Тарихи шешімнің қабылдануына куә болдым

Тарихи шешімнің қабылдануына куә болдым
ашық дереккөз
Тарихи шешімнің қабылдануына куә болдым

Бүгінде Еуразия жүрегіндегі елораданың тұрғынымын. Уақыт деген – зымыран. Астананы ауыстыру туралы шешімнің қабылданғаны да кеше ғана сияқты еді. Тарих бәрін безбендей жатар, бірақ Алматыдан көшу оңай болған жоқ. Сол күні таңертең Парламентке Президент келеді дегенді естідік. «Ол кісінің бүгін туған күні ғой. Не себепті келеді екен», деп ойлап үлгергенімізше Мемлекет басшысы да келді. Төрағамыз туған күнімен құттықтады. Сол күні менің де туған күнім еді, елуге толғанмын. Әріптестерім мені де құттықтап жатты. Президент әңгімені төтесінен бастады. «Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы сіздермен ақылдасуға келдім», - деп, оның себептерін түсіндірді. Мемлекет басшысының сөзінің депутаттардың көңіліне ұялай кеткені – «Астананың елдің ортасында болғаны жөн дегені» еді. Себебі сол кезде кейбір желауыздар біздің солтүстік облыстардың жерін Ресейдікі деп, гу-гу әңгіме шығара бастаған еді. Талқылау барысында әртүрлі сөздер айтылды. Көбісі қазіргі экономикалық жағдайдың ауыр екенін алға тартты. Қызу талқылаудан соң дауысқа салғанда бір басым дауыспен көшу туралы шешім қабылданды. Осы күнде сол бір дауыс менікі деп мақтан етемін. Ақмолаға көшіп келгенімізде бізді Сарыарқаның азынаған желі сен суығы қарсы алды. Несін жасырамыз, әуелгіде осындай қала ел Астанасы деп қайтіп атаймыз деп қомсынып жүрдік. Қазір сол ойдың өзіне ұяламыз. «Кеше ғана облыс орталығы болған қаланың 20 жылда осылай өзгерді», деп біреу айтса, сенбес едік. Бірақ осы тарихи сәттерге өзім куә болдым ғой. Көреген Көшбасшымыз бастай білсе, алынбас қамал жоқ екеніне көзім жетті. Астанаға қарап бүгінде көңіл тояды. Қазір осы Еуразия жүрегінде қоныс тепкен Елордада бүгінде әлемдік саясаттың марқасқалары бас қосып, жаһандық мәселелер талқыланып, әлемдік саясатта мәні бар мәселелер қаралады. Мен осындай қаланың бір тұрғыны екенімді мақтан тұтамын. Өткенге оралсақ, сонау тоқсаныншы жылдар. Қиын-қыстау кезең. Тәуелсіздік алған соң басқару әкімдік жүйесіне өзгерген. Осы кезеңде Жоғарғы Кеңестің ХІІІ шақырылымына депутаттыққа үміткер ретінде сайлауға түскенмін. Менің сайлаушыларым – Қаратау, Жаңатас қалалары мен Талас, Сарысу ауданының тұрғындары. Кеңес кезінде ауылдық, аудандық сайлауға түскенімізде бәрі шешіліп қоятын еді. Ал мына сайлау әлей екен. Нағыз жан беріп, жан алысқан қып-қызыл майдан. Сайлауда үміткердің сенімді өкілдері халықты өзіне қаратып, иландыра алса және ол адамның ел алдында беделі жоғары болса, ісіңнің оңғарылғаны. «Аққа құдай жақ» деп, сол жолғы сенімді өкілдерім нағыз сенімді азаматтар болды. Есбөкен Көлбаев, Баймұрат Оразбек, Апрель Сержанов, Тұрғын Қойшығараев, Орынбасар Қосалиев өкіл ғана емес, өздері де депутаттыққа лайық жандар еді ғой. Ал ақын Нарша Қашағановтың бір өзі жүз адамға татитын. Солар белсенді жұмыс жүргізіп, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің ХІІІ шақырылымына депутат болып сайландым. Халық сайлаған 177 депутат қызу еңбекке араласып кеттік. Егемендікті енді алған елде шаруа шаш етектен. Бұрынғы бір-біріне тығыз байланысты алып елде шаруашылықтардың тірлігі қожыраған кез. Тіршілікке қажетті заттардың бірі жетсе бірі жетпейді. Заңдарымыз да былқ-сылқ. Оларды реттемесең, шаруа жүрмейді. Заңды реттесең, материалдық игіліктер тапшы. Біресе анау жетпейді, біресе мынау жетпейді. Әр түпкірден наразылық бұрқ ете қалып жатқаны тағы бар. Көбіне шаруашылық мәселелеріне айналып кетсең, заң шығару кешеуілдейді. Осы кезде менің округіме қарайтын Жаңатас қаласынан қала енді 3-4 күнде отын тапшылығынан жылу тоқтап қалған болатын. Дереу Жоғарғы Кеңес сессиясында мәселе көтеріп, комиссия құрып, Жаңатас қайдасың деп аттанып кеттік. Жол көк тайғақ,Тараздан Жаңатасқа шыққан Олжас Сүлейменов бастаған комиссия құрамындағы он шақты депутат 150 шақырым жерге 10 сағатта зорға жеттік. Жеткеніміз қандай абзал болған, дереу Үкіметке хабар беріп, қалаға қаржы бөліп, жылу берілді. Сөйтсек бұндай жағдайлар республиканың түпкір-түпкірінде бар екен. Депутаттар апта сайын елге шығып, жағдайды өз көздерімен көріп-қайтып жүрді. Осындай бір іссапарда жүргенімізде, соңымыздан тез жетіңдер деген суыт хабар келді. Ойпырмай, не болып қалды деп келсек, Жоғарғы Кеңес тарағалы жатыр. Оның себебі – Алматы қаласындағы бір сайлау округінде сайлау дұрыс өтпеген. Президент елді сабырға шақырып, бұл мәселенің заңдылығын анықтау үшін конституциялық сотқа (ол кезде Сот Кеңес емес) сұраныс берді. Содан ақыры тарап тындық. Кейін Конституция өзгеріп, Жоғарғы Кеңес Парламент деген атау алды. Оның екі палатасы – Сенат-Мәжіліс болып белгіленді. Арада біраз уақыт өткенде Мәжіліс депутаттығына сайлауға түстім. Алғашқы жолы қолтығымнан демеген жанашырлар бұл жолы да далаға тастамады. Округке жаңадан қосылған Жамбыл, Жуалы аудандарынан да тілектестер табылды. Жамбыл ауданынан ақын Базар Қилыбаев, Жуалыдан Мақұлбек Рысдәулет бастаған топ аянбай еңбек етті. Еткен еңбек зая кетпеді, тұңғыш Парламент Мәжілісінің алғашқы депутаттарының бірі болдық. Мәжілісте 77 депутат өнімді еңбек етті. Сол жылдарда қабылданған заңдардың қазір жемісін көріп жатырмыз. Алғашқы Парламент шын мәнінде өмірдегі, еліміздегі жағдайларды түзеуге арналған заңдар шығарумен айналысты. Мәжілістің төрағасы Марат Оспанов пен оның орынбасары Василий Осиповтың басшылығымен депутаттар шаруаның сан саласына қажетті заңдар қабылдады. Астананы Арқа төсіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылдануына куә болғаным да осы кез. Кейін депутаттықты қойып, Парламент аппаратында 7-8 жыл жұмыс істеп зейнетке шықтым.

Әбдіманап КӨПБЕРГЕН, Астана қаласының тұрғыны.

Ұқсас жаңалықтар