«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Азаматтар өтініші – айрықша назарда

Азаматтар өтініші – айрықша назарда
ашық дереккөз
Азаматтар өтініші – айрықша назарда

Жеке және заңды тұлғалардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалады. Жеке және заңды тұлғалардың өздерінің құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін іске асырудың және қорғаудың бір механизмі өтініш беру болып табылады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтарда қабылданған «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңының маңызы зор. Аталған заң жеке және заңды тұлғаның өтініштерін беру мен оны қарауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді. Жалпы «өтініш» дегеніміз – өтінішті қарайтын субъектіге немесе лауазымды тұлғаға жіберілген арыз, ұсыныс, шағым, сауалнама немесе үн қосу. Өтініш жеке немесе ұжымдық, жазбаша, ауызша не электрондық сандық қолтаңбамен расталған болуы қажет. Жазбаша өтінішке қандай талап қойылады? Біріншіден, өтініш қойылған мәселелерді шешу құзыретіне кіретін субъектіге немесе лауазымды тұлғаға жіберілуі тиіс. Екіншіден, жеке тұлғаның өтінішінде оның тегі, аты, сондай-ақ, қалауы бойынша әкесінің аты, мекен-жайы, арыз иесінің қолы немесе электрондық сандық қолтаңбамен куәландырылуы тиіс. Ал, заңды тұлғаның өтінішінде оның атауы, пошталық мекен-жайы, шығыс нөмірі мен күні көрсетіледі. Үшіншіден, шағым жасалған кезде, іс-әрекетіне шағым жасалып отырған субъектінің атауы немесе лауазымды тұлғалардың қызметі, тегі және аты-жөні, өтініш жасау себептері мен талаптары көрсетіледі. Субъектіге тікелей жазбаша өтініш жасаған арыз берушіге арызының тіркелген уақыты мен күні, қабылдаған адамның тегі мен аты-жөні көрсетілген талон беріледі. Заңның 5-бабында қарауға жатпайтын өтініштер көрсетілген. Дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстар туралы не мемлекеттік немесе қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қауіпті мәліметтер бар және мемлекеттік органдардың құзыретіне сәйкес оларға дереу жіберілуге тиісті жағдайларды қоспағанда, иесі бүркемеленген өтініш, мәселенің мәні баяндалмаған өтініш қарауға жатпайды. Егер өтінішті қараусыз қалдыруға негіз болған жағдайлар кейіннен жойылса, өтініш қайтадан қаралады. Бүркемеленген өтініш дегеніміз – өтініш иесін білу мүмкін емес, қолтаңбасы және арыз берушінің пошталық мекен-жайы жоқ өтініш. Мұндай өтініш қарауға жатпайды. Заңның 8-бабына сәйкес, өтінішті қарау үшін өзге субъектілерден лауазымды тұлғалардан ақпарат алу немесе жергілікті жерге барып тексеру талап етпейтін жеке және заңды тұлғаның өтініші 15 күн ішінде қаралады. Қосымша зерделеу немесе тексеру жүргізу қажет болған жағдайларда қарау мерзімі ұзартылған кезден бастап 3 күн ішінде арыз берушіге хабарланады. Өтініштің қаралу мерзімін субъектінің басшысы немесе орынбасары ұзартады. Өтінішті қарауды тоқтату туралы шешімде субъектінің басшысы немесе орынбасары қабылдайды. Өтінішті қарау нәтижесі бойынша субъектінің немесе лауазымды тұлғаның қабылдаған шешіміне қанағаттанбаған жағдайда, бағыныстылық тәртібімен жоғары тұрған лауазымды тұлғаға немесе субъектіге шешім белгілі болған кезден бастап 3 айдан кешіктірілмей шағым беріледі. Егер шағым берудің 3 айлық мерзімі өтіп кетсе шағымды қараудан бас тартуға негіз болып табылмайды, себебі шағым беру мерзімінің өтіп кету себептері шағымды қарау кезінде анықталады, бірақ шағымды қанағаттандырудан бас тартуға негіздердің бірі болып шығуы мүмкін. Жоғары тұрған субъектімен немесе лауазымды тұлға болған жағдайда немесе арыз беруші қабылдаған шешіммен келіспеген жағдайда арыз тікелей сотқа беріледі. Сондай-ақ, көрнеу жалған мәліметтерден тұратын өтініштерді тексеруге байланысты өзіне келген шығындарды өндіртіп алу үшін лауазымды тұлғалардың, субъектілердің сотқа жүгінуге құқығы бар.

Индира Сәттібаева, Тараз қаласы прокурорының көмекшісі.

Ұқсас жаңалықтар