«Бәйге берем жығылған балуанға да, Адалдығы сезіліп тұрар болса...»
- author «Ақ жол»
- 3 шілде, 2014
- 201
Көрермендер көзайымына айналған Дәулетхан Жақыпов темір тұлпарға ие болды
Балуандар және боксшылар мектебімен даңқы аспандаған Жамбыл жерінің спортшылары «Қазақстан барысы» турнирінде үздіктер қатарына ілінбеді. Жартылай финалға дейін жеткен Дәулетхан Жақыповқа сәл ғана сәттілік жетіспеді. Осы жағдай әулиеаталық жанкүйерлердің көңіл-күйін түсіріп жіберген еді. Бірақ, жерлесіміз «Көрермендер көзайымы» аталымы бойынша «темір тұлпарға» ие болғанда көпшілік қайта серпілген. Жұрт әділ шешім, лайықты марапатқа разы болды. Төлеген Айбергеновше айтсақ, «Бәйге берем жығылған балуанға да, адалдығы сезіліп тұрар болса» дейтін, нағыз қазақы мәрттік осы. Жанкүйерлер көңілінен шыққан Жақыповты сейсенбі күні темір жол вокзалынан облыстық олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығының қызметкерлері, жерлестері мен туыстары күтіп алды. Біз де табандылығымен табысқа жеткен Дәулетханмен осы жерде кездесіп, сөзге тарттық. – «Қазақстан барысы» турнирінде тосын жағдайлар көп болды. Балуандар бәсекесінің биылғы ерекшелігі де осы шығар? – Биылғы ерекшелік – жастардың жарқын өнері деп айтар едім. Боз кілемде жас балуандар өздерін жақсы қырынан көрсете алды. Бұрын үлкен жарыстарға шықпаған спортшылар атақты балуандарды жеңіп, жарыс жолынан шығарып жатты. Қазақ күресінің кең өріс алып, дамып келе жатқаны «Қазақстан барысы» турнирінде айқын көрініс тапты. – Турнирде бес балуанмен белдестің, қай қарсыласың қарымды екен? – Алғаш алматылық, одан кейін ақтөбелік балуанмен күрестім. Қай-қайсысы болсын оңай қарсылас емес. Рүстем Жұмаевтың бойы менен ұзын, салмағы жағынан да едәуір басым. Ең қолайсыз қарсыласым осы болды. Тіпті, қолымды жарақаттап алдым. Бірақ, келесі кезеңге өту үшін солтүстікқазақстандық балуанды жеңуім керек болды. Сол үшін соңына дейін шыдап бақтым. Ақыры дегеніме жеттім. – Кейінгі кездесуде осы жарақатың кедергі келтірген жоқ па? – Ептеп кедергі келтірді. Үзіліске шыққанымда жеке бапкерлерім қолымды уқалап, дәрі егіп, көмек көрсеткен. Дегенмен, жарақатымды ойламауға тырыстым. Қателік өзімнен болды. Әдіс жасаймын деп жүріп, киімімді жыртып алдым. Соған төреші ескерту беріп, ұпай айырмашылығымен Асыл Бәрменовке есе жібердім. – Қола белбеу үшін күресте аянып қалмағаныңа жұрт куә. Бірақ, Руслан Әбдіразақ тәжірибелі балуан екендігі белгілі. Қателеспесем, «Қазақстан барысы» турниріне биыл екінші рет қатысып отыр... – Руслан – қазақ күресінен өтетін жарыстарға бұрыннан қатысып жүрген балуан. Тәжірибесі мол. Салмағы мен бойы Рүстем Жұмаевпен қарайлас. Сондықтан онымен күресу қолайсыз болды. Былтыр дүниежүзілік универсиадаға бармағанымда «Қазақстан барысы» турниріне қатысып, осы балуандардың біразымен күресіп, мен де біршама шыңдалып қалар едім. – «Сарыарқа» велотрегіне жиналғандардың көпшілігі сенің жанкүйерің болды. Күресіп жатқанда көпшіліктің қолдап отырғаны сезілді ме? – Әрине, сезілді. Жанкүйерлердің қолдауы маған күш берді. Жас әрі алыптарға қарағанда салмағы жағынан жеңіл балуан болғандықтан демеп, рухтандырғысы келді деп ойлаймын. Жұрттың ықыласы өзіме ауып тұрғанын сезінген соң, солардың сенімдерін ақтауға тырыстым. – «Қазақстан барысы» жобасы басталғалы бері көпшілік арасында «түйе балуандар бәсекесінде басымдық салмағы ауыр балуанда болады» деген пікір қалыптасып үлгерді. Биылғы додада жастар бұл ұғымды жоққа шығарғандай... – Иә, қазақ күресінде салмақ «басты рөлге» ие. Келесі жылғы турнирге дейін біраз салмақ қосып көрсем бе деген ойдамын. Бірақ, «Күш атасын танымас» деген сөз бар ғой. Биылғы алыптар аламанында маңғыстаулық Мейрамбек Жаңабай секілді жастар осы бір аталы сөздің бекер айтылмағанын дәлелдеді. – «Келесі жылға дейін салмақ қосатын шығармын» деп қалдың. «Қазақстан барысы» турниріне тағы да қатысасың ба? – Келесі жылы осы турнирде кемінде қола белбеудің иесі атануға тырысамын. Алдыма осындай мақсат қойып отырмын. Жалпы, қазақ күресінен мұндай үлкен жарысқа бірінші рет қатысып отырмын. Алдағы уақытта түрлі деңгейдегі додаларда бақ сынап, шеберлігімді шыңдасам деп жүрмін. – «Көрермен көзайымы» аталымының сыйлығы саған бұйырды. Осындай марапатқа ие боламын деп ойладың ба? – Шынымды айтсам, бұл өзі күтпеген тосын сый болды. Сол сәтте қола жүлдені уысымнан шығарып алғанымды ғана ойлап тұрғанмын. Тілші түйіні: Негізі Дәулетхан «арық сөйлеп семіз шығатын» жігіттердің сапынан. Таластың тастүлегімен «Қазақстан барысы» турнирінің облыстық іріктеу турында екінші орынды иеленіп, финалдық кезеңге жолдама алғанында да сөйлескенбіз. Сонда ол қолдан келгенін аянып қалмайтынын айтқан. Әйтеуір, бір межеден көрінемін деп айтар ма екен деп суыртпақтағанмен, жүлде жайын ауызға да алмады. Осы жолы да арыға бармады. Тек, қол созым жерге жақын келіп, уысынан шығып кеткен қола жүлдені алуды мақсат тұтып отыр.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ерлік жолын жеңіспен ұштастырған өрендерӨрнек
- 23 желтоқсан, 2024
Бірқатар нысандар ел игілігіне берілді
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді