«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Таразда цирк ғимараты неге жоқ?

Таразда цирк ғимараты неге жоқ?
ашық дереккөз
Таразда цирк ғимараты неге жоқ?

Әншейінде бала үшін бәрін жасайтындай көрінеміз. Бірақ, олай емес екен. Неге деріңіз бар ма? Қыс бойы үйге қамалатын балалар жаз шығысымен қаладағы бірді-екілі саябаққа ғана барады. Шыны керек, олар үшін өте-мөте қажет ойын-сауық орталықтары облысымызда өте аз. Сондықтан, балаларымыз әзірге батут пен ескі аттракциондарды ғана ермек қылуда. Әсіресе, бала біткенді сиқырлы әлемге саяхат жасататын цирктің болмауы, тіпті, қисынға келмей тұр. Цирктің емес-ау, анығында, облысымызда он жылдан бері еңбек етіп келе жатқан циркшілеріміздің өз алдына жеке  ғимараты да жоқ...

Тарихқа үңілсек...

Ресми деректерге сүйенсек, қазақ циркінің тарихы 1970 жылдан басталады. Ал, біздің, қыранды қолға үйретіп, жүйрік атты баптай білген, теңге іліп, аударыспақ ойнаған, жамбы атып, көкпар тартқан қазақтың цирк өнерін сонау көшпенділер заманынан басталмады деуге аузымыз бармайды. Бір өзі бірнеше кейіпке еніп, сайқымазақ бола білген Қаллекей мен гір тасын көтеріп, тісімен арба тартқан Қажымұқанның қимылы цирк өнеріне сай келмейді деп кім айта алар еді? Оның Парижде шойын жол темірін мойнына галстукше байлап, күллі әлемді мойындатқанына тағылымы мол тарихымыз да куә. Сондай-ақ, әнші, халық композиторы Балуан Шолақ та қазақ цирк өнерінің басында тұрған тұлға. Шәкәрім ақынша айтсақ, «табиғаттың сырын меңгерген әулие адамдар» біздің түп-тұқиянымызда болған. Сол табиғаттың бір бөлшегі – жан-жануарлардың күтімін тапқан көшпенділерді осы өнердің бастапқы иелері деп отырғанымыз да сондықтан. Қазақтың қанына сіңген цирк өнерінің беріректегі насихатшысы, Қазақстанның халық әртісі, сол кездегі эстрадалық цирк студиясының алғашқы директоры Гүлжихан Ғалиева да цирктегі өнер ұжымының қалыптасуына, олардың дүниежүзілік деңгейде өнер көрсетуіне үлкен үлесін қосқан. Ол, тіпті, сол кездің өзінде-ақ, цирк бағдарламасына «Қыз қуу», «Теңге ілу», «Көкпар» секілді ұлттық ойындарды енгізіп, тұрмыс-салтымыз бен ұлттық діліміз көріністерін көрсетуді қолға алған. Осындай қарқынмен дамыған қазақ циркі бүгінде жаһандық жүлделерден кенде емес. Мемлекеттік цирктің көркемдік жетекшісі Уәлихан Шалабаевтың бірде: «Дүниежүзі зерттеушілерінің мәліметі бойынша, қазақ циркі ірі державалардың бірі саналады. Тіпті, экономикалық жағынан дамыған Жапон елінде де біздікіндей цирк мектебі жоқ» дегені бар еді. Осы пікірді ескерсек, расында да, еліміздегі цирк өнерінің мерейі үстемдігіне көзіміз жетеді. Оның үстіне, қазақ циркінің талантты әртістеріне шетелден шақыртулар өте жиі келеді екен. Өйткені оларды көбіне ат үстіндегі жігіттердің қойылымы қызықтыратыны белгілі болып отыр. Дегенмен, олардың әлемді аузына қаратқан биік белестерінен ел тұрғындарының дені әлі де бейхабар. Себебі, әр облыстың өзінің дербес циркі жоқ. Біздің де көтеріп отырған мәселеміздің төркіні осыған саяды.

«Балауса» циркінің жеке баспанасы жоқ

Өз бастауын көшпелі өмір салтынан, мал шаруашылығымен байланысты тұрмыс-тіршілігінен алатын осы бір өнердің ордасы елімізде саусақпен санарлықтай ғана. Бүгінде 5 цирк ұжымы (екеуі Алматыда және Астана, Шымкент, Қарағанды қалаларында) ғана бар. Мәселе сонда, мамандарымыз, яғни, әртістеріміз жеткілікті болса да біздегі «Балауса» циркінің тобы әлі күнге дейін облыстық филармонияны паналап отыр. Құрылғанына 10 жылдан асқан өнер ұжымының құрамында 13 әртіс өнер көрсетеді. Осы уақыт ішінде топтың жеткен жетістіктері де көп. Олар тұңғыш рет сахнаға «Дала еркелері», «Арқанмен секіру ойыны», «Ақтолқын», үйретілген көгершіндер, «Икарика ойыны», «Буынсыз дене» нөмірлерін сахнаға алып шығыпты. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің бірнеше дүркін лауреат-жеңімпазы, Қытай Халық Республикасында өткен әлемдік цирк фестивалінде III орын, 2010 жылы Арменияда өткен фестивальде «Буынсыз дене» нөмірімен I орынды да алған өнер ұжымының алдағы алар асуы зор. Жеке цирк үйі болмағандықтан жергілікті циркшілер алғашында «Баласағұн» орталық концерт залының кіші залын дайындық алаңына айналдырыпты. Кейіннен бұл жер түсірілім орны болып қайта жасақталуына байланысты олар сахна сыртында жаттығуға көшеді. Арнайы іздеп барғанымызда, циркшілеріміздің аядай ғана жерде ауқымды да күрделі жаттығуларды жүзеге асырып жатқанына таңғалдық. Таңғажайып өнер тудыратын таланттарға бұл жер, әрине, тарлық етеді. Мұнда жан-жануарларды ұстауға, тіпті, еш мүмкіндік жоқ екені бесенеден белгілі. Бірақ, оған қарап жатқан өнерпаздар жоқ. Тіпті, «дайындығымыз енді жиырма минутта бітеді» деп бізді де күттіріп қойды. Мұнда талапшыл жетекші Талғат Жорабекұлымен әңгімелесе келе ұжымның кезек күттірмей шешілуі тиіс бірқатар мәселелеріне қанық болдық. – Өзіңіз көріп тұрғандай мұндай аядай жерде қарымды жұмыс жасай алмаймыз. Бірақ, біз оған қарап жатпаймыз. Жаттығуды үзіліссіз жүргізудеміз. Шыны керек, бізге бұл орын өте қолайсыз. Бұған да шүкір дейміз кейде. Себебі, біздің ұжымның деңгейі жеке отауы болмаса да қайсыбір цирктерден анағұрлым жоғары. Күрделі трюктерге тәуекел ете аламыз, – деген көркемдік жетекші жеке өз алдына ұжым болып, жеке ғимараттары болғанын қалайтындықтарын жеткізді. Айта кетерлігі, жалақысы жан бағысына жетпейтіндіктен мұнда кәсіби мамандарды, талантты әртістерді ұзақ ұстап тұру да қиын екен. Сондықтан тиісті орындар осыны ескерсе дейді. «Біздің керемет әртістеріміз көршілес Оңтүстік Қазақстан облысына, басқа да қалаларға кетіп қалып жатады. Сондайда, «өз отауымыз болғанда, оларды ұстап қалар едік» деп күйзелемін. Осы өнерге қызығушылығы бар оқушыларды жаттықтырып жатқан мамандар әлі де бар. Дегенмен, әртістеріміздің басқа қалаларға, шет мемлекеттерге барып көрсетіп жүрген өнерлерін өзіміздің өңірдің өрендері, көрермендері тамашалай алмаса оның несі қызық?» – дейді ол. «Әзірге акробатика, арқаннан секіру және жанглерлік өнерін, әуе гимнастикасын, клоундарды, йога жанры мен көгершіндер биін көрсетеміз. Әртістеріміздің барлығы өз қандастарымыз. Үздіксіз жаттығу мен төзімділікті қажет ететін цирк өнеріне осылай өңір жастарының көптеп тартылып жатқаны мені қуантады» дейді ол.

Ойын алаңдарының жағдайы алаңдатады «Жақында қаламызға сырттан «Шапито» циркі келді. Өзіміздің циркіміз болмаған соң, бұл бізге таңсық дүние, әрине. Бала-шағамызбен бардық. Бәріміз бір серпіліп қалдық. Бір әттеген-айы, ұлттық дүниелерімізбен байланысқан бірде-бір көрініс болмады. Осындайда өз облысымыздың циркі балапандарымызға ата-бабаларымыздан келе жатқан ұлы өнердің қадір-қасиетін ежіктеп түсіндіре отырып, өнерлерін паш ететін өнерпаздары болса деп армандаймыз. Өзім ұстаз болған соң, өз балаларымның да, оқушыларымның да болашағына қатты алаңдаймын» дейді Байзақ аудандық Көктал орта мектебінің мұғалімі Назым Ералиева. Мұғалімнің мұңы орынды. Бұл, біздіңше, аймағымыздағы әрбір ата-ананың арманы. Дәл осы мезгілде саябаққа барып жүрген балалардың дені тек батут пен аттракциондардың қызметін ғана көре алады. Оның бірі кейде тоқтап қалып жатса, енді бірі шаң-тозаңнан арылмайды. Бағасы да удай қымбат. «Ұшақ» пен «паравозда» айналу бес минутқа 250 теңге болса, батуттың 10 минутына тағы 250-300 теңге төлейсіз, ал «машинаны» он минут қана пайдалану құны 300 теңге. Есептей беріңіз, бала бұларда бір рет қана ойнаумен шектелмейді. Мұндайда ата-аналар баласы үшін ештеңесін де аямайды, тіпті аузындағысын жырып беруге бар. «Өзімізге «Арман» саябағы жақын. Ойын әткеншектерінің сапасы сын көтермейді. Батуттары да шаңнан көрінбейді. Ең жаманы, екі жасар баланы да, жеті жасар баланы да бірге ойната береді. Олар бала ғой, секіріп жүріп, бір-біріне қатты соқтығысса не болады? Осындай қауіпсіздік жағы ескерілуі керек» дейді ата-ана Индира Бегалиева. Осылайша, ойын алаңдарына алаңдаған ата-аналардың дені облысымызға бір цирктің қажет екенін алға тартудан танған жоқ. «Балабақшадағы баламыз «Әкетай, ертең цирк болады екен, әпкей 200 теңге әкел деді» десе, қуанып кетеміз. Баланың өзі де сол күнді күтіп, балабақшаға қатты асығады. Осыдан соң-ақ, цирктің бала өмірінде қаншалықты маңызы барын бағамдай беріңіз. Мұндай өнерді тамашалауға балаларымыздан ақшамызды аямас едік. Ең болмағанда апта соңындағы демалыс күндері бәріміз отбасымызбен барып тұрар едік» дейді Жарқын Ерсейітұлы. Сондықтан, бар жақсылықты балаларға арнағысы келетін өңірдің ойын алаңдары таза, циркінің өз отауы болса нұр үстіне нұр емес пе?! Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Қытай циркті брендке айналдырып отыр. Жылт еткен жаңалықты қабылдайтын қытайлар лезде оны өте биік деңгейге көтерді. Міне, сондықтан ол жақта цирк өте көп. Бағасы да қолжетімді. Өйткені, олардың түсінігінде осы өнерден жылдамдықты, еңбекқорлықты, тазалықты көріп өскен бала жалқаулықтан бойын аулақ ұстайды екен. Мұны біз өзіміздің ұлттық ұғымымызға салсақ, төл мерекелерімізде, мәселен Наурызда дейік, аламан бәйгеге шауып, көкпар беріп, балуан күрестіріледі ғой. Сонда есі кірген баладан еңкейген қартқа дейінгі ағайынның делебесі қозып, аттылысының намысын жыртып, бойындағы барын салып, қолдау көрсетеді емес пе?! Бұл – адамдар бұдан да өзіне керегін алады деген сөз. Ал, әлемді аузына қаратып келіп жатқан «гүрзі жұдырықты» боксшыларымыздың жеңістерінің арқасында қаншама қазақ баласы былғары қолғаппен достасып жатыр?! Көрдіңіз бе, цирк те солай. «Мен өзім ұлттық тәрбиенің бастауын осы цирк өнерінен көрер едім» деген Талғат Жорабекұлы «Балауса» циркінің Алматы, Астана қалаларындағы цирктермен иық тірестіретіндей өнер көрсетуге толық мүмкіндіктері барын айтады. Тек... бұл үшін цирк ғимараты, болмаса арнайы жаттығу залы ашылып, тиісінше қолайлы жағдай жасалынса, құба-құп болар еді.

Гүлжан РАХМАН,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар