Ана мен бала денсаулығы –демография кепілі
Демографиялық өсімді арттыру үшін ана мен бала денсаулығында ешқандай кінәрат болмауы тиіс. Мемлекет басшысы осы мәселеге айрықша мән беріп, еліміздегі ана мен бала өлімін төмендету үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, әлеуметтік ахуалды түзеуді тапсырып отыр. Халық денсаулығын жақсарту мақсатында арнайы бағдарламалар да қабылданды. Бұл өз нәтижесін беруде. Десе де көрсеткішті жақсарту үшін жоспарланған шаралардың қалай жүзеге асырылып жатқанын ұдайы бақылап отыру қажет. Бұл медицина саласының қызметкерлері ғана айналысатын мәселе емес, керек десеңіз, ұлттың байлығы, еліміздің ертеңі, болашағы да ана мен бала денсаулығының қандай болмағына тікелей байланысты.
Мемлекет тарапынан көрсетілер көмек пен қолдаудың арқасында елімізде соңғы 10 жылда бала туу көрсеткіші 25 пайызға артқаны байқалуда. Күн сайын елімізде 1000-нан астам сәби өмірге келеді екен. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 400 мыңнан асып жығылады. Ал ана өлімі соңғы ширек ғасыр уақытта 4 есеге азайған. Дәрігерлер қауымы ана өлімін бұдан әрі де төмендету үшін білімі мен біліктілігін, тәжірибесін сарп етуде. Соған қарай Үкіметте жылдан-жылға дәрігерлердің әлеуметтік әл-ауқатын арттыруда.
Алайда ана мен бала өлімі мәселесі түбегейлі шешілді деуге әлі де ертелеу. Алаңдатарлық бір жай, зерделеу жұмыстарының нәтижесі көрсеткендей, елімізде жүкті әйелдердің 20 пайызының ғана денсаулығы жақсы, яғни 80 пайызының денсаулығында түрлі ақаулар бар екен. Ал мұның басты себебі – жүкті әйелдердің дер кезінде дәрігерге көрінбеуі. Сала мамандары да олардың 50 пайызға жуығы дер кезінде тіркеуге тұрып, тиісінше дәрігерлік кеңес алмайтынын, диагностикалық тексерулерден өтпейтінін айтады. Ал бұл жағдай балада туабітті ақаулардың, тұқым қуалайтын немесе әйелдің денсаулығына зиянды аурулардың бар-жоғын дер кезінде анықтау мүмкіндігін шектейді. Сол себепті әйелдің дене дамуы және рухани саулығы жүктілік кезінде айрықша бақылануы тиіс. Яғни сәби денсаулығы ол туылғанға дейін күтімде болуы тиіс деген сөз. Дәрігерлік барлық ұсынымдарды қатал және саналы түрде орындау, гигиеналық жүріс-тұрыс қағидаттарын мүлтіксіз атқару болашақ мұрагерді құрсақтағы кезеңінде басталатын көптеген аурулардан сақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан болашақ ана саламатты өмір салтын ұстанып, қуанышты көңіл-күйде жүруі, болашаққа сенімі зор психикалық тыныштық сақтауы тиіс.
1996 жылы ашылған облыстық «Ана мен баланы аялау» орталығы, міне, осы бағытта әйелдерге қызмет көрсетіп келеді. Шалғай ауылдық жерлердегі, әлеуметтік жағдайы төмен және көп балалы отбасылардағы жүкті әйелдерді және балаларды оңалту, денсаулығын қалпына келтіру – орталықтың басты міндеті. Мұндағы жұмыстардың және бір ерекшелігі – ана мен баланы бір-бірінен алшақтатпай емдеуінде. Олар үшін қолайлы психоэмоциялық тыныштық жағдайы жасалған. Сондай-ақ дәрігерлік, әлеуметтік және экономикалық мәселелердің өз уақытында шешілуіне айрықша назар аударылады.
Айта кету керек, біз негізінен аурудың түрін, емделушінің жасы мен жеке ерекшеліктерін ескере отырып, заманауи емшаралар қолдану арқылы жүкті әйелдердің, 18 жасқа дейінгі балалар мен балаға күтім жасайтын аналардың денсаулығын қайта қалпына келтіріп, емдік-сауықтыру шараларының толық кешенін жүзеге асырамыз. Әсіресе ата-аналар мен балалар арасында саламатты өмір салтын насихаттауға, табиғи және физикалық емдік факторларды кеңінен қолдана отырып ағзаны шынықтыруға, ағзаның бейімделу және иммундық мүмкіндіктерін ынталандыруға күш саламыз. Перинаталдық орталықтармен және басқа да облыстық, қалалық емдеу ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз.
Жүкті әйелдерді, аналар мен балаларды сауықтыру шараларымен қамту үшін іріктеуді жергілікті жерлердегі емхана дәрігерлері жүзеге асырады. Орталығымызға келушілер үшін экстрагениталдық және акушерлік патологиясы бар, тууға қабілетті 15-49 жас аралығындағы әйелдер, оның ішінде есепке тұрғаннан бастап жүктілік мерзімі 32 аптаға дейінгі жүкті әйелдер арнайы жолдамамен келеді. Мұнда І және ІІ дәрежедегі қан аздық, ремиссия кезіндегі бүйрек аурулары, қан айналымы бұзыла қоймаған қан-тамыр жүйесінің, асқына қоймаған тыныс алу ағзаларының, ішек-қарын жолы ауруларынан, экстрагениталдық және акушерлік патология түрлерін сауықтыру шаралары қарастырылған. Сонымен бірге плацента жеткіліксіздігі, жүктілікті үзу қаупі жоқ жүктіліктің үйреншікті бұзылуы сияқты ауытқушылықтар да назарда ұсталынады.
Сондай-ақ оңалтылуға мұқтаж, жиі және ұзақ ауыратын балалар, асқынуы жоқ өкпе-қолқа патологиясы, І және ІІ дәрежедегі қан аздық, орталық жүйке жүйесінің перинаталдық бұзылуы, қан айналымы бұзылмаған қан-тамыр жүйесінің аурулары, асқынусыз несеп-жыныс жүйесінің аурулары, асқынусыз ішек-қарын жолының аурулары, жалпы барлық нозологиялық аурулары бар 18 жасқа дейінгі балаларды да қабылдаймыз. Біз олардың құлан-таза сауығуына мүдделіміз.
Орталықтың негізгі мақсаты – ана мен балаға арналған оңалту көмегінің соны тәсілдерін қолдану арқылы репродуктивтік денсаулықты қорғау бойынша іс-шаралардың тиімділігін арттыру. Бізде осыған байланысты жүзеге асырылып жатқан игі істер баршылық. Өйткені бұл – жүкті әйелдер мен балаларды тәулік бойы сауықтыратын еліміздегі бірден-бір құрылым. Сауықтыру кезеңі 20 күнді қамтиды. Мұндағы орын саны 150 төсектік болса, оның 70 төсегі жүкті әйелдерді сауықтыратын бөлімшеге, 80 төсегі балалар бөлімшесіне тиесілі.
Орталықта толыққанды реабилитациялық ем алу және демалу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Екі адамға арналған жайлы бөлмелер, балалардың ойын алаңдары, релаксация кабинеті – барлығы келушілердің көңіл-күйі мен денсаулығына жағымды әсер етеді. Орталық ғимаратының орналасқан аумағында шағын климаттық қолайлы жағдайлар қалыптастырылған. Қарсы бетінде Талас өзені сарқырап ағып жатыр. Төңірегі көкжелекпен, гүлзарлармен көмкерілген. Демалушыларға 5 рет үйлестірілген, құнарлы, дәруменге бай емдәмдік тағам беріледі. Жыл бойы көкөніс пен шырын, ал жаз бен күз мезгілдерінде жеміс-жидек үзілмейді.
Орталықта физиоемдеу, диагностикалық және емдеу бөлімшелері, клиникалық зертхана, шунгитпен емдеу, балаларға арналған кинезотерапия (құрғақ бассейн), емдік дене шынықтыру, мануалдық емдеу, уқалау, ингаляция, оттегілік коктейль және оттегілік емдеу, сумен емдеу (булау, суасты уқалау), тіс емдеу, УДЗ, жүкті әйелдерге арналған релаксотерапия (релакс-ұйқы) бөлмелері жұмыс істейді.
Емделуге келген әрбір ана мен баланың денсаулығына аса зор мән беретін өңіріміздегі бірегей сауықтыру орны ұлт болашағы, ұрпақ қамы үшін бұдан әрі де жұмыс істей беретін болады.
Динара КӘРІБАЕВА,
облыстық «Ана мен баланы аялау» орталығының бас дәрігері.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді