«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Тараз» ұпайын тағы жоғалтты

«Тараз» ұпайын тағы жоғалтты
ашық дереккөз
«Тараз» ұпайын тағы жоғалтты
Биыл бірінші лигада өнер көрсетіп жатқан «Тараз» командасы соңғы турларда осалдық танытып жүр. Олар биылғы чемпионаттың бірінші кезеңін екінші орынмен аяқтап, жанкүйерлерін бір қуантып тастаған еді. Екінші айналымның алғашқы ойынында өз алаңында атыраулық команданы қабылдап, 5:0 есебімен жеңіске жеткен кезде де мерейіміз өскен болатын. Соңғы үш турда «Тараздың» жолы болмай-ақ қойды. Олар сырт алаңда «Екібастұз» командасымен 2:2 есебімен тең ойнап, алматылық «Қайрат-А» командасына 3:5 есебімен жол берді. Осы жексенбіде өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесін» қабылдаған жерлестеріміз тағы да ұпай жоғалтты. Ойынның 40-минутында қонақтар есеп ашып кетті. Алайда екінші таим бастала салысымен, 48-минутта жерлесіміз Тимур Байжанов гол соғып, есеп теңескен болатын. Бірақ жерлестеріміздің белсенділігі осыдан аса алмады. 1:1 нәтижесі төрешінің соңғы ысқырығы естілгенше сақталды. Сонымен, 29 ұпай жинаған жерлестеріміз «Тараз» командасы турнир кестесінде үшінші орында тұрақтауда. Топ басында 33 ұпаймен «Қыран», екінші орында 30 ұпаймен «Алтай» тұр. Бізден кейін «Оқжетпес» өкшелеп келеді. Сондықтан «Тараз» ойыншыларына енді ес жинап, ойынды ширатпаса болмайды. «Қыраннан» басып оза ма деп жүргенде «Тараздың» үшінші сатыға сырғып кеткені жанкүйерлердің жанына аяздай батуда. Осыны ойыншыларымыз сезінсе екен! Әрине, алда біраз ойындар бар. Сол кездесулерде «Тараз» жанкүйерлерін қуантады деген сенімдеміз!

Ұқсас жаңалықтар