
«Минейрандағы» мұңлы күн
Кеше Белу-Оризонти қаласындағы «Минейран» стадионына жиналған жұртшылық әлемдік мундиаль тарихында болмаған оқиғаның куәсі болды. Әлемнің бес дүркін чемпионы атанған Бразилия құрамасы немістерден ірі есеппен ұтылды. Бұл бұрын-соңды жартылай финалдық ойындарда тіркелмеген көрсеткіш дейді мамандар. «Неміс машинасының» екпіні қатты екен, үзіліске дейін Жулио Сезар қорғаған қақпаға жауапсыз 5 гол соғылды. Екінші таймда алаңға шыққан Андрей Шюррле дубльдің авторы атанып, бразилиялықтардың «есеп қысқартамыз» деген үмітін үзді. Таблодағы нөлді өзгертуге тоқсаныншы минутта Оскардың ғана шамасы жеткен еді. Есеп – 1:7, бұл «Минейран» аспанын мұң торлаған күн.
Неймар мен Сильва...
Сильвасыз Бразилия құрамасының қорғанысы қауқарсыз екен. Бірінші таймның 29-минутында Сезар қорғаған қақпада доптың 5 рет тулағаны – осы сөзіміздің айғағы. Неймарсыз алдыңғы шеп те әлсіз болатынына көзіміз жетті. Қарымта шабуылдарды түйіндейтін ойыншы жоқ. Бір сөзбен айтқанда, кешегі матчта Неймар мен Сильваның жоқтығы қатты білінді. Білінді деу бергі жағы, орындары ойсырап тұрды десек, артық айтқандық емес. Әлемдегі ең қымбат қорғаушы саналатын Давид Луис та ештеңе өндіре алмады. Бірақ, ол кездесуде қорғаныстан гөрі шабуылға көбірек көмектесті. Негізі Луис, Марсело, Оскар, Бернард төрттігі тым құрығанда бір амал жасағысы келіп тырысып баққан. Бразилиялықтардың ішінде белсенді ойнағаны да осылар болды. Бірақ, Оскардың соққан жалғыз голынан басқа әрекеттің бәрі нәтижесіз.
Клозе сұрмергендер «көшін» бастады
Фанаттар наразылығы Расында, бұл бразилиялық жанкүйерлер үшін нағыз «трагедия» болғаны анық. Әсіресе, бірінші таймда жеті минуттың ішінде Сезардың қақпасына үш гол соғылғанда... Мына «масқараға» шыдай алмаған стадиондағы сары жейделі фанаттар еңкілдеп жылап та жіберді. «Іш қазандай қайнады, күресерге дәрмен жоқ» деп бармағын тістеп алдыңғы матчтарда алған ескертуіне байланысты ойыннан шеттетілген қорғаушы Сильва да отырды көрермендер қатарында.
Ақыры бразилиялық жанкүйерлердің жүйкесі сыр берді. Көпшілігінің бірінші тайм аяқталмай жатып, стадионды тастап шығып кеткенін айтпағанның өзінде, матч соңында көшеге шығып, наразылық ұйымдастырғаны – соның көрінісі. Тіпті, қызуқанды фанаттардың ішінде Бразилия туын өртеп, тәртіп сақшыларымен төбелескендері де болған.
Антирекорд Кешегі матчта тіркелген 1:7 есебі – Бразилия құрамасының антирекорды. Бұл әлемнің бес дүркін чемпиондары үшін ең үлкен жеңіліс болып саналады. Бұған дейін бразилиялықтардың мұндай ірі жеңілісі 1920 жылы орын алған екен. Сол жолы олар Уругвай құрамасына 0:6 есебімен тізе бүгіпті. Ал, 1934 жылғы әлемдік мундиальда Бразилия мен Югославия құрамасының кездесуінде 4:8 көрсеткіші тіркелген дейді «Infostrada» орталығы.
Жалпы, Бразилия мен Германия құрамасының жолдары әлемдік мундиальда екінші рет түйісіп отыр. 2002 жылы финалдық кездесуде Роналдо дубль жасап, бразилиялықтардың мерейі үстем болған еді.
Ардақ Үсейінова,
"Ақ жол".
Ұқсас жаңалықтар
Үстел теннисінің үміттері
- 10 маусым, 2025
Ералы Тұңғыш: «Ұлттық құрамада ойнау — негізгі арманым»
- 2 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді