде жүзеге асты. Ойындағы бірінші бұрыштама нәтижелі аяқталды. Команданың тәжірибелі ойыншыларының бірі Берік Айтбаев мергендігімен көзге түсіп, 12-минутта есеп ашты. Жамбылдық футболшылар бұдан кейін де толассыз шабуылдар ұйымдастырумен болды. 19-минутта «Мақтаарал» футболшысы айып алаңында ойын ережесін бұзды. 11 метрлік айып добын орындауға беттеген команданың жаңа ойыншысы Айдос Тәттібаевтың соққысын қақпашы қайтарды. Айдос «Тараз» сапына Қарағандының «Шахтер» футбол клубынан ауысып келген болатын. Мұнан кейін де сәт сайын қос қапталды іске қосқан алаң қожайындарының бірқатар шабуылдары қауіпті шыққанымен, бірінші кезеңде таблодағы көрсеткіш өзгере қойған жоқ. Кездесудің екінші кезеңі де жамбылдықтар үшін өте сәтті басталды. Матчтың 47-минутында Абзал Таубай қанжығасын майлап, есепті 2:0-ге жеткізді. «Тараз» футболшылары бұдан кейін де бірнеше мәрте гол соғатын мүмкіндіктерге ие болды. Бірақ ұрымтал сәттерді ұтымды пайдалана алмады. Екінші кезеңнің екінші жартысында «Мақтаарал» футболшылары қаһарына мінді. Олар 66-минутта Роман Павиничтің белсенділігі арқасында есеп айырмасын қысқартты. Қонақтар бір голмен шектеліп қалмай, қалайда таразы басын теңестіруге тырысты. Дегенмен бірде «Тараздың» қорғаушылары сәтті ойнаса, енді бірде «Мақтаарал» футболшыларының шеберлігі жетіспей жатты. Қорытынды есеп – 2:1. «Тараздың» пайдасында. Осы жеңістен кейін жерлестеріміз турнир кестесінде екінші орынға орнықты. Өз алаңында Шымкенттің «Қыран» командасынан айласын асырған Көкшетаудың «Оқжетпесі» көш тізгінін қолға алды. «Тараз» футбол клубы көкшетаулықтардан бір ғана ұпай қалып келеді. «Тараздың» бірінші лигада топ жаратын мүмкіндігі әлі де бар. Екінші айналымды жамбылдықтар екінші орынмен аяқтаған күннің өзінде бірінші лига командалары үшінші айналымда сынға түседі. Ендеше Нүркен Мәзбаевтың командасы алдағы ойындарда да жанкүйерлерді қуантатын мүмкіндікке ие. Жалпы бірінші лигада екінші орын иеленген команда да премьер-лигаға тікелей жолдама алатынын айта кеткен жөн. Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Ұқсас жаңалықтар