«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақтық сын: Аргентина-Германия

Ақтық сын: Аргентина-Германия
ашық дереккөз
Ақтық сын: Аргентина-Германия

Төреші Равшан ака рекорд жаңартты

Көршілерімізде футболды дамытуға баса көңіл бөлетінінің көрінісі шығар, бүгінде әлемдік мундиальда өзбек мамандары төрелік етуде. Топтық кезеңде Эквадор-Швейцария, Мексика-Хорватия, АҚШ-Германия, Голландия-Коста-Рика құрамаларының кездесулерінде бас төреші болған Равшан Ирматов төрешілер арасында рекорд жаңалап отыр. Бұған дейін футбол тарихында сегіз матчқа төрелік еткен үш қана маман болған екен. Енді міне, француз Жоэль Кинью, уругвайлық Хорке Ларионд, мексикалық Бенито Арчундидің рекордын жаңалаған Равшан Ирматов 2010 жылғы әлем чемпионатындағы бас арбитр қызметін атқарған 5 матчты қосқанда биыл дүниежүзі көз тіккен додада тоғыз рет бас төреші ретінде алаңға шықты. Әлеуметтік желілер таратқан мәліметке сүйенсек, финалда Аргентина-Германия құрамаларына төрелік ететін үміткерлердің тізімінде де Равшан Сайфиддинұлы бар көрінеді. «Төрешілікке 20 жасымда бет бұрдым, 5 жылда ФИФА-ның құрамына іліктім. Өзбекстанда футболдың деңгейін көтеру үшін біраз бағдарламалар қабылданды. Орта Азиядағы жалғыз төрешілер мектебі де Ташкентте ашылған», – депті спорт басылымдарының біріне берген сұхбатында өзбек маманы. 2008-2009 жылдары Азияның үздік төрешісі атанған Равшан Ирматов осымен екінші рет әлемдік мундиальға қатысып отыр. Ол тіпті Лондон Олимпиадасында да 3-орынды сарапқа салған маңызды ойынды қосқанда 3 кездесуге төрелік етіпті. Мамандар 9 матчқа бас төреші болу абсолюттік рекорд деседі.

Аргентиналықтар немістерге қарсы қандай әдіс қолданар екен?

3

Аргентиналықтар «Қызғалдақтар отанынан» келгендердің қорғанысын бұзып кіре алмады. 120 минут бойы аңдысып баққан қос команда да финалға шығудан үмітті еді. Пенальтилер жарысында Аргентина құрамасының жолы болды. 4:2 есебімен алға шыққан олар енді ақтық сында «неміс машинасына» қарсы ойнайды. Аргентиналықтар финалға шығуын шықты. Бірақ, немістерге қарсы өзгеше әдіс ойластырмаса, жеңіске жете қоюы неғайбыл. Мессидің командасы әлемдік мундиальдағы «жорықта» қарсыластарын ірі есеппен ұтқан жоқ. Топтық кезеңдегі кездесулерде де, 1/8 және 1/4 финалында қарсыластарынан бір доп айырмашылығымен ғана басым түскені мәлім. Ал, Германия құрамасы алғашқы матчта Португалияны 4:0 есебімен тізерлетсе, жартылай финалда бразилиялықтарды алты гол айырмасымен жеңіп, жерге қаратты. Клозе, Хедира, Мюллер, Кросс пен Шюрле секілді футболшыларға Аргентина құрамасы төтеп бере ала ма? Футбол жекелеген шеберлердің өнер көрсететін алаңы емес, нағыз командалық ойын екенін «неміс машинасы» осы чемпионатта дәлелдеп берді. Сондықтан, чемпиондық атақты жұлып алу үшін аргентиналықтарға ерекше жоспар керек.

Ардақ Үсейінова,

"Ақ жол".

Ұқсас жаңалықтар