«Түс көруден қорқатын болдым...»

«Түс көруден  қорқатын болдым...»
ашық дереккөз
«Түс көруден қорқатын болдым...»

Университеттің соңғы курсын аяқтап, диплом қолға тиер сәт. Группаласым Гүлсім облыс орталығынан шалғай ауданның бір жігітіне тұрмысқа шығып, үйлену тойларына шақырған-ды. Менің қыз жолдас болуымды өтінген оның тілегін басында қабыл алған едім. Алайда, тура жол жүрер алдында табан астынан ойым бұзылып, айнып қалдым. Шынымды айтсам, ол уақытта себебін өзім де түсіне алмадым. Әйтеуір ішкі түйсігім кері тартып, аяғымды онда бастырмай тұрды.

Әпкеме «Осы тойға табаным тартпай тұр, бармасам тағы болмайды. Не істесем екен?» – деп ақыл сұрап едім, «Онда барма!», – деді. Содан думанды кештен қалып қойдым. Сол күні жандүнием біртүрлі қоңылтақсып жүрді. Ұйықтап жатып түнде түс көріппін. Түсімде жас жұбайлар жол апатына ұшыраған, бәрі аман, бірақ дастархан басында өте көңілсіз отыр. Далада ұзын-ұзын етіп қойылған столда тізіліп отырған қонақтар да біртүрлі, қабақтары жабыңқы. Отырыстың берекесі жоқ. Күйеу жігіттің салтанатқа киген костюм-шалбары қыртыс-қыртыс, мыж-мыж. Оянған соң, «той өте көңілді, керемет өткен екен ғой» деп түсімді жақсылыққа жорыдым да қойдым. Сонымен диплом алу, жұмысқа орналасу сияқты қарбалас сәттер басталды да, той туралы ұмытып та үлгердім. Әркім өз өмірінің қазанында өзі қайнап жатты. Бірнеше жыл өткен соң, Гүлсім мен күйеуі Медеттің жол апатына ұшырап, Медеттің қайтыс болғандығы туралы достарымнан хабар алдым. Сол сәтте ғана баяғы той күні көрген түсімдегі үзік-үзік «кадрлар» ойыма орала кетті. Осы жайтты бір кездескенімізде бір құрбыма айтып едім. Ол: «Той күні жас жұбайлар мінген көлік жол апатына ұшырап, күйеу жолдас ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, артынша қайтыс болды. Той өте көңілсіз өтті. Сенің орныңа қыз жолдас мен болдым сол кезде», – деді. Бұл не сонда? Аян ба, белгі ма? Бұдан кейін де кейбір түстерімнің айна-қатесіз шындыққа айналатынын байқадым. Бір жолы түсімде бір құрбымның автобусқа мініп кетіп, өзімнің аялдамада қалып қойғанымды көрдім. Терезеден қимай қарап, кетіп барады. Кейін, расында да соңғы рет осылай қоштастық. Енді түс көруден қорқамын. Қорыққаным сонша, ұйқым келсе де, ұйықтағым келмейді.

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар