Бүкіләлемдік бокс сериясының топтық кезеңін Тараз төрінде түйіндеген «Астана арландары» Қытайдың «China Dragons» командасын қабылдап, 5:0 есебімен жеңіс тойын тойлады. Бұл күні «Тараз-Арена» спорт кешеніне жиналған жанкүйерлер жампоздарымызға жоғары деңгейде қолдау көрсетіп, қиқулап отырды.
Бокс кешін 52 килограмм салмақ дәрежесіндегі сайыпқырандар ашып берді. Аталған салмақта ел намысын қорғаған Сәкен Бибосынов қарсыласы Гуо Чжанды ойқастап жүріп жеңді. Гонг үні естіле салысымен өзінің шын мықты екенін әйгілеген қазақстандық былғары қолғап шебері джеб соққысымен қарсыласын тықсырта отырып, ұрымтал сәттерде ұтымды шабуылдар ұйымдастыра білді. Екінші үш минуттықта Чжан шамасы келгенше шайқасып бақты. Тіпті басымдау көрінді. Дегенмен қалған үш раундта тізгінді қолда ұстаған Бибосынов төрешілердің бір жақты шешімімен жеңіске жетіп, командасына алғашқы ұпайды тарту етті. Бұдан соң шаршы алаңға 60 килограмм салмақ дәрежесіндегі саңлақтар көтерілді. «Астана арландары» командасы сенім артқан жамбылдық жампоз Әлімжан Бескемпір дебюттік кездесуінде Ву Юфенмен қолғап түйістірді. Бес раунд бойы қарсыласын қыспаққа алған Әлімжан сериялық шабуылдар ұйымдастырып, соққыларын нысанаға дөп тигізіп жатты. Жергілікті жанкүйерлердің қолдауынан жігерленген жерлесіміз қытайлық боксшыдан бір бас жоғары екенін әйгілеп, шайқас қорытындысында айқын басымдықпен жеңімпаз атанды. Үшінші болып рингке 69 килограмм салмақтағы өрендер шықты. Елордалық команда бұл күні бүкіләлемдік бокс сериясының үздігі, ұлттық құраманың мүшесі, көптеген халықаралық турнирдің жеңімпазы, тағы бір жамбылдық сайыпқыран Асланбек Шымбергеновке бақ сынауға мүмкіндік берді. Таксымаймайти Хайшаермен жұдырықтасқан Асланбектің шеберлігі көзге ұрып тұрды. Жекпе-жек бастала салысымен аңдысып жатпай, шабуылға иек артқан Асланбек қарсыласын жойқын соққыларымен әбден тықсыртты. Екі қолымен де сойқан соққыларын дарытып, Таксымаймайтидің қорғанысын сетінетіп жатты. Бүйір тұсынан, басынан ауыр соққылар алған қытайлық былғары қолғап шебері де ер екен. Есеңгіреп қалмай, бес раунд бойы шыдап берді. Нәтижесінде төрешілер жамбылдық жампоздың жеңісін бір жақты мойындап, Асланбектің мерейі үстем болды. Төртінші болып шаршы алаңға 81 килограмм салмақ дәрежесіндегі боксшылар көтерілді. «Астана арландарының» үкілі үміті, жас пері Бек Нұрмағамбет Гегарибу Цзеннің әуселесін байқап көрді. «China Dragons» командасының бапкерлері мақтаған Цзенді Бек бұйым құрлы көрмеді. Ә дегеннен қарсыласын қыспаққа алған ол екінші раундта Цзенді нокаутқа түсірді. Сол қолмен тікелей жасаған сойқан соққы Цзенді есінен тандырды. Бүкіләлемдік бокс сериясында бірінші кездесуін өткізген Бекке «Жарайсың, батыр!» дестік. Жанкүйерлердің де күткені осы екен. Қиқуға басып қоя берді. «Астана арландары» командасы мен «China Dragons» ұжымы арасындағы бокс кешін алыптар айқасы түйіндеді. 91 килограмнан жоғары салмақтағы сайыпқырандар шайқасында тағы бір жамбылдық боксшы сынға түсті. Команданың бас бапкері Нұрлан Ақүрпековтің шәкірті Нұрсұлтан Аманжолов Эвандер Сервутпен қолғап түйістірді. Бес раунд бойы Сервутті соққының астына алған Нұрсұлтан төрешілердің шешімімен басымдық танытып, «Астана арландары» 5:0 есебімен қарсыластарын ойсырата ұтты. Қос команда арасындағы кездесу аяқталған соң «Астана арландары» боксшыларының қолғаптары аукционға шығарылды. 81 килограмм салмақ дәрежесіндегі Бек Нұрмағамбеттің былғары қолғабы 900 мың теңгеге сатылды. Жалпы, аукционнан түскен қаражат қайырымдылық акциясына жұмсалатын болды. Бокс кеші аяқталған соң жұртшылық «Alfa fighting championship» промоутерлік компаниясының ұйытқы болуымен аралас жекпе-жек шеберлерінің шайқасын тамашалады. Кештің басты кездесуінде тараздық Ермек Тілеуов украиналық Дмитрий Власюкті айқын басымдықпен жеңе білді. 66 килограмм салмақта бақ сынаған Ермек қарсыласынан бірінші раундта тұншықтыру әдісімен айласын асырып, шын мықтыға тұсау жоқ екенін әйгіледі. Сонымен қатар жоғары деңгейде өткен спорттық шара барысында Асхат Акимов Николай Гончаровтың осал тұсын тапса, Ринат Сағынтаев Арман Әлімовті, Азамат Бақытов Ерхат Сапарғалиевты, Олжас Есқараев Нұржан Әкішевті жеңді.
Табиғат АБАИЛДАЕВ
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді