Трансферлік маусымда «Тараз» командасының сапында ғана емес, клуб құрамында да өзгерістер орын алуда. Алдымен, клубтың вице-президенті ауысты. Одан кейін ішкі біріншілікте қалыптасқан жағдайды түзей алмаған соң голландиялық бапкер Арно Пайперспен келісімшартты бұзуға тура келгені белгілі. Өңір футболын өрге сүйрейді деген үмітпен Украинадан жерлесіміз Яровенконы шақырттық. Бірақ, бұл қадамдардың барлығы өз нәтижесін бере қойған жоқ. Міне, енді клубқа жаңа басшы тағайындалып отыр. Тараз қаласындағы «Жастар» стадионының оқу-жаттығу базасында өткен жиында клуб президентін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков таныстырды. Ауыс-түйістің түпкі себебі біреу. «Тараз» командасының төменгі топқа түсіп қалуына жол бермеу. Осы тұрғыдан алғанда «Тараз» клубының тізгінін қолына алған Махамбет Дүйсембаев ішкі ахуалдың өзгеруіне едәуір ықпал етеді деген сенімдеміз. Себебі, жаңа президент үшін бұл саланың жұмысы таңсық емес. Еңбек жолын 1981 жылы Жамбыл қаласындағы «Спартак» ерікті спорт қоғамының балалар мен жастар спорт мектебінің жаттықтырушысы болып бастаған маманның тәжірибесі мол. Бірқатар мемлекеттік қызметтерді атқарумен қатар 2003-2006 жылдары салаға басшылық жасаған Махамбет Ахметұлы жыл басынан бүгінгі күнге дейін «Лашын» футбол клубын басқарып келді. «Клубтың алдына қойылған мақсаты айқын. Неғұрлым көрсеткішті жақсарту керек. Жұмыла жұмыс істесек, көздегенімізге жетеміз деп ойлаймын», – деді Махамбет Дүйсембаев. Жиында жаңа президенттің жұмысына облыстық футбол федерациясының президенті Әлімбек Жұмабаев пен бас бапкер Евгений Яровенко сәттілік тіледі.
Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ерлік жолын жеңіспен ұштастырған өрендерӨрнек
- 23 желтоқсан, 2024
Бірқатар нысандар ел игілігіне берілді
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді