Күн күйіп тұр деп көлеңке сағалайтын кез емес

Күн күйіп тұр деп көлеңке сағалайтын кез емес
ашық дереккөз
Күн күйіп тұр деп көлеңке сағалайтын кез емес

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев тиісті мекеме басшылары мен аудан әкімдеріне жемшөп дайындау,  егін орағына дайындалу, өрт қауіпсіздігін қатаң сақтап, суды үнемдеуді міндеттеді.

Жаздың алғашқы айы аяқталды. Бұл мезгіл шаруалар үшін қауырт шақ. Қыстың қамын жаз ойлап, жемшөптің мол қорын жасайтын шақ. Одан ары егін орағы басталады. Шіліңгір шілде түсісімен күн ысып сала берді. Облыстың кей өңірлерінде күннің ыстығы 40 градустан асып кетті. Аспан айналып, жерге түсердей ыстық болып тұрса да шаруа баққан ел жан тыныштығын ойлап, алаңсыз отыра алмайды.

Оған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімі аппаратының апталық дәстүрлі селекторлық режімдегі кеңесінде тағы бір көз жеткізгендей болдық. Мал азығын дайындау және егін орағына дайындық барысы туралы хабарлама жасаған облыстық әкімдіктің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиевтің мәлімдеуіне қарағанда биылғы көктемнің жауынсыз және суық болуына байланысты, шабындықтағы шөптің шығымы төмен көрінеді. Дегенмен, облыс әкімінің берген тапсырмасына орай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудандық әкімдіктер мал қыстауларын жемшөппен жеткілікті қамтамасыз етілуін қатаң бақылауға алыпты. Ауа райының қуаңшылығы тұрғындарға жергілікті ақпарат құралдары арқылы хабарланып, өзен-көлдердің жағалаулары мен сағаларын, арықтар мен тоғандардың жиектерінен құрақ шөп дайындау жан-жақты түсіндірілген. Алдағы қысқа түсетін малға қажетті сабақты мал азығы 1159,2 мың тонна, оның ішінде 1021,7 мың тонна пішен (табиғи, көпжылдық және бір жылдық шөпті қоса есептегенде) 27,9 мың тонна пішендеме, 66,9 мың тонна сүрлем және 109,4 мың тонна сабан дайындау жоспарланған. Сонымен қатар, 364,9 мың тонна құнарлы жемшөп дайындау қажет. Облыс бойынша 26 маусымға 328,1 мың тонна пішен дайындалып, тапсырманың орындалуы 32,1 пайызды құраған. 5,6 мың тонна пішендеме дайындалған. Бұл 20 пайызды құрайды. Одан әрі басқарма басшысы қай ауданның қанша мал азығын дайындағанын нақты цифрлар келтіре баяндап, егін орағына дайындық барысы туралы әңгімеледі. 2014 жылдың өнімі үшін ауылшаруашылық дақылдары 566,8 мың гектарға орналастырылып, өткен жылғыға қарағанда 29 мың гектарға ұлғайған. Өңірде 237,6 мың гектар масақты дәнді-дақылдар егін орағына түседі деп жоспарлануда. Хабарламашы жауапты науқанды ұйымшылдықпен атқару үшін техниканың, жанар-жағармай қоры мен астық қабылдау орындарының дайындығына да назар аударды. Кәрім Нәсбекұлы күннің аса ыстық болып тұрғанын сөз ете келе, Шу ауданында температура – 43, Мойынқұм ауданында 40 градустан асқанын еске салды. Тараз қаласында да күн күйіп тұр. Ауа райының мұндай кезінде егінге су ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті. Облыс аумағынан өтетін өзендердегі және су қоймаларының жағдайы туралы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалының директоры Өмірбек Жампозов пен «Шу-Талас» су инспекциясының басшысы Жұмабек Мұхатовтың хабарларына қарағанда жылдағыдай емес, биыл су аз. Облыстағы су шаруашылығының басшылары Шу, Талас және Аса өзендеріндегі, су қоймаларындағы судың мөлшерін айтып берді. Жуалы ауданының аумағындағы «Көксай» каналынан келіп жатқан су мөлшері де мәз емес. Әйтеуір, бар суды тиісті мекеме басшылары мен аудан әкімдері тиімді пайдаланып жатқандарын жеткізді. Облыс әкімі малдың және әр түк шөптің бағасы қалай болып жатқанына дейін назар аударды. А.Нұралиевтің берген мәліметіне қарағанда бір түк шөптің бағасы 350 теңге. Ал, ірі қара және жылқы бағасы бұрынғы қалпында көрінеді. Облыс әкімі қолда бар малдан айырылып қалмауды басқарма басшысы мен аудан әкімдеріне нықтап тапсырды. Күн күйіп тұрғанда өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауды, аз суды үнемді пайдалануды тиісті құрылым жетекшілері мен әкімдерге мықтап жүктеді. Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Болат Әмірғалиев «Жасыл даму» бағдарламасының 2013 жылғы және 2014 жылдың 6 айында орындалу барысы туралы» хабарлама жасады. -Жамбыл облысының мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 4 миллион 434 мың 201 гектар. Оның орманды жерлері 2 миллион 224 мың 543 гектар. «Жасыл даму» салалық бағдарламасы аясында 2010-2013 жылдары облыста барлығы 27150 гектар орман алқаптары орналастырылды. Оның ішінде 4120 гектары көшеттер арқылы егілсе, 23030 гектары тұқымдары арқылы себілді. Осы жұмыстарға облыстық бюджеттен 146 миллион теңге бөлінді. Отырғызылған екпелердің орташа шығымдылығы 67 пайызды құрады. 2014 жылы ерте көктемде 1400 гектар алқапқа шөлге төзімді сексеуіл, жүзген, қарағаш көшеттері отырғызылса, күз мезгілінде 5100 гектар алқапқа сексеуіл тұқымын жинап себу көзделуде, бөлінген қаржы 49,9 миллион теңге,-деді басқарма басшысы. Басқарма тарапынан бұдан да бөлек атқарылып жатқан шараларды слайд арқылы кеңінен әңгімелеген ол бірқатар проблемаларды да алға тартты. Облыстағы орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінің орман қоры аумағында орман орналастыру жобасы бойынша 103 орманшы үйі (кардон) болуы тиіс, ал қазір бары 58-ақ үй екен. Осы кардон үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 75 миллион теңге қажет көрінеді. Жуалы және Қордай аудандарында мекеме ғимараттары жоқ екен. Тағы бір мәселе –мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің айлық-жалақылары Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарымен салыстырғанда 1,5-2 есеге дейін аз. Соның салдарынан мекемелерде орта буын қызметкерлер тұрақтамайды дейді. Облыс әкімі осыдан екі апта бұрын орман шаруашылығы мекемелерінің басшыларының қатысуымен жиын өткенін, онда көтерілген мәселелерді еске сала келе, бірқатар аудандардағы мекеме басшыларының атына сын айтты. Басқарма басшысына жұмысына немқұрайлы қарайтын басшыларды орнынан босатуды тапсырды. Сонымен қатар, мия тамырын жинаушылар жерді шұрқ тесік қылып жатқанын да атап көрсетті. Кеңесте басқа да мәселелер күн тәртібіне шығарылып, қаралды. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев аппарат кеңесінің жұмысын қорытындылай келе, күн тәртібіне шығарылған және облыстың тыныс-тіршілігіне қатысты мәселелер бойынша басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар