«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Біріккен істің берекесі мол

Біріккен істің  берекесі мол
ашық дереккөз
Біріккен істің берекесі мол

Бүгінде елімізде, оның ішінде өңірімізде де ұсақ шаруашылықтардың басын біріктіріп, ірілендіру ісі қарқынды жүзеге асырылу үстінде. Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауылдағы ауыл шаруашылығы кооперациясына кем дегенде 500 мың жеке қосалқы шаруашылық тарту міндетін жүктегені белгілі. Бұл іс қазірдің өзінде өз жемісін беріп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі талай қазақстандықтың екі қолына бір күрек табылды. Жамбылдық шаруалар да саусақ бірікпей, ине ілікпейтінін ұғынып, ұжымдаса тірлік етуге талпынуда. Бір ғана Байзақ ауданының өзінде жеке қосалқы шаруашылықтардың бірігуімен 10 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, бұл күнде олардың жалпы мүшелерінің саны 255-ке жеткен. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Сағынбековтің айтуынша, өткен жылғы индикативті жоспарға сәйкес сүт бағытында 6 кооператив құрылған. Кооператив мүшелері болып табылатын 199 адамның 154-і «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы 646,25 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, 2534 сауынды сиыр, 3 сүт тасымалдау көлігі, 5 сүт сақтайтын танкер және 1 құрама жем дайындайтын құрылғы сатып алған. – Жаңатұрмыс ауылдық округінде орналасқан «Бақытжан-16» ауыл шаруашылығы кооперативінің құрамындағы 42 адамның 36-сы несие ретінде берілген 155,4 миллион теңгеге 800 сауын сиыр, ГАЗ-3302 сүт тасымалдау көлігін, сондай-ақ 1 тонналық танкер сатып алды. Олар бүгінде «Лесняк» жеке кәсіпкерлігіне күн сайын 1,3-1,4 тонна сүт өткізуде. Қостөбе ауылдық округіндегі «Талас-16» кооперативінің 21 мүшесі 109 миллион теңге несиеге 420 сауын сиыр сатып алып, бүгінде «Агали» шаруа қожалығының сүт цехына 1,5 тонна сүт өткізіп жатыр. Бұдан бөлек, өзге де 4 кооперативте – Түймекент ауылдық округіне қарасты «Бірлік-Түймекентте» 405, Ынтымақ ауылдық округіндегі «Ырысты-Мәдімар-2016» кооперативінде 567, Диқан ауылдық округінде орналасқан «Кең Өрісте» 84 және Сарыкемер ауылдық округінде құрылған «Ақ Мол-2017» ауыл шаруашылығы кооперативінде 258 сауын сиыр бар. Былтыр ет бағытында құрылған «Айбек-17» кооперативінің 61 мүшесі 209 миллион теңге несие алып, 1200 бұқа сатып алды. Енді олар 23,4 миллион теңгеге модульді мал сою пунктіне өтінім беріп, күтіп отыр. Ал, керісінше, дәл осы бағыттағы «Береке-17» кооперативінің 20 мүшесі әлі күнге дейін 120 миллион теңге несиеге қол жеткізе алмауда, – деді Б.Сағынбеков. Айта кету керек, ауданда жеке қосалқы шаруашылық негізінде құрылып, дәл қазіргі уақытта жұмыстары тоқтап тұрған бірқатар кооперативтер де бар. Мәселен, ағымдағы жылы 1092,8 миллион теңге көлеміндегі қаражат табылмағандықтан, «Жетібай-Бірлік-2018», «Көкбастау», «Көктал Самалы», «Жаңаталап», «Бақыт-Береке-Бірлік» және «Қоралас» кооперативтерінің жұмыстары тұралап қалған. Есесіне, ауданда жылыжай салып, оны отбасылық бизнеске айналдырғандар да бар. Солардың бірі – Қ.Мәкеновтің отбасы. Қасымхан Қазыханұлы былтырғы қараша айында 3 миллион теңге несиеге қол жеткізгеннен кейін 2008 жылдан бері қолға алған жылыжай шаруашылығының көлемі 5-тен 14 сотыққа кеңейтілгендігін, өнімдері облыс орталығындағы «Ауыл-Береке» базарында сатылып жатқанын жеткізді. «Өткен жылы аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің араласуымен несие алдық. Әуелі, жылыжайда қызанақ, уақыт өте келе қияр егілді. Осы істі бастағаннан бері тамшылатып суару әдісін қолданып келеміз. Бұл үшін мемлекеттен субсидия алған жоқпын. Биыл кәсіпкерлігіміздің желісі едәуір кеңейтілгендіктен, қажетті құжаттарымызды дайындап, жауапты бөлімге тапсырсам, оған да ие болармыз. Қазіргі уақытта жылыжайдан екі күн сайын 500-600 келі өнім жинаудамыз. Жалпы, бүгінгі күнге дейін 6-7 тонна өнім алдық. Әрине, өнімге жақсы күтім жасап, уақтылы тыңайтқышын сіңірсек, бұдан да көп өнім алармыз деген ойдамыз. Өніміміз «Ауыл-Береке» базарында келісі 150 теңгеден көтерме бағамен сатылуда. Осылайша, өз-өзімізді жұмыспен қамтып отырмыз. Енді аудан әкімдігі тарапынан жылыжайға газ орнату жұмыстары жүргізілмек. Ол үшін мұнда барлық жағдай жасалды», – дейді жылыжай иесі. Бүгінде ел мемлекет тарапынан ауыл шаруашылық саласына баса назар аударылып, мол мүмкіндіктер беріліп жатқандығын біртіндеп түсіне де бастады. «Өкімет өлтірмейді» деген қасаң қағидадан арылғандар бұл күні өз кәсіптерінің іргетасын қалауда. Әлбетте, қай кезеңде болсын жұмыла көтерген жүк жеңіл. Бұл тұрғыдан келгенде, байзақтықтардың бәсі биік. Себебі олар біріккен істен береке тауып отыр.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Ұқсас жаңалықтар