«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мүгедек деп мүсіркегенше, мүмкіндігіне қарай еңбекке тарт

Мүгедек деп мүсіркегенше, мүмкіндігіне қарай еңбекке тарт
ашық дереккөз
Мүгедек деп мүсіркегенше, мүмкіндігіне қарай еңбекке тарт

2014 жылдың 1 мамырына облыс бойынша 39800 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген

Ешкім мүгедек болайын демейді. Ананың алтын құрсағынан мына жарық дүниеге кемтар болып келіп, өмір бойы мүгедек болып өтетіндер бар, жалындаған жастық шақта атша шауып жүріп, жазатайым мүгедек болып қалатындар да кездеседі. оларға оттан, судан, түрлі төтенше жағдайлардан, жол-көлік оқиғаларынан он екі мүшесінің бірінен айрылып немесе бір мүшесі кем болып қалатындарды қосыңыз. әйтеуір, толып жатқан осындай оқиғалардан жұмыр басты пенде мүгедек болып жатады. Ондай азаматтар адам өміріне бір-ақ рет берілетін мына жарық дүниеде аман қалғанына шүкіршілік етіп, жан жарасын жазуға талпынады, бар күш-жігерін жиып, өмір сүруге құлшынады.

Қай мемлекеттің болмасын басты байлығы–адам. Сол адам қатарында болғандықтан азаматтығына кір келтіргісі келмей, өзі өмір сүріп отырған қоғамға масыл болмай, титтей де болса пайдам тисін дейді. Мемлекет беретін жәрдемақыға қарап қалмай, жас болса ата-анама қаржылай көмектессем дейді, отбасылы болса бала-шағамды ешкімнен кем қылмасам деп жұмысқа талпынады. Өркениетті мемлекеттер мүмкіндігі шектеулі жандарды кеудесінен итермейді, қайта оларға барынша жағдай жасайды. Тірлік істеуге шамасы келетіндерін қатарға тартып, жұмыс тауып береді. Неше түрлі жәрдем көрсетеді. Қазақстан да тәуелсіздігін жарияласымен қолдауға зәру азаматтарын қамқорлыққа алып, көмегін көрсетіп келеді. Тіпті, тәуелсіздіктің елең-алаңындағы нарықтық қатынастың өтпелі кезеңіндегі ауыр жылдарда да оларды жәрдемақыдан қаққан жоқ. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да, туғаннан мүгедек болып қалғандарға да Заң талаптарына орай қамқорлығын жасауда. Мемлекет басшысының биылғы «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «...Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысады. Мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрмыстық қызмет көрсету, тағам өнеркәсібі, ауылшаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істей алады. Мен барлық кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесіңіздер деп тағы да айтқым келеді. Сондай-ақ, 5-10 адамға арналған арнайы квотаны енгізу мүмкіндігін қарастыруға болады. Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады» дей келе, барлық әлеуметтік институттарға, үкіметтік емес ұйымдарға, «Нұр Отан» партиясына осы жұмыстарды қолға алғандары жөн екенін еске салды. Үкіметтен бастап, жергілікті әкімдерге дейінгі барлық мемлекеттік органдардың олармен жұмысын күшейту керек екенін де атап көрсетті. Жолдаудан кейін іле-шала «Нұр Отан» партиясы мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа тұрғызу мен өмір сүрулерін жақсарту мақсатында нақты жұмысты қолға алды. Партияның «Кедергісіз келешек» жобасы қолға алынған алғашқы айдың өзінде еліміз бойынша 500-ден аса мүгедек азамат жұмысқа тұрып үлгерді. Ақпан-сәуір айларында республиканың барлық өңірлерінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырыла бастады. «Нұр Отанның» бастамасымен Тараз қаласында тұңғыш рет өткізілген жәрмеңкеге партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің келіп қатысуы кемтар жандардың мерейін үстем етіп, көңілдерін аспандатып тастады. Осы ауқымды шарада арбаға таңылса да, өмірге және жұмысқа құштар жанарлары жалын атқан жандарды көргенде бұл неткен қайсарлық деп іштей сүйсінгеніміз бар. Тіпті, Анар Бексұлтанова мен Шолпан Сұранбаеваның осы шараға орай ұйымдастырған көрмеде өздері дайындаған көрпе, жастық және «қыз жасауын» көргенде талайлардың таңырқағаны бар. Он екі мүшесі сау адамдардың қолынан мынадай көздің жауын алатын тұрмыстық дүниелерді жасау келе бермейді. Анар екі қолы жоқтығынан тігін машинасының құлағына екі аяғымен отырады. Жастайынан аяқтан қалып, балдаққа сүйенген Шолпан да тағдырдың ісіне мойымай, өзінің екі бөлмелі пәтерінің бір бөлмесін тігін цехына айналдырған. Тараз қаласындағы №1 қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің тұрғындары мен облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығында ем қабылдап жатқан әр топтағы мүгедектердің қолынан шыққан өнер туындылары да жәрмеңкеге келгендердің көз қуанышына айналды. Осындай көздің жауын алатын дүниелерді жасаған адамдарды мүмкіндігі шектеулі деп айтуға аузың бармайды, бір-ақ солай. Сол шараға 30-ға жуық мекеме-кәсіпорын қатысып, 224 жұмыс орнын ұсынды. Нәтижесінде 200-ге жуық азамат жұмыс орындарына жолдама алды. Ауқымды шарада Құрманәлі Баратов басшылық жасайтын «Энерджи Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 15 мүгедек жанды еңбекке тартты. Сонда бірінші топтағы мүгедек Рауан Рауылбековтің жұмыс берушілердің үш пайыздық мүгедектерге арналған жұмыс орны квотасын басшылыққа алуы қажеттігін және әкімдер міндетіне осы талаптардың орындалуын қадағалаудың кіретіндігін айрықша атап көрсеткені бар. Облыста өткен шарадан кейін Мойынқұм, Қордай, Шу және Байзақ аудандарында осындай жәрмеңкелер өтті. Жыл бойы барлығы 22 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді деп көзделуде. Өңірде мүгедек азаматтарды жұмысқа тарту мәселесі мұнымен аяқталған жоқ. Ағымдағы жылдың 19 наурыз күні облыстық әкімдікте өнеркәсіп кәсіпорындары басшыларының қатысуымен өткен мәжілісте бұл мәселе күн тәртібіне де шығарылды. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Елбасы алға қойып отырған мәселенің маңызыдылығын атап көрсете келе, іргелі компаниялар мен кәсіпорын басшыларына осындай азаматтарды жұмысқа тарту қажеттігін жеткізе айтты. Апта сайын селекторлық режімде өтетін облыс әкімі аппаратының кеңестерінің бірінде мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібіне шығарылып, арнайы қаралды. Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» және «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңдарының талаптарына сәйкес, жергілікті атқарушы органдарға жұмыс орындарының жалпы санының үш пайызы мөлшерінде мүгедектер үшін жұмыс орындарына квота белгіленуі тиіс. Тараз қаласы мен аудандарда осы квотаға байланысты тиісті қаулылар қабылданған. Алайда, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековтің жоғарыда сөз болған мәжілісте жасаған хабарына қарағанда Заң талаптары кәсіпорындардың барлығында бірдей орындалып жатқан жоқ. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, жұмыс істеп тұрған мекемелер, кәсіпорындар, серіктестіктер, жалпы шаруашылық жүргізу құқындағы субъектілер бойынша басқарма тарапынан талдау жүргізіліпті. Осы талдаудың нәтижесі көрсеткендей облыс бойынша мүгедектер үшін жұмыс орындарының үш пайызы мөлшерінде квота белгілеу талабын орындауға жататын 832 мекеме бар екен. Оларда 141 263 адам еңбек ететін болса, жоғарыда аталған Заң талаптары бойынша 4237 мүмкіндігі шектеулі азаматқа жұмыс орындары белгіленуі қажет. Мүгедектер үшін осынша орын белгіленді ме, белгіленсе қанша кемтар азамат жұмыс істеп, жалақы алып отыр? Оны анықтау мүмкін емес көрінеді. Сонымен қатар, басқарма тарапынан облыстағы іргелі кәсіпорындардың маңында орналасқан елді мекендерде жұмыс істеуге қабілетті, әртүрлі мамандығы бар 119 мүгедек азамат анықталып, олардың тізімі тиісті кәсіпорындарға жіберілген. Ал, олардың қаншасы жұмысқа тартылғаны тағы белгісіз. Өйткені, мүгедектер үшін жұмыс орындарына квота белгілеу туралы Заң талаптарын жұмыс берушілердің орындауын бақылау мен қадағалауға жұмыспен қамту уәкілетті органдарының құзырының жоқтығынан квота бойынша және әлгі азаматтың қаншасы жұмысқа тартылғанын анықтау мүмкін емес екен. Осы жерде мынадай ой туады, еңбек инспекциясына барлық жұмыс берушілерді квоталық жұмыс орындарын ашу мәселесі бойынша жаппай тексеру құзырын беру және Заң талаптарын орындамаған жағдайда оларға қатысты қолданатын шараларды заңнамалық негізде қайта қарап бекіту қажет. Сондай-ақ, кейбір ірі өндіріс ошақтарында қызметкерлер санының көптігіне және ауыр жұмыс сипатына байланысты үш пайыздық квотаны орындау мүмкіндігі жоқ екенін де ескерген жөн деп ойлаймыз. Осыған байланысты, заңның осы талабын қайта қарап, кәсіпорындардың ерекшеліктеріне қарай сараланған норма белгілеу қажет сияқты. Тағы бір мәселе – жұмыс берушілерді мүгедектерге арналған жұмыс орындарын ашуға мүдделі ету үшін оларға заңнамалық негізде салықтан, мемлекеттік сатып алулардан, тағы басқа да жеңілдіктер беру жағын да қарастырған абзал. Біздің бұл пікіріміз жыл соңына қарай Парламент Мәжілісінде қайта қаралатын «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңына еніп жатса, мүмкіндігі шектеулі болса да қоғамның белсендісіне айналған талай жан жұмысқа тартылар еді. Елбасы Жолдауында: «...Мемлекеттік көмек алушылардың барлығы үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімделуге көмектесетін бағдарламаларға міндетті қатысу туралы ережені енгізу керек» деп атап көрсеткенін еске алатын болсақ, оларды жұмыспен қамтуда аса ауқымды міндет тұрғанын сеземіз. Үкіметтен бастап, әкімдердің, барлық мемлекеттік органдардың алдына нақты міндет қойылды, оны науқандық деп қарамай жүзеге асыра беру қажет деп ойлаймыз. Рас, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев аудандарды аралаған жұмыс сапарларында жергілікті жерлерде мүгедектерді жұмыспен қамтудың жайы, оларға жасалып жатқан көмек пен қолдауда қандай шаралардың атқарылып жатқанына назар аударып келеді. Тараз қалалық мүгедектер қоғамының төрайымы Гүлнар Қожабергенова жыл басында облыс әкімі үш «Газель» шағын автобусын сыйға тартқанын айтқан. Облыстық мүгедек жастар қоғамы қоғамдық бірлестігі, «Шапағат» кооперативтік қоры бар, әйтеуір кемтар жандарға мүмкіндіктерінше демеушілер арқылы көмегін де, қамқорлықтарын да жасап келеді. Ал, Тараз қаласы мен аудан әкімдері маңызды мәселемен қаншалықты айналысып жатыр, бұрнағы жылдарды айтпағанда Елбасының биылғы Жолдауы жарияланғалы бері қанша мүмкіндігі шектеулі азаматтың жұмысқа тұруына ықпал етті? Әкімдердің тікелей араласуымен жұмысқа тұрған азаматтар туралы естімеппіз. «Тиісті қаржысын бөліп отырмыз» деп бар мәселені қалалық немесе аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне сырғыта салуға болмайды. Қанша дегенмен жергілікті билік болған соң, әкімнің айтқаны ықпалды болады. Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан алған мәлімет бойынша 2014 жылдың 1 мамырында облыс бойынша 39800 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелсе, оның ішінде бірінші топта – 3741, екінші топта – 17884, үшінші топта – 13367 адам бар, ал 18 жасқа дейінгі мүгедек балалардың саны – 4808. Осы барлық топтағы мүгедектердің ішіндегі жұмыс жасындағы азаматтардың саны – 26078 адам екен, оның бірінші топтағысы 2308 адам, яғни, 8,8 пайыз, екінші топта – 12 847, бұл – 49,3 пайыз. Ал, үшінші топта жұмыс жасында 10924 азамат бар екен, бұл көрсеткіш 41,9 пайызды құрайды. Осы азаматтардың ішінде жұмыс істеп, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына тиісті қаржы аударып отырған мүгедек жандар бар-жоғы – 3741 екен. Қалған жұмыс жасындағы 22337 адамның ішінде жүйке ауруларымен ауыратын 5685 адамды айтпағанда қалған жұмыс жасындағы мүгедек 16652 адамға жетіп отыр. Оның ішінде үшінші топтағы еңбек етуге қабілеті бар 7755 азамат бар. Осы цифрлардан-ақ жоғарыда сөз болған квотаның орындалмай жатақанын аңғаруға болады. Тараз қаласы мен барлық аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері арқылы осы азаматтардың әрқайсысы бойынша жеке талдау жұмыстары жүргізіліп, нақты жұмысқа орналасуға мұқтаж жандарды жұмысқа орналастыру бойынша тірлік қолға алынып жатса керек. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды «жұмыспен қамту картасы» дайындалып, осыған сәйкес жыл аяғына дейін 600 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланыпты. Цифрларға назар аударсақ, басқарма тарапынан мүгедек жандарға жасалып жатқан қамқорлық көрініп тұр. Бірақ, өмір болған соң, жазатайым оқиғадан кемтар болып қалатын жандардың саны артпаса, азаймайтынын есте ұстаған жөн болар. Сондықтан, бұл жерде бар жұмысты әлеуметтік саламен айналысатын мекемелерге ысыра салуға болмайтынын тағы да еске саламыз. Бүгінде көптеген жеке құрылымдардың асығы алшысынан түсіп, тірлігі «дөңгелеп» тұрса, ол бірінші шағын және орта бизнесті өркендетуге нақты қамқорлығы мен көмегін көрсетіп келе жатқан Мемлекет басшысының арқасы екенін ұмытпаған ләзім. Сондықтан, Елбасы Жолдауында кәсіпкерлерге де сөз арнағанын да еске салдық. Ал, мемлекет өз тарапынан жоғарыда айтқанымыздай мүмкіндігі шектеулі азаматтарының көзін жәудіретіп қойған емес, оны облыста жасалып жатқан мына қомқорлықтан-ақ аңғарамыз. Облыстық қазынадан мүгедектерді кресло-қорап, емдеу-сауықтыру, протез-ортопедиялық, тифло-cурдо құралдарымен қамтамасыз етуге биылдың өзінде 270,1 миллион теңге бөлініпті. Мүгедектерді емдеу-сауықтыру мақсатында облыстық бюджеттен 130,1 миллион теңгеге 1556 азаматты жолдамамен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұдан өзге Тараз қаласы мен аудандық бюджеттерден бөлінген 60,9 миллион теңгеге 3768 мүгедекке әлеуметтік көмек көрсетілген. Облыс бойынша 240 әлеуметтік қызметкер 1161 мүгедек балаға, 154 әлеуметтік қызметкер 975 жалғыз басты қарттар мен мүгедектерге үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсеткен. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен бөлінген 284,1 миллион теңгенің 84,5 миллион теңгесі игерілген. Үкіметтік емес ұйымдар арқылы үйде және жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін 27 миллион теңге қаралған. Облыс орталығы мен Байзақ, Жамбыл аудандарында 240 психоневрологиялық патологиясы бар және өз беттерінше жүре алмайтын үлкенді-кішілі мүгедек жандарға әлеуметтік такси қызметі көрсетіліп келеді. Басқармаға қарасты бес медициналық-әлеуметтік мекемеде 897 адам толықтай мемлекет қамқорлығына алыныпты. Жартылай стационарлық жағдайда 60 орынды мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығында 104 жанға және 40 орындық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығында 45 мүгедек балаға арнаулы әлеуметтік қызмет жасалған. Мүгедектер үшін басты проблема – тұрғын үй-жайларға, түрлі нысандарға кедергісіз кіріп-шығуы. Бұл мәселе бойынша ведомстволық комиссиялар құрылған. Осы комиссияның шешімімен құрылған құрамында жергілікті атқарушы органдарының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар жұмыс топтары 899 нысанға түгендеу жұмыстарын жүргізіп, паспорттары жасалыпты. Бейімделуге тиіс нысандар 2013-2018 жылдарға маңыздылығына қарай бөлініпті. Былтыр жергілікті қазынадан 79,6 миллион теңге бөлініп, жоспардағы 144 нысан толықтай бейімдеуден өтіпті. Ал, биыл 388 нысан бейімдеуден өтеді деп күтілуде. Оған қажетті қаржы да қарастырылған. Осылайша мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша жағдай жасауда. Алайда, жеке құрылымдар туралы бұлай айта алмаймыз. Қазір шағын және орта бизнес нысандары көптеп ашылуда. Ол – жақсы. Жеке құрылым ашып жатқан азаматтар өзінің де жағдайын жасайды, өзгеге де жұмыс тауып беріп, бюджетке салығын төлейді. Бірақ, кемтар азаматтарға келгенде көбінің есіктері ашыла бермейді. Ондай адамдарды жұмысқа тартпақ түгілі нысандарын, мүгедек жандардың еркін кіріп-шығуына бейімдеуге де құлықсыз. Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге де сөзін арнағанын жоғарыда атап өттік. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған, өзгеге де өзегін жұлып беруге дайын халық едік. Осыны ойлағанда кемтар жанның бар тағдырын мемлекетке жүктеп қойғанымыз ақылға сыйымсыз, ағайын. Жоспарланған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін күтпей-ақ, тым болмағанда арнайы мамандығы бар үшінші топтағы мүгедектерді мүмкіндігінше жұмысқа тартуға болады. Бұл–мемлекеттік мекемелерге де қатысты. Сонымен қатар, бір мезгіл мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қалталы бизнесмендер қайырымдық шараларын жасаса оның да сауабы үлкен. Әсіресе, ол отыз күн ораза ішінде жасалып жатса, қанеки...

10Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар