«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

абырой арқалаған жандар

абырой арқалаған жандар
ашық дереккөз
абырой арқалаған жандар
Бес жыл бұрын Президент Жарлығымен 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні болып бекітілді. Бұл шешім, сөз жоқ, тұтастай мемлекеттік қызметтің, әрбір мемлекеттік қызметшінің имиджін көтеруге бағытталған. Сонымен қатар еліміз үшін басқару мен мемлекеттік билік органдарының қаншалықты маңызды екендігінің тағы бір дәлелі. Мереке қарсаңында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықпен қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Мақсұт Нәлібаевпен болған сұхбатымыз да осы тақырып төңірегінде өрбіді. – Мақсұт Ыбырайханұлы, мемлекеттік қызметші дегеніміз кім? Мемлекетке қызмет етуге бел буған адамның бойында қандай қасиеттер болуы тиіс? – Мемлекеттік қызметші – билік пен халық арасын байланыстырушы буын, сондықтан да көп нәрсе оның кәсіби біліктілігіне байланысты. Ол жедел түрде ой қорытып, қандай да бір мәселелерді шешу жауапкершілігін өз мойнына ала білуі тиіс. Кез келген деңгейдегі мемлекеттік қызметші лауазымы – жай мамандықпен салыстырғанда мейлінше жоғары. Осының өзі бұл саланы таңдағандарға үздіксіз ізденіп, біліктілігін жетілдіруге итермелейді. Мемлекеттік қызмет мінсіз болсын десек, осы саладағы мамандардың білім-біліктілігімен қатар, адамгершілік асыл қасиеті мен тәлім-тәрбиені де талап етуіміз керек. Мемлекеттік қызметшінің кәсібилігінің төмендігі көрінсе, оның мәртебесі де төмен. Оның бойында сөзбұйдашыл, сыбайлас жемқорлық сияқты жағымсыз әрекеттерге жол беру секілді жағымсыз қасиеттер байқалса, басқару құрылымын нығайту, жетілдіру, мемлекеттік қызмет саласындағы реформалар табысты болмайды. – «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 15 қадамы кәсіби мемлекет құруға бағытталған. Оның орындалуын біз мемлекеттік мекемелердегі қызмет көрсетушілердің біліктілігі, білімі, жүріс-тұрысы, көрсеткен қызметінен көреміз. Бүгінгі қызмет көрсету сапасын осыдан он жыл бұрынғымен салыстырғанда нені байқаймыз? – Иә, мемлекеттік қызметті жетілдірудің маңызды бағыттарының бірі – қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айқындаған бес институционалдық реформаның бірінші бағытының «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» деп аталуы бекер емес. Әлбетте әлемнің бәсекеге қабілетті отыз елінің қатарынан көріну үшін ең алдымен мықты мемлекеттік аппарат қалыптастыруымыз керек. Сондықтан да «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын іске асыруда ең бірінші кезекте мемлекеттік қызметті дамытуға көңіл бөлінуі Қазақстан мемлекеттілігін нығайтып, қоғам мен мемлекетті түбегейлі өзгертуге, ең ақыры жаһандық және iшкi сын-қатерлерге қарсы атқарылатын ауқымды дүниелердің сапалы атқарылуына деген салмақты саясатты білдіртсе керек. 100 қадамның бірінде мемлекеттік қызметкерлердің ынтасын күшейту, олардың кадрлық және кәсіби әлеуеті деңгейін арттыру мәселесі дер кезінде нақтыланған және ол мемлекеттік органның жалпы имиджіне және тиімділігіне ықпал етеді. Мемлекеттік аппаратты реформалаудың маңызды құралдарының бірі – меритократия – «лайықтылар билігі» ұстанымдарын белсенді қолдану болып отыр. Қазақстандағы мемлекеттік қызмет институтының жиырма жылға жуық тарихы бар десек, осы уақыт ішінде аталған институт құрылымы мен тұжырымдамасы тұрғысынан көптеген өзгерістер мен реформаларға ұшырады. Бүгінгі таңдағы мемлекеттік қызметкерлер мен осыдан он жыл бұрынғы қызметкерді салыстыра алмаймыз. Бұл – сол жылдары шыққан компьютер мен ұялы телефондарды бүгінгі нұсқаларымен салыстыру секілді. Олай болатыны, он жыл уақыт бұрын мемлекеттік қызметкердің қызметіне қойылатын талаптар басқа еді. Біз дәл қазір бұрынғы және қазіргі мемлекеттік қызметкерлерді салыстыру арқылы адам әлеуеті мен кәсібиліктің сапалы дамуын және меритократия ұстанымдарын көре аламыз. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметкерлердің дербестігі мен жеке қасиеттерін дамытуға баса назар аударылып отыр. – Мемлекеттік қызметкерлер қандай болуы керек екенін, оларға қойылған талаптың шарттарын түсіндік. Ал облыстағы мемлекеттік қызметкерлер осы үдеден қаншалықты шығып отыр, олар тұрғындарға барынша жақын әрі ашық деп айтуға бола ма? – Әрине, болады. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметкерлер олардың жетістігі мен мансабы өздерінің кәсіби біліктілігін арттыру дайындығына, халыққа ашықтығы мен көрсететін мемлекеттік қызметтерінің сапасына тікелей тәуелді екенін түсінеді. Сол себепті, біз біршама кәсіби деңгейге жоғарыладық деп ойлаймыз және оны тұтынушыларымыз, облыс тұрғындары бағалайды деген үміттемін. Елбасы Н.Назарбаев: «Мемлекеттік қызметші – жоғары моральды жауапкершілік, кәсіби білімін тәжірибеде қолдана алу, адалдық, таза ниеттілік, белсенді өмірлік ұстаным сияқты негізгі қасиеттерге ие болуы шарт. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі әр адам өз жұмысының маңыздылығын сезіне отырып, өз елінің патриоты болуы тиіс», – деп атап өткендей, біз әрқайсымыз осы аталған берік қағиданы ұстанып, еліміздің өркендеуі жолында аянбай қызмет етіп жүрміз. – Еңбек нәтижелігіне қарай жалақы төлеу деген не? Оны қалай түсіндіре аласыз? – Бүгінде мемлекеттік қызметкердің еңбекақысы екі критерийге – еңбек өтілі мен атқаратын лауазым санатына тәуелді. Ал қызметкер орындайтын жұмыстың қиындығы мен тиімділігі ескерілмейді. Сыйақы түріндегі ынталандыратын төлемдер бәріне бірдей төленеді. Бұл жүйе 14 жылдан астам қолданыста болды және еш өзгеріске ұшырамады. Еңбекақыны төлеудің жаңа жүйесінің басты ерекшелігі – мемлекеттік қызметкерге жүктелген міндеттер мен жұмыс нәтижесінің ескерілетіндігінде. Мамандардың айтуынша, жаңа жүйе орталық пен өңірлер арасындағы еңбекақының айырмасын қысқартады. Нәтижесінде, өңірлерде еңбекақы мөлшері едәуір көтеріледі деп болжанып отыр. Еңбекақыны төлеудің жаңа жүйесі бірқатар мемлекеттік органда пилотты режімде іске қосылған. – Қазіргі таңда өңірімізде қанша мемлекеттік қызметші бар? Олардың гендерлік құрамы, орта жасы мен еңбек өтілі қандай? – Облыста барлығы 458 мемлекеттік орган жұмыс істейді. Оның ішінде 329-ы – жергілікті атқарушы органдар. Бұларда барлығы бес мыңннан аса мемлекеттік қызметкер еңбек етеді. «А» корпусы бойынша – 11, «Б» корпусы бойынша – 5068, ал саяси қызметкерлердің саны – 7. Гендерлік құрамына келетін болсақ, жалпы мемлекеттік қызметшілердің 45,5 пайызы, яғни 2194-і – әйел. Бұл көрсеткіш ағымдағы жылдың алғашқы тоқсаны бойынша белгілі болды. Айта кету керек, келісімшарт негізінде жұмыс атқаратын зейнет жасына толғандар да бар. Дегенмен, кадрлардың құрамын жастармен жаңартып отыруға заңнамада қажетті тетіктер қарастырылған. Соңғы мониторингке сәйкес, мемлекеттік қызметтегі зейнеткерлердің үлесі жалпы санның 0,6 пайызын ғана құрайды. жалпы санның 0,6 пайызын ғана құрайды. Ал, 29 жасқа дейінгі жастардың үлесі 22 пайыздан астам. Олар қызметшілердің жалпы санының 0,6 пайызын ғана құрайды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саны – 34, яғни 0,7 пайыз. Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 40 десек, олардың орташа мемлекеттік қызмет өтілі – 10,6 жыл. – Мереке қарсаңында әріптестеріңізге деген қандай тілегіңіз бар? – Жалпы, заманауи мемлекеттік қызметте кадрларға деген кәсіби талаптар басты қағида болуы тиіс. Оның кәсіби сапасы арқылы мемлекеттік органдардың жұмысы бағаланады. Сондықтан әрбір адам мемлекеттік қызметпен тағдырын байланыстыра отырып, халықтың алдындағы жауапты екендігін түсінуі қажет. Себебі, мемлекеттің мәртебесін көтеруге, алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарынан көрінуіне мемлекеттік қызметшінің қосатын үлесі зор. Сондықтан да барша әріптестерімді, мемлекеттік қызметкерлерді мерекемен құттықтай отырып, барынша белсенді, адал, тиянақты жұмыс істеуге шақырамын. – Әңгімеңізге рахмет. Сұхбаттасқан Жанғазы АХМЕТ.

Ұқсас жаңалықтар