Қазақстан бүгінде бұрынғы одақтас республикалар ғана емес, әлемдегі экономикасы дамыған мемлекеттердің қатарына қосылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасының негізгі бағыттары мерзімінен бұрын орындалды. Мемлекетімізде ел игілігі үшін ғаламат жобалар жүзеге асырылуда. Қазақстандықтар еліміздегі осындай жақсылықтар мен игіліктерді Елбасының атымен тығыз байланыстырады. Бұл орынды да. Президент Нұрсұлтан Назарбаев сонау дағдарыс кезінде алыс аралда ескексіз қайықтай қалған мемлекетімізді қуатты елдердің қатарына қосты. Бұрынғы одақтас республикалардың көпшілігі жоспарлы экономиканы қаласа, Нұрсұлтан Назарбаев бірден нарықтық экономиканы таңдады, инвестициялық саясатты жүргізді. Уақыт Елбасының көреген де кемеңгер басшы, сарабдал саясаткер екендігін көрсетті. Елбасының бастамасымен біздің облысымызда да қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан, бүгінде ел игілігіне айналған серпінді жобалар аз емес.
Солардың бірі – Аманкелді газы. Әлбетте, ел экономикасы тұралап тұрған қиын кезде орасан қаржыны қажет ететін мұндай жобаны жүзеге асыру ертегідей көрінетін. «Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің» демекші, Президент бұл істі қолға алуды еліміздегі ең ірі «ҚазТрансГаз» АҚ компаниясына тапсырды. Мемлекет басшысының тікелей ықпалымен алып жоба небәрі үш жылда жүзеге асырылды. Облыс тұрғындары Аманкелді газы іске қосылғалы бері табиғи газдың іркіліспен берілуінен құтылды. Облысымызда Елбасының тікелей ықпалымен сақталып қалған және бүгінде қарыштап дамып келе жатқан аса ірі және әлеуетті компанияның бірі – «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Облысымызға жұмыс сапарымен келген кезде Елбасы «Химпром» кәсіпорнының тоқтап тұрғанын көрді. Облыс басшыларына оның базасында металлургия зауытын құруға ұсыныс жасады. Облыс тұрғындары көп ұзамай бұл алып жобаның да жүзеге асқанына куә болды. Бүгінде Тараз металлургиялық зауытында ферроқорытпа өндірісін кеңейту және модернизациялау жобасы іске асырылуда.
Президент Францияға барған сапарында француздық «Vicat Group» компаниясын елімізге шақырды. Олар Нұрсұлтан Әбішұлының ұсынысын қабыл алып, Мойынқұм ауданының Мыңарал аумағында жылына 1 миллион 200 мың тонна цемент өндіретін зауыт салуға инвестиция құйды. Бүгінде толық қуатында жұмыс істеуге жақындап қалған зауыт өз өнімін ішкі нарықпен қатар экспортқа да шығаруда. Еліміз коммуникация, көлік және инфрақұрылымның қазіргі заманның құралдарын дамыту арқылы ғана батыс пен шығыстың арасын байланыстыра алады. Елбасының бастамасымен ғасырдың алып жобасы – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көліктік дәлізінің құрылысы осы мақсатта қолға алынған болатын. Бүгінде оның құрылысы аяқталуға таяу қалды. Халықаралық стандартқа сай автотрасса облысымыздың аумағында 495,3 шақырымда салынатын болады. Елбасы – ауылдан шыққан азамат. Сондықтан да оның бүйрегі әрқашан да ауылға бұрып тұрады. Оның: «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» дегені қанатты сөзге айналып кеткелі қашан. Бүгінде елімізде, оның ішінде облысымызда ауылшаруашылығы саласын өркендетуге мемлекеттен қыруар қаржы бөлінуде. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Агробизнес – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020», «Ақбұлақ» және «Сыбаға» бағдарламалары ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартып, бәсекеге қабілетті өнім өндіруге игі ықпалын тигізуде. Президент қазақстандықтардың алдына елімізді әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына қосу міндетін қойды. «Индустрияландыру – әрбір қазақстандықтың ісі» деді ол. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік даму бағдарламасы аясында облысымызда жалпы құны 593,4 миллиард теңгені құрайтын 41 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олар толық іске асырылғанда 8 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Қазірге дейін оның ішінен жалпы құны 100,5 миллиард теңгені құрайтын 27 жоба ел игілігіне берілді. Соның нәтижесінде 3964 жаңа жұмыс орны ашылды. Олардың арасында инновациялық өнім шығарып, ішкі нарықпен қатар экспортқа да жөнелтіліп жатқан кәсіпорындар бар. Жамбылдықтар Тараздың 2000 жылдық ұлан-асыр тойы Елбасының қолдауымен өткенін де ешуақытта ұмытпайды. Соның нәтижесінде көне шаһар қайта түлеп, жаңа келбетке ие болды. Елді қуантқан Елбасы шарапаты туралы айта берсе әңгіме көп. Ең бастысы, еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Біз осыған қуанамыз.
Еңлік Мамытова, Жамбыл политехникалық колледжінің оқытушысы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді