Кеше Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінде Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік және мемлекеттік емес жоғары оқу орындарын жаңғырту мәселелері бойынша өңірлік комиссияның, Білім және ғылым министрлігінің, жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен оқу орны ұжымы және студенттерімен кездесу өтті. Жиын барысында үстіміздегі жылдың бірінші шілдесінен бастап ЖГТУ-дың білім беру қызметін жүргізу құқығына берілген лицензиясы заңдық күшін жоятыны туралы айтылды.
Өйткені, Тараз қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот алқасы 2014 жылғы 28 сәуірде №3-1895-14 ісі бойынша аталмыш университеттің білім беру қызметін жүргізу құқығына берілген мемлекеттік лицензиясынан айыру туралы шешім шығарған болатын. Бұл шешімді облыстық сот үстіміздегі жылдың тоғызыншы маусымдағы №3A-127/2014 қаулысымен өз күшінде қалдырған. Осы сот шешімінің негізінде Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ЖГТУ-дың білім беру қызметін жүргізу құқығына берілген мемлекеттік лицензиясының қолданысын тоқтату туралы 2014 жылғы 18 маусымда №1029 бұйрығын шығарды. Бұйрыққа сәйкес жоғары оқу орнының білім беру қызметін жүргізу құқығына берілген мемлекеттік лицензиясының қолданысы осы жылдың 1-ші шілдесінен бастап тоқтатылады. Осыған байланысты ЖГТУ ректоры Ж.Қошқаров 2014 жылғы 10 шілдеге дейін білім беру қызметін жүргізу құқығына берілген мемлекеттік лицензияны уәкілетті органға қайтаруы тиіс. Осы мәселеге орай кеше облыстық баспасөз орталығында БАҚ өкілдерінің қатысуымен мәжіліс өтті. Оған Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрайымы З.Оразалиева, облыс әкімінің орынбасары Е.Манжуов және Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік және мемлекеттік емес жоғары оқу орындарын жаңғырту мәселелері бойынша республикалық комиссияның мүшесі М.Сарыбеков қатысты.
– Жамбыл гуманитарлық-техникалық университеті өткен жылдың 15-25 желтоқсан аралығында алғашқы аттестациялаудан өткен болатын. Ол сынақ барлығы 28 мамандық бойынша жүргізілген еді. Соның ішінде 16 мамандық бойынша студенттер тестілеуден өте алмай, төмен көрсеткіштер көрсетті. Осыдан кейін университеттің білім беру қызметін жүргізу құқығына берілген мемлекеттік лицензиясының қолданысы заңда белгіленген стандартқа сәйкес екі ай мерзімге уақытша тоқтатылған болатын. Наурыз айында университет аттестациядан тағы өтті. Өкінішке қарай, бұл жолы да студенттердің білім көрсеткіштері төмен болды. Осыдан кейін комитет өз тарапынан соттың көмегіне жүгініп, оның шешімімен оқу орны бүгінде білім беру қызметін жүргізу лицензиясынан айырылды,-деп сабақтады сөзін Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрайымы Зәбира Оразалиева. Келесі кезекте сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов: «Жалпы оқу орнының жабылуына байланысты екі мәселе туындауда. Ол студенттерге және сол университетте еңбек ететін 500 қызметкерге қатысты. Осы орайда, университет студенттері оқусыз қалмайды. Тараз қаласындағы өзге жоғары оқу орындарының қабырғасында білімін жалғастыратын болады. Сол секілді оқу орнының қызметкерлерінің де басқа жұмысқа орналасуы үшін жергілікті атқарушы органның ұйытқы болуымен кешенді шаралар жүргізіледі. Бұл бағытта туындайтын қиындықтардың барлығы назардан түспейді» деді. Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік және мемлекеттік емес жоғары оқу орындарын жаңғырту мәселелері бойынша республикалық комиссияның мүшесі Махметғали Сарыбеков бүгінде негізгі мәселенің ұшы білім сапасына қатысты туындап отырғанын алға тартты. Сондықтан жоғары оқу орындары санға емес, сапаға жұмыс істеуі тиіс. Осы орайда, Махметғали Нұрғалиұлы: «Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінде жалпы күндізгі және сырттай бөлімде барлығы 3610 студент бар. Оқу орнының жабылуы олардың конституциялық құқын шектемейді. Білім алушылар оқуын жалғастыру үшін басқа білім ордаларына ауыстырылады. Онда оқу ақысы алдында қандай бағада болса, сол қалпында сақталады. Өз тәжірибемде байқағандай, жекеменшік оқу орындарына ҰБТ немесе кешенді тестілеудің қорытындысынсыз студенттер қабылданып кетеді. Егер ЖГТУ студенттерінің арасында құжаттары осы жағынан шикі студенттер болса, қанша жерден біздің оқу орнын қалап тұрса да оларды қабылдай алмаймыз. Ал, профессорлық-оқытушылық құрамға келсек, олар өз ғылыми дәрежесіне сай түрлі санаттар бойынша конкурстық негізде жұмысқа қабылданады» деп атап көрсетті.
Фариза ӘБДІКЕРІМОВА,
«Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Аймақта әк шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде
- 26 желтоқсан, 2024
Аға буынның айтары көп
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді