Араб шейхтарының иелігіндегі алып клубтар өз елдерінің чемпионы атанды. Маусым аяқталуға бір ай уақыт бұрын біріншіліктерін жеңген қос клуб соңғы ойындарын қалай өткізді?
Англияның чемпионы болу әсте оңай шаруа емес. Алайда өткен жылдан бері жеңімпаз команда алдын ала белгілі болатын үрдіс қалыптасты. 2017 жылғы чемпионатты Антонио Конте баптайтын «Челси» наурыз айының соңына қарай жеңіп алған еді. Көп командада мүмкіндік қалмай, барлығы сол жолы бірауыздан «ақсүйектерді» мойындаған. Бұл жолы да сол сценарий қайталанды. «Манчестер Сити» қаладағы «Манчестер Юнайтедпен» бәсекелесті. Алайда Жозе Моуриньо екі кемені қатар ұстаймын деп суға кетті. Чемпиондар лигасына көңіл бөліп жүргенде «Борнмут», «Бэрнли» секілділерден ұтылып, ұпай жоғалтты. Кейіннен Чемпиондар лигасында «Севильяға» жол беріп, жарыстан шығып қалды. Ал өткен апта соңында «қызыл сойқандар» өз алаңында турнирлік кестенің түбіндегі «Вэст Бромвичтен» жеңіліп, чемпиондықтан күдер үзді. Яғни ешқандай мүмкіндік қалмады. Сөйтіп Хосеп Гвардиола баптайтын «Манчестер Сити» Лондон төріндегі «Уэмблиде» «Тоттенхэмді» айқын жеңіп, Англия чемпионы атанды.
Бұл Гвардиоланың жетінші жетістігі. Ол осыған дейін «Барселонамен» Испан Ла-лигасын 3 рет, Герман Бундес-лигасын 3 мәрте ұтты. Енді екінші жыл қызметінде «Манчестер Ситимен» чемпион атанып отыр. Бапкерлер арасында ол 3 мемлекеттің чемпионы атанды. Енді испан бапкері тағы бір мемлекеттің клубымен чемпион атанар болса, атақты екі бапкердің рекордына жетуі мүмкін. Олар – Моуриньо мен Карло Анчелотти (екеуі де 4 мемлекеттің чемпионы).
Сонымен қатар өткен апта соңында болған 33-турда Францияның да чемпионы анықталды. Ұзақ уақыт көш басшылықты ешкімге бермеген ПСЖ негізгі қарсыласы «Монаконы» 7:1 есебімен ойсырата ұтып, Франция чемпионы атанды. Унай Эмери шәкірттері «Манчестер Сити» секілді 5 тур бұрын жеңімпаз болды. Жалпы алғанда соңғы жылдары Францияда ПСЖ-ға тең келер ешкім жоқ. Герман Бундес-лигасында да ұқсас жағдай. «Шальке» командасынан 20 ұпай алға озып кеткен «Бавария» чемпиондықты әлдеқашан тойлап тастаған. «Неміс мәшинесінің» қазіргі бар ойы – Чемпиондар лигасы.
Испаниядағы жағдай бұрыннан белгілі. Мұнда да бір клубтың айқын басымдығы сезіледі. «Барселона» «Реал» (Мадрид) ұпай жоғалтқан сайын көшбасшылығын нығайта берді. Күні кеше ғана «Валенсияны» жеңген «Барселона» екінші орындағы «Атлетикодан» 11 ұпайға ұзап кетті. «Барсаның» чемпиондығынан бұрын, Ла-лигада «Реал» Мадридтің «Атлетикомен» екінші орынға таласы қызықты болып тұрған секілді. Себебі Эрнесте Вальверде шәкірттері қалған 6 турдың 4-еуінде жеңіледі дегенге қазір жас бала да сенбейді. Үлкен чемпионаттардың көбісінде тартыс тағдырлары шешіліп қойған. Тек Италияның «А» сериясында қазір бәсеке қызып тұр. «Наполиден» 6 ұпай озған «Ювентустың» жағдайы қиындау. Басымдықты сақтап қалу үшін Массимилиано Аллегри жігіттері 22 сәуір күні «Наполи» командасымен кездеседі. Одан кейін «Интер» және «Ромамен» ойнауға мәжбүр. Сондықтан да Италия чемпионы кім болатынын жақын арада біле қоймаймыз-ау. Еуропаның алып чемпионаттарының ішіндегі тартысқа толы жалғыз чемпионат осы Италия болмақшы.
Ермұхамед МӘУЛЕН, egemen.kz
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді