Судьяларға қойылатын талап жоғары

Судьяларға қойылатын талап жоғары
ашық дереккөз
Судьяларға қойылатын талап жоғары

 Елбасы Н. Ә. Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында: «Лауазым иелері судья қызметіне тағайындауға өздері таныстырған үміткерлер үшін мойындарына жауапкершілік алулары тиіс. Азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін көтеру үшін барлық шараларды қолдану қажет», - деді. Президент сот төрағаларын, судьялардың қатарынан жиі ауыстырып отыру тәртібін енгізу керектігін айтты. «Олар бес жыл қатарынан отырмауы керек. Мүмкін әрбір соттағы сот төрағасын екі жылда бір рет ауыстыру қажет шығар, соны қарастыру керек». Судья қызметіне тағайындайтын үміткерді анықтауда құпия дауыс беру қағидасын енгізу абзал. Сонымен қатар, инновациялық технологияларды қолдану арқылы сот өндірісін жетілдіру қажет. Сот өндірісін жетілдіру инновациялық технологияларды кеңінен қолданумен байланысты. Озық сот тәжірибесі дегеніміз - қағаз түріндегі құжат айналымынан бас тарту, электронды технологияларға көшу, мамандандырылған соттар жүйесін кезең-кезеңімен енгізу. Бұл әділеттілікті сапалы орнату мүмкіндігін жолға қою және азаматтардың құқығын сенімді қорғау үшін қажет дүние.

Қазақстан судьяларының VI съезінде республикамыздың сот жүйесіндегі қордаланып қалған проблемалар айтылып, оларды еңсерудің нақты бағыттары анықталды. Ендігі міндет - сот жүйесіндегі кемшіліктерді түзеп, судьялардың біліктілігін арттыруға бағытталуы тиіс. Елбасының сөзімен қортындылар болсақ «сот билігі үшін көп нәрсе жасалды, сол себепті біздің қоғамның Қазақстанның судьялар корпусынан сот әрдайым заң мен әділеттіліктің сенімді тірегі болады деген жұмысты күтуге қақысы бар».

Осы съезде жан-жақты талқыланып судья әдебі туралы Кодекстың жаңа нұсқасы қабылданды. Ол Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына, БҰҰ Бас Ассамблеясының Резолюциясының және «Сот жүйесінің тәуелсіздігінің басты қағидаларына», судьялардың Банголор қағидаларына сай мінез-құлықтарын ұстау  әдебі туралы стандартқа сәйкес бағытталып қабылданған. Аталған Кодексте судья мінез-құлықтың жоғары үлгілерін орнықтыру мен сот тәуелсіздігін және оған деген құрметті нығайтуға ұмтылуы тиіс деп көрсеткен.

Құқықтық мемлекет құруда сот билігінің жетекші рөлге ие екенін Елбасымыз үнемі айтып келеді. Елбасы Қазақстан судьяларының VI cъезінде сөйлеген сөзінде «... демократиялық қоғамдастықта кең ауқымды сот жүйесін дамыту еліміздің басты басымдықтарының бірі болып саналады... Біз осы ұлттық сот жүйесін тек әділдікке негіздеп, заңға ғана бағынатын, заман талабына сай қалыптастыруымыз қажет. Құқық жоқ жерде бостандық та, демократия да жоқ», - деген болатын.

Осы нұсқауды орындау барысында, судьяға қойылатын талаптардың, олардың жауапкершілігінің қатаюына байланысты, жоғарыда көрсетілген шаралармен қатар, сот-құқық реформасын әрі қарай даму жолында аталмыш «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңына 38-1-бап енгізілді. Аталған бап бойынша, қызметтегі судьялардың кәсіби жарамдылығын анықтау үшін Сот жюриі құрылды.

Сот жұмысының ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету барысында қазіргі таңда сот отырысы залдары дыбыс, бейне жазба құралдарымен қамтамасыз етілген, сот ғимараттарында ақпараттық дүңгіршектер орнатылған. Осылай, сот жүйесінің транспоренттігі мен ашықтығын дамытуға, сот ақпаратына кеңінен қол жеткізуге септігін тигізуде.

Сот-құқықтық реформасының әрі қарай дамуы туралы мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында да көрсетілген болатын. Соның дәлелі ретінде 2010 жылғы 17 тамыздағы «Қазақстан Республикасында  құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» атты Жарлығы шықты. Онда көрсетілгендей құқық қорғау органдары мен соттар қызметінің қолжетімділігін және ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында олардың қызметіне инновациялық технологияларға негізделген озық әлемдік тәжірибені енгізу қамтамасыз ету жүктеліп отыр.

Сонымен, алдағы уақытта осы сот-құқықтық реформаның заман талабына сай жүзеге асырылуын, оның адам құқығын қорғаудағы рөлін арттыруын қамтамасыз еткен жөн. Осыған байланысты сот жүйесінің жаңа түрін қалыптастыру мен құру, соттарға құқықтық мемлекетке тән өкілеттіктерді толық көлемде беру, олардың жоғары әрі жауапты әлеуметтік рөлін нығайту мемлекеттің негізгі саяси басымдығы болып отыр, оған негіз болатын Ата Заңымызбен, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциямыз және де Қазақстан Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылға дейінгі кезеңге арналған жаңа Құқықтық саясат тұжырымдамасы ұлттық құқықтық жүйенің алдымыздағы он жылдағы даму болашағына үлкен әсер етуі тиіс деген сенімдеміз.

Ғалымжан Нұрлықұлов,

облыс бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы. 

Ұқсас жаңалықтар