Елбасы Н.Ә.Назарбаев еліміз Тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстан үшін экономикалық қарқынды даму бағытын халықаралық интеграциялық байланыспен тығыз ұштастырып келеді. Өйткені, еліміздің табысты интеграциялық даму бағыты сөзсіз экономикалық өрлеумен өрнектелетіні ақиқат. Қазақстанның еуразиялық экономикалық интеграцияға қатысуындағы басты мақсаттардың бірі – сауда нарықтарын кеңейте отырып, өңдеу өнеркәсібін дамыту және осы салаға инвестициялар тартып, қазақстандық тауарларды экспорттау көлемін ұлғайту екені анық. Бұл Мемлекет басшысы ұстанып отырған еліміздің ең басты даму бағыты және сыртқы саясаттың өзекті тұсы.
Уақыт көрсетіп отырғандай, бүгінде әлемде бірігу мен өзара ықпалдастық үдерістері белсенді жүріп келеді. Дамыған және дамушы елдер үшін экономикалық одақтарға интеграциялану дамудың сенімді жолы екені белгілі. Бұл жалпы адамзаттық жаһандануға қолайлы түрде кірігудің де төте әрі табысты жолы болып табылады. Еуразиялық экономикалық Одақтың негізін қалаушы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһанданған дүниеде мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас жүйесін өзара тиімді экономикалық байланыстар құрауы тиіс деген ұтымды идеясы өзінің өміршеңдігін көрсетуде. Болашақты болжай, келешекті көре білген Елбасының Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру, одан кейін Кеден одағын құру, Біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастыру сияқты экономикалық интеграцияның негізгі белестерін кезең-кезеңімен жүріп өту жөніндегі ұсыныстарының бәрі де өз ретімен іске асып келеді. Ал, бүгінде одақ құраушы үш мемлекеттің бұл дара жобасы әлемдік деңгейдегі беделді саясаткерлер мен білікті экономист-сарапшылардың жоғары бағасына ие болып отырған Еуразиялық экономикалық одақ та құрылды. Бұл осыдан тура жиырма жыл бұрын әлем назарын өзіне аударған Қазақстан Президентінің батыл бастамасы, жарқын идеясының ең негізгі күретамыры екендігі даусыз. Еліміз Ресей, Беларусь мемлекеттерімен бірге Кеден одағына біріккен жағдайда тәуелсіздігімізден айырылып қаламыз деген сарыуайымшылдықтың болғаны да жасырын емес. Бірақ, бұл пікірдің жаңсақ екенін сынаптай сырғыған, Қазақ елінің осы жылдардағы даму қарқынымен ерекшеленген өмірдің өзі көрсетіп берді. Әрине, бұл жаңа одақ бірінші кезекте саяси одақ емес, ол экономикалық мүддені қорғайтын, өзара сыртқы байланысқа жаңаша серпін беретін бірлестік болып отыр. Н.Назарбаев 1994 жылы тұңғыш рет М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде Еуразиялық одақ құрудың жаңа парақтарына ғылыми негізделген баяндама жасап, бірлесе дамудың аса қажет тұстарын мәлімдеген еді. Енді, міне, араға жиырма жыл салып Қазақстан Президенті ағымдағы жылдың сәуір айында осы атақты білім ордасында тағы да ашық дәріс оқыды. Онда Н.Ә.Назарбаев бұл бағытты өркендету мақсатына арнаған сындарлы әрі жан-жақты сөзінде қоғамда көптен бері түрлі пікір туғызған Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық дамудың алғышарттарына жан-жақты тоқталды. Елбасының бұл тарихи кездесуінде айтқан ашық ойлары бүгінде қызу қолдауға ие болып отыр. Өйткені, Мемлекет басшысы аталған одақтың нарықтық экономикалық тұрғыдан барынша тиімді тұстарын терең талдап берді. Сондай-ақ, бұрынғы Кеңес Одағының «жаңғыруы» туралы алыпқашпа сөздердің негізсіз екенін толықтай жеткізіп, интеграциялық дамудың жаңа бағыттарын айқындап беру де назардан тыс қалмады. Ең бастысы – Еуразиялық интеграцияның ықпалдас мемлекеттер үшін берері көп. Бұл одақ үш елдің экономикасына көп қырлы даму жолын ұсынуда. Бүгінгі таңда бір ғана Кедендік одақтың аясында еліміздің экспорттық көлемі артып отыр. Минск қаласында өткен бас қосуда Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің президенттері Еуразиялық одақ құру алдындағы жұмыстарды тағы да бір сараптан өткізіп, шешуші кезеңге нақты қадам жасады. Біз әрқашан жаңа экономикалық одақтың Н.Ә.Назарбаев белгілеген еркіндік, тең құқықтылық, өзара тиімділік пен қатысушы елдердің прагматикалық мүмкіндіктерін айқындаған қағидаттарын басты назарда ұстауымыз керек. Өйткені, бұл қағидаттар – осы үш елдің өзара интеграциялық дамуының арқа сүйер тірегі және қолындағы кілті. Президенттің батыл бастамасы бүгінде өмір шындығына айналып, ұсынылған интеграциялық модельдің жаңа үлгісін сүзгіден өткендей дәлелдеп берді. Үш ел үшін де интеграциялық даму бір ғана бағытта өрбімейді, қайта барлық салаларды қамтуға ұмтылары хақ. Оның айқын мысалын Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік жүйесінде бір-бірімен тығыз әріптестік қарым-қатынаста, біртұтас нарық кеңістігінде сауда-өндірістік үдерістер бағытында өзара түсіністік, жауапкершіліктің қолжетімді үлгісін танытып келе жатқан үш мемлекеттің жетекші рөлінен айқын аңғаруға болады. Табысты іс-қимыл әркеттерімен өз бағытын оң айқындап отырған бұл одақ бүгінде Қазақстан, Беларусь және Ресей мемлекеттерінің макроэкономикалық саясаттарын үйлестіріп отыр деуге толықтай негіз бар. Еуразиялық экономикалық одақ құрудағы басты мәселе – дамудың стратегиялық мақсатына қол жеткізу. Ал Қазақстанның стратегиялық мақсаты – өз жерінің, халқының әлеуетін кеңінен ашу арқылы гүлденген, өмірдің сынына, яғни бәсекелестікке қабілетті қоғам құру және әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылу болып табылады. Ол үшін елімізде барлық мүмкіндіктер бар. Қажеті – тек қана өмір ағымымен алға жылжу, әлемдік даму қарқынынан шет қалмау. Мәселен, Қазақстанда 170 миллион гектардан астам ауылшаруашылық жер бар. Осы жерде өндірілген өнім еліміздегі 17 миллион халықты ғана емес, 170 миллион адамды асырауға еркін жетеді екен. Бірақ осыншама өнімді өсіргенде біз оны қайда сатамыз? Бұл тек интеграциялық байланыс арқылы жүзеге асатын тірлік. Еуразиялық экономикалық интеграцияның рөлі еліміз үшін, оның ішінде Жамбыл өңірінің дамуы үшін де аса зор болмақ. Өйткені, қойнауы қазынаға толы қасиетті Әулиеата өңірі табиғи минералдық шикізатқа өте бай өлке. Облыс аумағынан Менделеев кестесіндегі элементтердің барлығы табылады. Аймақта болжанған 140 миллиард АҚШ долларына бағаланған кен қорлары бар. Ендігі кезекте Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан кейін облысымызға сырттан инвестиция тартуға мол мүмкіндік туады деген сенімдеміз. Өнеркәсіп саласы өркендеп, ауыл шарушылығы мен шағын және орта бизнес сапалы деңгейге көтеріліп, өңірдің экономикалық әлеуеті артады. Ал облыстың осындай жаңа белестерге көтерілуі бірінші кезекте халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға ықпал етсе, екінші кезекте жүздеген жаңа жұмыс орындарын ашуға мол мүмкіндіктер береді. Сонымен қатар, біздің облысымыз өз дәстүрі қалыптасқан, мол тәжірибесі жинақталған аграрлы өңір болып саналады. Диқандарымыздың ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруде тәжірибесі мол. Кейбір жылдары облыста 600 мың тоннаға дейін астық өндіріледі. Өкінішке қарай, диқандарымыз өз өнімдерін дер кезінде нарықта өткізе алмай, үлкен тығырыққа тірелгені әлі ұмытыла қойған жоқ. Соның салдарынан масақты дақыл көлемі едәуір қысқарды. Егер егіншілеріміздің еңбектері бағаланып, өсірген өнімдерін лайықты бағасына өткізе алса, мыңдаған гектар алқап бос жатпас еді. Кеден одағының құрылуының өзі бізге артық өнімдерді өткеру мүмкіндігін береді. Сондықтан әлемдік тәжірибеге негізделген интеграциялық өркендеудің әрбір өңір үшін аса тиімді екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Жамбыл облысы Кедендік одақ құрамына кіретін мемлекеттермен шекаралас жатқан жоқ. Бірақ бүгіннің өзінде бұл одақтың арасында қалыптасқан оң байланыстардың нәтижесін жергілікті кәсіпкерлер айқын түрде көріп отыр. Оның үстіне Ресей және Беларусь арасындағы табысты байланыс қарқыны жыл санап арта түсуде. Мысалы, «Жамбылгипс» АҚ пен «Гипс комбинаты» ЖШС шығаратын құрылыс өнімдері Ресейде үлкен сұранысқа ие. Сондай-ақ, «Тараз металлургия комбинаты» (ферросиликомарганец өндірісі), «Қазфосфат» (минералды тыңайтқыштар, химия саласының өнімдері), «Фабрика ПОШ-Тараз» (топс өндірісі), «Salangani» (макарон өнімдерін шығару өндірісі), «Қордай Тау» (табиғи тас өнімдерін кесу, өңдеу) сияқты көптеген компаниялар да өзара табысты байланыс орнатты. Ал тері өнімдерін шығаратын «Ырыс Бақыт» ЖШС Беларусь кәсіпкерлерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Облысқа Ресейден негізінен ауылшаруашылық өнімдері, көлік бөлшектері, ағаш, кеңсе тауарлары, тұрмыстық техникалар, құрылыс материалдары және жиһаздар экспортталады. Ал Беларусь бізге жиһаздар мен ауыл шаруашылығы техникаларын, «Беларусь» тракторы мен «БелАЗ» ауыр жүк көлігін, оларға арналған қосалқы бөлшектерді, фрезер және жүк көтеретін құралдар, дәрі-дәрмектер, сүт өнімдірі мен басқа да халық тұтынатын тауарларды тұрақты жіберіп келеді. Жалпы алғанда, Кеден одағы жұмыс істей бастағаннан бергі кезеңде елімізде одаққа мүше елдерге арналған экспорт көлемі 62,7 пайызға өсіпті. Әріптес елдерге экспортталған өнімдер көлемінде өңдеу өндірісінің өнімдерінің үлесі 44 пайыздан 54 пайызға дейін көбейген. Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыру барысында бұл үдеріс өзінің жалғасын таба береді деп ойлаймыз. Ресей мен Беларусь тарапынан қазақстандық кәсіпкерлерге, өнім өндірушілерге байланысты бәсекелестікке қысым көрсетілуі мүмкін деген ойлар да болды. Бірақ бұл жағдайлар келісімшартта ескерілді. Одақ көлемінде барлық тауар өндірушілерге бірдей бәсекелестік талаптары қойылады. Статистикалық мәліметтерге жүгінетін болсақ, 2013 жылы Жамбыл облысының Кеден одағына мүше елдермен арадағы сауда айналымы 76,9 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек. Мемлекет басшысының Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде облысымыз бүгінгі таңда аграрлық және өнеркәсіптік аймаққа айналудың нық қадамын жасауда. Бағдарлама аясында халық шаруашылығына аса қажетті инновациялық өнім өндіретін жаңа кәсіпорындар іске қосылуда. Жылына 1,2 миллион тонна жоғары сапалы цемент өндіретін «Мыңарал тас компани» серіктестігіне шетелдерден көптеген тапсырыстар түсуде. Тараздағы «Құрылыс Полимер», «Тараз құбыр зауыты» және «Суперфарм» ЖШС өндіретін өнімдерге сұраныс күн санап артуда. Сондай-ақ, республикадағы аса ірі әрі әлеуетті кәсіпорынның бірі «Қазфосфат» ЖШС бүгінде өз өнімін әлемнің 30-ға жуық еліне экспорттауда. Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан кейін бұл компанияның да өнімдеріне жаңа әрі тиімді нарық пайда болады деген сөз. Ең бастысы, елімізде өндірілген өнім жүздеген миллион тұтынушысы бар нарыққа шығарылмақ. Мұның өзі елімізді дамудың жарқын жолына бастайтыны ақиқат. Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақ жаңа кеңістіктердің аясын ашып, өзара экономикалық байланыстарды орнықтырары сөзсіз. Нәтижесінде тауар айналымы артады, бәсекелестік нығаяды, өндірілген өнімнің сапасы жақсарады. Бұл – тағылымы биік тарихи бастама, дамудың даңғыл жолы.
Кәрім КӨКІРЕКБАЕВ, Жамбыл облысының әкімі.
Жамбыл облысы.
(«Егемен Қазақстан» 26 маусым, 2014 жыл).
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді