"Тауарлы несиенің" шығыс қазақстандық үлгісі. Оны жамбылдықтарға неге қолданбасқа?

"Тауарлы несиенің" шығыс қазақстандық үлгісі. Оны жамбылдықтарға неге қолданбасқа?
ашық дереккөз
"Тауарлы несиенің" шығыс қазақстандық үлгісі. Оны жамбылдықтарға неге қолданбасқа?

«Сыбағадан» құр қалмаса да...

7Талас ауданының атақ-даңқы кезінде мал шаруашылығымен шыққан. Ұлы Отан соғысынан кейінгі «қайта өрлеу жылдары» деп аталатын тұста (1946-1950 жылдар) таластықтар мал басын өсіріп, өнімін өндіруде ерен еңбектің, қайтпас қажырлылықтың үлгісін көрсетіп, қорытындысында, нәйеті екі жыл ішінде (1948-1949 жылдар) 54 еңбеккер Социалистік Еңбек Ері атағын иеленді. Өлкенің өрендері туралы Мәскеуден шығатын «Правда», «Известия» деп аталатын газеттерге Чернов, Кузнецов сияқты атақты журналистер көлдей-көлдей очерктер жазды. Дала қаһармандары мал басын құр өсіріп қана қойған жоқ, 150 мың қой-ешкі мен 15 мың бас ірі қараны жау қолынан азат болған елдерге жөнелтіп, бауырмалдықтығын тағы танытты. Арысын айтпағанда, «1964 жылы Талас, Сарысу аудандары бірігіп тұрғанда, қой-ешкінің ұзын саны 864 мың басқа жетті», – деп еді сол жылдары ауданды басқарған партия комитетінің бірінші хатшысы Әбдіқадыр Жүргенов. Кейін аудан екіге бөлінді. «1986 жылы Талас ауданы республика бойынша Оңтүстік 6

Қазақстан облысындағы Созақ ауданынан кейін екінші орынға шығып, тек қой басы 500 мың бастан асып түсті» – деп еске алады 1978-1987 жылдары аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Рахыжан Ерсейітов. «Талас» асыл тұқымды мал зауытының көк түсті елтірісінен кеңес әскерінің жоғары шенді офицерлері бас киім (папаха), италиялықтар сырт киімнің неше түрін тікті. Әсіресе, алтын сияқты сұр түсті елтірілер Англияның халықаралық көрмесінде үлкен сұранысқа ие болып, «қаракөлдің отаны» саналатын африкалықтармен бәсекелесті. 8

Мұның барлығын тәптіштеп, тізіп жазып отырғанымыз, қой шаруашылығының табысты сала екендігін еске салу ғана. Сөйткен, таластықтар бүгінде сол биігіне жете алмай, қой шаруашылығын құлдыратып алғанын несіне жасырамыз. Аудандық статистиканың берген мәліметіне қарағанда, қой – ешкі саны 400 мыңға жетті дегенімен, оның тиімділігі әзірге сезілер емес. Мүйізді ірі қара мен жылқы, түйе өсіруде де ілгерілеушіліктер бар. Бірақ қолда бар малды базарға шығарып, пұлдағаны болмаса, көбінің ұқсатып жүргені шамалы. Сонымен, бір кездері мал өсіріп, тіпті қиын-қыстау жылдардың өзінде май, сүт зауыттарын ашып, мал бордақылап, шұжық өндіретін Талас ауданында бұл саланың бүгінгі жәй-күйі қандай? Осы жайлы Талас аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы М. Құдайбергенов былай дейді: – Елбасы халыққа арнаған Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің дәстүрлі саламыз екенін атап көрсетіп, инновациялық бағытқа түсірудің жолдарын белгілеп берді. Фермерлер алдында кездейсоқ жетістіктерді малданып қана қоймай, жаһандық ауылшаруашылығы өндірісінде оның өнімін арттыру, ол үшін жаңа технологияларды кеңінен қолдану міндеттерін алға қойды. Ауданның аграрлық секторында мал шаруашылығы негізгі сала саналады. Елдің әл-ауқатын жақсартып, оларды ет, сүт және басқа да азықпен қамтамасыз ету осы салаға тікелей байланысты екені белгілі. Осыған орай, мемлекет тарапынан жыл сайын бөлініп, қаржылай көмек жасау мал шаруашылығының, оның ішінде асыл тұқымды мал өсіруші шаруашылық субъектілерінің тұрақтануына, түлік санының өсуіне, өндірілетін өнім көлемінің ұлғайып, сапасының артуына ықпалын тигізіп отыр. Ауданда 9 асыл тұқымды мал шаруашылығы бар, оның ішінде 1 шаруашылық мүйізді ірі қара, қазақтың ақбас сиырын өсіруімен айналысса, 1 шаруашылық жылқы малымен, 7 шаруашылық қой өсірумен айналысып келеді. Жалпы, аудандағы мал басына шаққанда: асыл тұқымды қой – 17,7, жылқы – 1,8, мүйізді ірі қара 1,7 пайызды құрайды. Осы көрсеткіш әлі де асыл тұқымды мал басының төмен екенін аңғартады. Үкімет жеңілдікпен несие беріп, біраз шаруаның жұмысын ілгері жылжытты. «Сыбаға» бағдарламасының шапағатын 21 шаруа қожалығы көріп отыр, 199 миллион 715 теңгеге 1034 бас сиыр сатып алып, өсіруде. Шаруашылықтар малды асылдандыру үшін 72 бас асыл тұқымды бұқалармен қамтамасыз етілген. Бірақ кепілдікке қоятын бағалы мүлкі жоқ қарапайым халық күні бүгінге дейін мемлекет тарапынан бөлініп жатқан сан түрлі несиеге қолы жетпей қиналуда. Сондықтан болар, олардың шаруасы алға баяу жылжуда. «Сыбаға» бағдарламасымен сиыр алып жатқандар да тұрмысы о бастан түзу шаруалар. Үстіміздегі жылдан бастап қой шаруашылығындағы тұқым асылдандыру жұмыстарын ынталандыру үшін асыл тұқымды әрбір аналық мал басына 1500 теңге субсидия беріле бастады. Бұл субсидия – асыл тұқымды тауарлық отарларды қалыптастыру мен олардағы мал басын көбейтуді мақсат етуден туған шара, таяу жылдардың ішінде оны 2 мың теңгеге көтеру қарастырылуда, 18 айлыққа дейінгі асыл тұқымды тұсақтарды сатып алған шаруашылықтарға әрбір басына төленетін субвенция 8 мың теңге. Әрине, мұны қой шаруашылығын нақты түрдегі мемлекеттік қолдаудың басталғандығы деп түсінгеніміз жөн. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту­мен қатар, асыл тұқымды малмен шағылыстыру арқылы жергілікті табиғи ортаға бейімделген әрі жоғары өнімді будандардың санын көбейту – өте-мөте маңызды екендігі белгілі. Қазақтың қылшық жүнді құйрықты және «еділбай» тұқымды қойлардың генефондын сақтап қалу бағытында «Ахай», «Шалқар», «Айдос-Жандос», «Төлебаев» шаруашылықтарында ғылыми селекциялық жұмыстар атқарылуда. Келешекте бұл шаруашылықтарда ғылыми жұмыстар аталған мал тұқымының санын көбейтумен қатар, еттің және жүннің түсімділігін арттыруға бағытталмақ. Қой шаруашылығы саласының өркендеуіне мемлекет тарапынан зор көңіл бөлініп, үлкен қолдаулар жасалуда. 2013 жылдан бастап шаруа қожалықтарында «Мал тұқымын түрлендіру» бағдарламасы аясында жүргізілген селекциялық асылдандыру бойынша 600 бас аналық саулық, 20 бас асыл тұқымды қошқары болса, әр аналық басқа 1500 теңгеден субвенция төлене бастады. Ол – асыл тұқымды тауарлық отарларды қалыптастыру мен олардағы мал басын көбейтуді мақсат етуден туған шара. Ет өндіру бағыты бойынша соңғы жылдары ілгері басушылық бар. Айталық, ауданда етті өндіру үшін қазақтың ақбас асыл тұқымды мүйізді ірі малынан, «еділбай», қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойларынан, түйенің бір өркешті және айыр өркешті асыл тұқымды түрлерін өсірумен шұғылдану тиімді болып табылады. Бұл мал өз аяғымен еркін жайылып, шығынды көп қажет етпейді. Соңғы жылдары бұзылып кеткен мал бордақылау кешендері қайтадан қалпына келтірілсе, тауар өндірушілерді, қайта өндеу кәсіпорындарын және өнімдерді өткеру-сату нысандарын біріктіріп, нарықтық экономиканың талаптарына сай орта және ірі шаруашылықтар, кооперативтер құрылса деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда, шаруа қожалықтарының барлығы бірдей «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие алуға қол жеткізе алмай жүр. Себебі, кепілге қоятын мүлкі жарамайды. Банктердің талабы қатаң. Қой өсіріп, оның өнімдерін өңдеп, пұлдауға әлі де болса мүмкіншілік аз.

Таластық тауарлы несие жүйелі бағдарламаға жалғасса

М. Құдайбергенов майда шаруа қожалықтар іріленіп, біріксе, мемлекет тарапынан несие алуға жол ашылар еді дегенді де айтады. Бірақ, оған шаруалар құлықты емес. Бір замандарда тек қой басын 70-80 мың басқа дейін жеткізіп, атақ-даңқы алысқа кеткен «Ә.Сағынтаев атындағы» ЖШС-ның бүгінгі жай-күйі де көңіл көншітпейді. – Биылғы төлімен қоса есептегенде бар қой-ешкіміздің ұзын саны 6200 бас, оның ішінде саулық саны – 2700, – дейді серіктестік директоры Аманбай Қошанбеков, – ол небәрі 12 отарға топтастырылған. Әр қой басына 100 теңгеден төлегенде бір отар саулық иесі 50-60 мың теңге айлық алады. Әрине, анау айтқандай көп ақша емес. Кеңес өкіметі кезіндегідей мемлекет тарапынан субсидия беріле бермейді. Өткен жылы жолын тауып 3 миллион теңге субсидия алып, біраз қарыз-құрызымыздан құтылдық. Директор мал басының аздығынан шаруаның жайын таба алмай отырғанын да жасырмады. Қысқа жіп күрмеуге, тауары айналымға келер емес. Азын-аулақ малды сатып, елдің еңбекақысын төлеп, одан қалса салықты жауып тастаудан басқаға шамалары да келмейді. Оның үстіне қаракөл қойының бағасы төмен. Жүні, елтірісі өте бермейді. Жайылымдықтардағы су көздерінің тапшылығынан бар өрісті ұтымды пайдалана да алмайды екен. – Ілгерідегі Ақсайдағы «Бурабай» терең құбырлы су құдығы 20-30 отар малды суғаруға жарайтын, қазір ол істен шыққан. Амал жоқ, Аса өзені бойын сағалаймыз, – дейді шаруашылық басшысы. – Оның да суы бірде бар, бірде жоқ. Құдық қаздыруға қауқарымыз шамалы. Аса маңы «Ақкөл» орман шаруашылығы мекемесіне қарайтындықтан жаз бойы пайдаланғанымыз үшін 250 мың, ал құмдағы Арна бойын қыстағанымыз үшін 1 миллион теңге тағы төлеуіміз керек. Осындайда шіркін түйе, жылқы өсірсек, сатсақ, бір басының өзі 500-700 мыңға бағаланар еді әрі қымыранын, қымызын, етін пайдалансақ деп армандаймыз. Оған қоса техника да тозған. Биыл қырға раң оты қалың, бітік өсті. Орақ сала алмадық. Айтып отырса бәрі орынды. Бірдеңе бола ма деп Сарысу ауданындағы Түркістан ауылы маңындағы жонға 150 гектар алқапқа мақсары мен күздік егіпті. Қиындықтан шығар жол бар ма? Оның айтуынша, ауданда әр ауылда тірек шаруашылығы ретінде ірі-ірі фермерлер, серіктестіктер, кооперативтер құрып, асыл тұқымды қой өсіруге мықтап кірісу үшін мемлекеттің нақты қаржылай көмегі керек. Онсыз ет, сүт өндіруді қарқынды дамытуға мүмкіндік жоқтың қасы. Осындайда баяғы 1999-2005 жылдардағы «Таластың тауарлы» несиесі еске түседі. Ол кездері Талас ауданының әкімі Батырбек Құлекеев қауқары жоқ серіктестіктер­дің (атап айтқанда «Талас», «Көктал») салыққа қарызын жергілікті «өкіметтің» мойнына алып, олардағы тоқты-торымды шаруаларға өсімсіз үш жылға дейінгі несиеге базар құнынан төмен бағаға сатқызып, үлкен ерлік жасаған. Соның арқасында үш жыл ішінде біраз жұрт қой-ешкілі ғана емес, түйелі, жылқылы, сиырлы болып, шаруаларын түзеген-ді. Сондай бір көмек аудан тарапынан болса деген сауал бүгін де көптің көкейінде жүр. Осы мәселе төңірегінде әңгіме еткенімізде М. Құдайбергенов құлаққа қонымды бір уәжді айтқан-ды: – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың басшылығымен қолға алынған «Жайлау» бағдарламасы бойынша 2012 жылдан қой өсіруге талпыныс жасаушыларға қаржы бөлініп, берілуде. Ол бағдарлама былайша жүзеге асырылады, алдымен, оған қатысушы ауыл тұрғындары анықталады. Олардың әрқайсысына арнайы келісімшартпен 100 бас ұсақ мал беріледі. Мал алушының міндеті 5 жылда осы малды көбейтіп, оның 200 басын қайтадан мемлекетке қайтарып беру. Мал алушы тиянақты жұмыс істеген жағдайда, оның өз қолында кемінде 300 бас қалуы тиіс. Сөйтіп, ол бақуатты шаруаға айналады. Бұл – «таластық тауарлы» несиенің бір түрі екендігі даусыз. 2012 жылы бағдарламаға облыстық бюджеттен – 200, өткен жылы 327,8 миллион қаржы бөлініпті. Елді малды етудің бір жолы екендігі айтпаса да түсінікті. 2014 жылдан бастап, жайлаудағы жайылымдықтарда құдық қазушыларға оның құнының 80 пайызы көлемінде инвестициялық субсидиялар беріледі. Яғни, жайлауда мал жайып, одан мал суаратын құдық қажет етушілер бұл іске кірісе алады. Биылғы жылдан бастап фермерлерді материалдық-техникалық тұрғыдан қайта жарақтандыру үшін сатып алынатын трактордың, шөп шабатын машинаның, тайлау машинасының және басқа да қажетті техника құнының 50 пайызы көлемінде инвестициялық субвенция берілетінін де айтқанымыз жөн. Егер өңірімізде осындай бағдарлама қабылданып әрі Үкіметтің қолдауын ауыл халқы тиімді пайдалана білсе, онда, жұмыссыздық азайып, елдің барлығы кәсіпке мойын бұрар еді. Әрі мал өнімдерін өңдейтін шағын цех, зауыттар соғуға да болатын сияқты. – Біздің облыста ауыл шаруашылығы қызме­тін үйлестіретін маркетингтік жұмысты жолға қою керек, – дейді «Ә. Сағынтаев атындағы» ЖШС-ның директоры Аманбай Қошанбеков, – мысалы, елтірінің бағасы қанша тұратынын біле алмаймыз. Делдалдар 1000-1100 теңгеден бағалап, қолма-қол ақшасын төлеп әкетеді. Соған қарағанда оның нақты бағасы одан 2-3 есе жоғары болуы да мүмкін ғой. Қазіргі таңда ешкінің жүні өтімді болып тұр. Түбітімен қоса жүнінің килосын 1000-1500 теңге төлеп әкететіндер бар көрінеді. Мамандар жайбарақат жүре берсе, онда бұл саланы кенжелетіп алудан бұрын, құрдымға жіберуіміз әбден мүмкін. Өйткені, «мал – бір жұттық» деп ата-бабамыз тегін айтқан жоқ қой. Әлсіз, жем-шөбі жеткіліксіз, суы тапшы, шаруагерлер қазірдің өзінде қойшы таппай малдарының бастарын кемітуге көшкен. Қашан да біріккен ұжым ұтады. Бірлесе еңбек еткен ғана мемлекет көмегіне арқа сүйейді. Малдың барлығынан ажырап, урбанизация деп қалаға ағылу, ол қазақ даласына келмейді, ол жері жоқ, халқы әр алуан Еуропаға тән нәрсе екендігін ұмытпайық. Кең даланың көркі мал емес пе еді?

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, 

«Ақ жол».

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар