Әлемдік доп додасы қыза түсті

Әлемдік доп додасы  қыза түсті
ашық дереккөз
Әлемдік доп додасы қыза түсті

Ресейдегі футбол аламанының қызығы арта түсті. Осы кезге дейін дес бермей келген алаң қожайындары үшінші турда Уругвай командасына қауқар таныта алмады. Бұл кездесуде уругвайлықтар жауапсыз үш гол соқты. Сауд Арабиясы құрамасы соңғы турда Египет құрамасын 2:1 есебімен ұтты. «А» тобында Уругвай құрамасы келесі кезеңге бірінші орынмен өтті. «В» тобындағы Португалия құрамасы ирандықтармен 1:1 есебімен тең түсті. Испандықтар да Марокко құрамасымен ұпай бөлісті. Есеп – 2:2. Қос тараптан 14-минутта Бутаиб, 19-минутта Иско, 81-минутта Эн-Несири, 91-минутта Аспас мергендігімен танылды. Енді плей-офф кезеңінде уругвайлықтар Португалия құрамасына қарсылас атанса, Ресей құрамасы испандықтарға қарсы өнер көрсетеді. Алаң иелері жерлестерін қуанта ала ма? Бұл сауалдың жауабы алдағы күндердің еншісінде. «С» тобындағы Франция құрамасы үшінші турда даниялықтармен ұпай бөлісті. Қос фоварит арасындағы бұл ойында есеп ашылған жоқ. Перу құрамасы австралиялықтарды 2:0 есебімен ұтып, үш ұпайға қол жеткізді. Алайда бұл жеңіс олардың келесі кезеңге өтуіне мүмкіндік бермейтіні белгілі. «Д» тобындағы Аргентина соңғы ойында ғана үш ұпайға қол жеткізді. Олар Нигерия құрамасынан айласын асырса, хорваттар 2:1 есебімен исландиялықтардан басым түсті. Енді плей-офф кезеңінде Франция құрамасы аргентиналықтарға қарсы өнер көрсетсе, хорваттар өзара кім мықтыны Дания құрамасымен өткізетін ойында анықтайтын болады. Бұл әлем чемпионатының мергендер көшін 5 голмен англиялық Гарри Кейн бастап келеді. Ал португалиялық Криштиану Роналду мен бельгиялық Ремелу Лукакудың еншісінде 4 голдан бар. Уругвай мен Хорватия құрамалары мүмкіндіктерін мүлт жібермей, әзірге үш ойыннан 9 ұпайды иеленіп отыр. «Ғ» тобындағы Швеция мексикалық-тарды 3:0 есебімен ұтты. 2014 жылғы Әлем чемпионы Германия құрамасы оңтүстік кореялықтарға 0:2 есебімен жол беріп, плей-офтан күдер үзді. Мексика мен Швеция құрамасы келесі кезеңде.

Есет ДОСАЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар