Көктем келісімен қыстай қалың қар құрсаулаған даланың етек-жеңі кеңіп, жусаны бүрлеп шыға келетіні бар. Биыл бәйшешектер ерте бүр жарды дегенді естігенмін. Табиғаттың бұл тамашасын көргім-ақ келді. Бірақ көре алмадым. Алайда көктемдегі малшының қауырт тірлігіне куә болудың сәті түсті. «Ахай» шаруа қожалығының төрағасы Жанат Ахаевпен құм өңірінің «Әйтімбет», «Тәтті», «Қоржынды», «Лақсалы» қыстауларындағы мүйізді ірі қара малының табынын аралап келіп, Шатура бойындағы көктеуге мал отарларын жердің лайына ұрындырмай көшіріп әкелудің қамымен жүргенінде жолықтырып қалдым.
Осыдан үш жыл бұрын оның «Сыбаға» бағдарламасы арқылы Қостанай облысынан сатып әкелген 295 қазақтың ақ бас сиыры тұқымы мен 14 бұқасы бізге жерсініңкіремей жатқанын білетінмін. Әңгімені соның жайын сұраудан бастадым. Жанат алыстан алып келген малын жерсіндіру бастапқыда жеңілге түспегенін айтты. Мамандардың ақыл-кеңесіне арқа сүйеуіне де тура келіпті. Соның себі тиді ме, әйтеуір шаруасы оңға басқан сыңайлы. «Мал іші болған соң, ондай мәселе болып тұрады» деді ол. Айтуына қарағанда, ақ бас сиырлары содан бері үш рет бұзаулапты. Биыл да 309-ы бұзаулаған. Соңғы екі жыл ішінде асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтарға 270 бұқа сатқаны және бар. Жеті айлық бұқа орта есеппен 350-400 мың теңгеге бағаланған. Оның 150 мың теңгесін субсидия есебінен мемлекет, қалғанын сатып алушы өтейді. Сонда есептей беріңіз, ахайлықтар бұқа сатудың өзінен миллиондап қаржы тауып отыр. Оның үстіне, асыл тұқымды сиыр өсіргені үшін әр малға жылына 20 мың теңгеден субсидия төленеді. Оны әр малға көбейтсеңіз, 18-20 миллион теңге қаржыны құрайды. Малдың жемшөбіне, малшылардың еңбекақысын төлеуге де жетіп артылады. Әрбір бақташының айлық жалақысы орташа есеппен 105-120 мың теңге көлемінде. Бұдан тыс қожалыққа тұрақты жұмысқа тартылған жеті азаматтың ай сайынғы міндетті әлеуметтік сақтандыру жарнасына дейін уақтылы аударым жасалынуда. Қожалық иелігінде Зеңгі баба тұқымынан бөлек 1500-дей еділбай қойы өсіріледі. Олар екі отарға топтастырылған. Шопандарға 50-60 мың теңге көлеміндегі айлық жалақыларына қосымша жыл аяғында малды сыйақы есебінде береді. Жемшөп дайындау, көпжылдық шөп егіп өсіру секілді қауырт жұмыстарды атқаруға лизингтік әдіспен алынған үш трактор жарап-ақ тұр. Шағын шаруашылық бүгінде бас-аяғы 12 отбасының нәпақасын айыруына септесуде. Маусымдық жұмыстарға қосымша 15-20 адамға дейін жұмылдырылады. Осы ретте айта кетейік, «Байлық деген тезек сияқты, жиналған сайын сасиды, шашылса – жерді тыңайтады» деп Лев Толстой айтпақшы, кәсіпкер Ж.Ахаев өзі туып-өскен ауылдағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолындағы барымен бөлісіп, ұдайы көмектесіп тұруды, көптің игілігіне жұмыс жасауды әсте ұмытқан емес. С.Шәкіров ауылының орталығынан мешіт те тұрғызған. Қожалық жетекшісі өздерінің қыстау, көктеулеріндегі малшылар үйлері мен қора-жайларының күннен қуат алар электр құрылғылары көмегімен жарықтандырылатынын айтады. Құмдағы бақташылар «Отау ТВ» құрылғысы арқылы 40-қа жуық телеарнаны тамашалай алады екен. Яғни құмда да қаладағыдай. Малшылар үшін барлық тұрмыстық қолайлы жағдайлар жасалып отыр. – Биылғы қыс өте қатал болды. Кей күндері суық 45-47 градусқа дейін жетті. Малшылардың жанқиярлық еңбегі мен жемшөптің жеткілікті болуынан мал шығыны бола қойған жоқ. Біз көпжылдық шөпті өзімізде дайындағанымызбен, жемді көршілес аудандардан қымбат бағаға сатып алып, тасымалдап жеткізуге мәжбүрміз. Облыс басшысының тапсыр-масына сәйкес, Талас өзені бойындағы егістік алқаптарын қайта қалпына келтіріп, жүгері егуді, Қаратау жотасындағы егістік алқаптарын да өзіміз игеріп, арпа, бидай егуді қолға алсақ, жемшөп мәселесі оң шешімін тапқан болар еді, – дейді Жанат Кеңесханұлы. Әлбетте, бұл мақсатқа жету үшін жергілікті атқарушы билік өкілдері жұмысты жаңашылдықпен үйлестіріп, елді осынау берекелі іске жаппай жұмылдыра алуы тиіс. Алайда «Істегісі келетін тәсілін табады, істегісі келмейтін сылтауын табады» демекші, агроөндірістік кешен қазір де өз кәсібінің шыңына жеткен шын шебер, білікті мамандарға ділгір-ақ. Бұл мәселені оңтайлы шешудің бір жолы үй шаруашылықтары мен жеке кәсіпкерлерді біріктіріп, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру екені белгілі. Мұндай іріленген агроқұрылымдардың жемшөп дайындаумен, мал бордақылаумен, ет-сүт өндірумен тұрақты әрі табысты түрде айналысатыны еш күмән туғызбайды. Осылай еткенде ғана ауданда аграрлық саланың қос секторымен қатар, кешенді түрде дамытудың негізі қаланар еді. Шаруалар Ахаев сияқты мал бордақылау үшін де басқа ауданның аумағынан жер жалдап, сергелдең-сабылысқа да түспес еді...
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, журналист
С.Шәкіров ауылы, Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді