«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Оразаң қабыл болсын,ұстаған жан!

Оразаң қабыл болсын,ұстаған жан!
ашық дереккөз
Оразаң қабыл болсын,ұстаған жан!

Әлем мұсылмандарының асыға күтетін қасиетті Рамазан айы ағымдағы жылдың 28 маусымында басталады. Күллі мұсылман бұл айда ораза ұстап, ауыз аштырып, тігінен-тік тұрып тарауих намазын оқып және Құран хатымға қатысып, пітір садақасын берумен жүректерін нұрға шомылдырып, мәре-сәре болады. Себебі, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Кімде-кім Рамазан айы келгеніне қуанса, оған тозақ оты харам болады», немесе «Егер үмбетім Рамазан айындағы Алла тағаланың тарапынан жіберілетін нығметтердің қандай екенін білсе, онда ол жыл он екі ай бойы Рамазан айы болуын тілер еді», – деген өсиетінде өте терең мән-мағына бар. Келе жатқан кешірім айымен баршаңызды құттықтай отырып, елімізге амандық, жерімізге тыныштық, шаңырақтарыңызға Алла тағаланың жақсылықтары бұйырсын, деп тілеймін!

Рамазан – игілік, береке, кешірім, мейірім және қайырымдылық айы. Ғұламалар «Рамазан айында ораза ұстаған пенденің бойына біткен кішігірім күнә-кемшіліктері күйіп кетеді», – деп түсіндіреді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ораза туралы өз хадистерінің бірінде: «Кім Рамазан оразасын иман және сауап үмітімен ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деген. Сондықтан, Рамазан айын пенделердің жасаған күнәлары кешірілетін ай деп айтуымызға толық негіз бар.

Рамазан – ерекше ай. Бұл айда жасалған ғибадат, құлшылықтарға Алла тағала еселеп сауаптар жазады. Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадис-шәріпінде: «Рамазан айында бір жақсы іс жасаған адамға Алла тағала басқа айларда парыз істі орындағанның сауабын береді. Ал, парызды орындағанға басқа айларда жетпіс парыздың сауабын жазады», – дейді. Демек, бұл айда жай садақа жасаған кісі басқа айда зекет бергендей сауап алады, ал бес парыздың бірі – зекетті осы айда өтесе, жетпіс рет зекет жасағанның сауабын алады. Сондай-ақ, нәпіл, тарауих намазға жығылса, басқа айда парыз намаз оқығанның сауабындай сауапқа кенеледі, ал парыз намазын оқыса, басқа айда жетпіс парыз намазын оқығанмен тең сауап жазылады. Сол себепті, бұл айда әдеттегіден де имандылыққа барынша ден қойып, маңызды өткізген жөн. Қасиетті Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса, өздеріңнен бұрынғыларға ораза ұстау парыз етілгені сияқты, сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Санаулы күндер. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтесін. Ал, ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір міскіннің пидиясын берсін. Сонда кім өз қалауымен қайырлы іс жасаса, ол өзіне жақсы. Біле білсеңдер, ораза ұстағандарың өздерің үшін жақсы», («Бақара» сүресі, 183, 184 аяттар) – делінген. Осы аяттан ораза ұстау жаңа бір ғибадат емес, керісінше, ораза ұстау барлық діндерде бұрыннан бар ғибадат екенін байқаймыз. Ал, исламдағы ораза – қасиетті Рамазан айында парыз болуымен мәртебеленген, иләһи мағынаны қамтитын, нағыз ғибадат. Исламда ораза ғибадаты діннің тірегі саналады. Рамазан айына аман-есендікпен жеткен, дені-басы сау, балиғат жасындағы өзін мұсылман санаған адамға ораза ұстамау – үлкен күнә. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Рамазан айында парыз болған оразаны ұстамаған адам, бір күн әдейі өмір бойы ораза ұстап өтсе де, сол ұстамаған күнінің орнын толтыра алмайды», – дейді. Сондықтан, Алланың әмірін өз уақытында орындау үлкен сауаптарға кенелтеді. Биыл Рамазан айында жан басына берілетін пітір садақа мөлшері еліміз бойынша 200 теңге. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде еліміздің әр аймағындағы бидай бағасы ескеріле келе, ортақ есеппен бірауыздан осылай бекітілді. «Кім өз қалауымен қайырлы іс қылса, ол өзіне жақсы» – делінген аятта. Кім өз ынтасымен көп сауап аламын деп бір міскінді ғана емес, екі-үш адамды орташа немесе бір кісіні болса да аса бағалы дәмді тағамдармен тамақтандырса, өзі үшін жақсы. «Біле білсеңдер, ораза ұстағандарың – өздерің үшін жақсы», – дейді. Демек, басқа ғибадаттар сияқты ораза да әуелі ауыз бекіткен пенделеріне жақсылық келтіреді. Ораза ғибадаты пенденің Аллаға деген сезімін оятып, сүйіспеншілігін арттырады, ораза – адамның тақуалығын күшейтеді, ораза – адамды Жаратқанға жақындатады, ораза – Алланың ризалығына бөлейді, ораза – мол сауапқа кенелтеді, ораза – жәннат есігін ашады, ораза – тозаққа қалқан болады. Және біз білетін-білмейтін жақсылықтарға жеткізеді. Ораза ұстаған адам тек Алла үшін, Оның ризалығына жету үшін таңның атқанынан күн батқанға дейін аш жүреді, шөліркейді және жыныстық сезімдерге берілмейді. Алла тағала хадис құдсиде: «Адамзаттың барлық амалы өзі үшін, адамзат әрбір жақсылығы үшін оннан жеті жүз сауапқа дейін, тіпті одан да көп сауап алады. Ал, ұстаған оразасы Мен үшін, оның сауабын Өзім ғана білем, есесін Өзім берем. Өйткені, ол Менің ризалығым үшін таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден және жыныстық қатынастан бас тартты», – дейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадис-шәріпiнде: «Жәннатта бiр есiк бар. Оның аты – Райан. Қиямет күнiнде ол есiктен тек ораза ұстағандар ғана кiредi. «Ораза ұстағандар кірсін», – дегенде, олар орындарынан тұрып, осы есiктен кiргiзiледi. Соңынан есiк жабылады. Олардан кейiн ол есiктен ешкiм кiргiзiлмейдi», – деген. Тағы бір хадис-шәріпiнде: «Үш адамның дұғасын Алла тағала кері қайтармайды. Яғни, үш кісінің тілегі Алла құзырында қабыл болады. Ата-ананың перзенті үшін жасаған тілегі, дұғасы. Ораза ұстаған адамның тілегі. Жолаушының тілегі», – дейді. Жоғарыда келтірілген аятта: «Ей, иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса», – деп айтылған. Ал, сонда «тақуалық» деген не? Тақуалық деп – жаманнан жиренуді, жақсы, көркем мінездерге бейімделуді айтады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иман – жалаңаш, тақуалық – иманның киімі»,– деген. Демек, тақуалығың болмаса, имандымын деп айтудан ұял дегені. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Тақуалық қайда?» – деп сұрағанда, көкірегіне алақанын басқан екен. Алла тағала: «Жәннатқа тақуалы жандар кіреді»,– деп қасиетті Құранның бірнеше аятында баяндайды. Сондай-ақ, қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің ең алғашқы аятында: «Бұл Құран тақуалы жандарды ғана тура жолға бастайтын кітап», – дейді. Демек, тақуалық – адам бойындағы ең жақсы қасиет. Егер, аяттағы «тақуалықтан үміттерің болса», – деп айтылуына мән берсек, онда оразаның мұсылманды тақуалы етуі үшін парыз болғаны ақиқат. Ораза – тақуалыққа апаратын жолдардың ең негізгісі. Ораза ұстаған адам тақуалыққа бет бұруы керек. Ал, егер кім ораза ұстаса, бірақ көкірегінде тақуалық сезім пайда болмаса, яғни, жаманнан жиренетін, көркем мінездерге өзін бейімдейтін сезімі пайда болмаса, ол адам оразаны шынайы ықыласымен ұстамаған саналады. Оның оразасынан тек қиналғаны ғана қалады. Осылай болып қалудан Алла сақтасын! Келе жатқан рамазан айында ораза ғибадатын шынайы ықыласымызбен ұстауды Алла нәсіп етсін. Жаратқан баршамызға өзі жар болғай! Қасиетті Құранда: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстайтын болсын» («Бақара» сүресі, 185-аят), – делінген. Рамазан – айлардың сұлтаны. Ол – он екі айдың ішіндегі ең абзалы, ең қадірлісі. Өйткені, бұл мүбәрак айда Алланың күллі адамзатқа жіберген соңғы кітабы – Құран Кәрім түсірілді. Құран адамдар үшiн жолбасшы, тура жолды түсiндiрiп, ақ пен қараны, сауап пен күнәні, ақиқат пен жалғанды, жақсы мен жаманды айырушы, жаман қылықтардан сақтандырушы қасиеттi кітап. Рамазан – қасиетті Құран айы. Мұсылмандар осы айда қасиетті Құранды көбірек оқиды. Рамазан айында Құранды бір хатым жасау – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Сондықтан, Рамазан айында мешіттерде тарауих намазы оқылып, онда Құран хатым түсіріледі. Рамазан айы баршамызға қайырлы болсын. Рамазан айына лайық ғибадаттар жасайық. Алла береке, бірлік берсін. Рамазан құтты, ораза қабыл болсын!

19Данияр қары Жұмабаев, ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің Бас имамы.

Ұқсас жаңалықтар