Жамбылдық боксшы екінші жекпе-жегінде жеңіске жетті
Осыдан біршама уақыт бұрын кәсіпқой бокс әлемінің есігін ашқан жамбылдық жампоз Сағадат Рахманқұлов АҚШ-тың Калифорния штатына қарасты Бербанк қаласында екінші кездесуін өткізіп, жеңіске қол жеткізді. Бірінші орта салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген Сағадат бұл жолы колумбиялық Джон Леоннан айласын асырды. 6 раундқа жоспарланған рейтингілік кездесуде жерлесіміз төрешілердің біржақты шешімімен жеңіс тойын тойлады. Жекпе-жек бастала салысымен өзінің шын мықты екенін дәлелдеуге талпынған қазақ оғланы раунд өткен сайын басымдылығын арттыра түсті. Дегенмен бұрын-соңды жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген Джон оңай шағылатын жаңғақ емес екенін аңғартып, қарсы шабуылдар ұйымдастырды. Әйткенмен Сағадаттың шеберлігі жоғары екені айқын байқалып тұрды. Кәсіпқой рингте бар болғаны екінші жекпе-жегін өткізген жамбылдық былғары қолғап шеберінің тәжірибесі толыса бастағаны бізді қуантты. Әдемі қимылдарымен, жойқын соққыларымен көзге түскен Сағадат 58:56, 59:55, 59:55 есебімен жеңімпаз атанды. Алдағы рейтингілік шайқастарда да жеңіс тұғырынан көріне білсе, Сағадаттың алар асуы биік болатыны анық.
Табиғат АБАИЛДАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
Шу ауданында 305 спорт нысаны жұмыс істейді
- 28 сәуір, 2026
Шу ауданында жаңа спорт кешені ашылды
- 22 сәуір, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




