Шын мәнінде төрткүл дүние құлақ түрген айтулы оқиға – Астанада өткен ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесін бір көру де бақыт. Талас ауданының бір топ еңбек ардагерлері үшін былтыр аудан әкімдігі тарапынан осындай мүмкіндік жасалды. Тәуелсіздіктің көк туы желбіреген еліміздің өзге мемлекеттердің арасында беделі өсіп, абыройы асқақтап келе жатқандығының нақты айғағындай болған ғасырлық жобалар жәрмеңкесіне әлемнің үздік мемлекеттері белсене қатысып, өз жетістіктері мен озық технологияларын көптеп ұсынғаны белгілі. Еліміздің бас қаласында болуымыз бізді ерекше әсерлерімен баурады. Астананың көрікті жерлерін асықпай аралаудың да сәті түскен. Әзірет Сұлтан мешітінен басталған саяхатымыз Тәуелсіздік алаңында, «Бәйтеректе», орталық алаңда, басқа да көрнекті орындарынан одан әрі жалғасты. Ең бастысы, ЭКСПО қалашығын асықпай аралап, ғалам ғажайыптарының куәгері болдық. ЭКСПО тамашасын ауызбен айтып жеткізу қиын. Оны тек көзбен көру керек. Болашақтың энергиясы аясында жасалған жаңалықтар мен басқа да дүниелер барша келушіні ғажайып әсерлерімен баурап алды. Әсіресе волонтер жастар табанымызды жерге тигізбей, құрақ ұшып қызмет еткенін айтсаңызшы! Астананы да армансыз аралап, барлық көрнекті ғимараттарда болдық. «Нұрлы әлем» павильоны, жалпы ЭКСПО қалашығы менің көңілімнен шықты. Еліміздің болашақтың энергиясы туралы көзқарасы тұтас әлемге ықпал етеді деген ойға келдік. «Жүз естігенше, бір рет көр» демекші, осылай елордаға барып, ел жетістіктеріне көз жеткізіп, бір марқайысқан сәтіміз, сірә, естен кетер ме?! Осы жолы Мәңгілік Ел болуға ұмтылып жатқан ел екендігімізді де шынайы түсінгендей болдық. Бас қаламызда қазірдің өзінде бір миллионнан астам халық тұрады. Ал оның бас қақпасы – «Нұрлы жол» темір жол вокзалы 3-4 миллион келушіге арналып салынған екен. Бұл да елорданың ауқымы бұдан әрі ұлғайып, арта беретінінің белгісіндей. Осылай құрлықтар құлақ түрген айтулы оқиға – ЭКСПО көрмесін аралап көріп, тамашалап, төбеміз көкке жеткендей болып қайтқанбыз. Болашақтың қаласы дегеніміз, міне, осы! Оған дәйім бүйрегіміз бұрумен тұрады. Айтпақшы, биыл Астананың 20 жылдық мерейтойы атап өтілмек. Бұл да үлкен жетістік, айрықша қуанышты оқиға. Алаштың аяулы қаласы, әр кезде жүрегіміздесің сен! Өс, өркенде, гүлдене бер, ару Астана!
Тыныс СЕЙДУАНОВ, еңбек ардагері, Талас ауданының Құрметті азаматы.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді