Өңіріміздегі бірнеше қоғамдық бірлестіктерді бір арнаға тоғыстырған «SK GROUP» үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының ұйымдастыруымен «Қоғамдық лекция» интеллектуалды жобасы әзірленген болатын. Жобаның жоспары бойынша алғашқы кездесу М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Жастар сарайында» өтті. Онда университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы Махметғали Сарыбеков студент жастармен кездесіп, лекция оқыды.
Бұл жоба Тараз қаласында тұңғыш рет қолға алынып отыр. Жастарды өнер, мәдениет, әдебиет, спорт, саясат, кәсіпкерлік, өндіріс салаларында жұртшылыққа кеңінен танымал болған азаматтармен кездестіріп, емен-жарқын сұхбат құрып, өнеге көрсетуді көздеген жобаның авторы – Тараз қалалық мәслихатының депутаты Серікбол Берікқожа. – Жоба Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру, жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, олардың бәсекеге барынша қабілетті, жан-жақты болуына жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылуда. Осы арқылы біз ұлттық игіліктер мен адами құндылықтарды құнттап, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып, жас ұрпақты елжанды азамат болып қалыптасуға тәрбиелей аламыз. Өз мамандығының майталманына айналған тұлғаларды дәріптеп, жастарды еңбексүйгіштікке, жаңашылдыққа, іскерлікке баулимыз, – дейді жас депутат. Кездесуде Махметғали Нұрғалиұлы жастарға жарты сағаттан астам уақыт «М.Х.Дулатидың мұрасы және жастар» тақырыбында дәріс оқып, тарихи тұлғаның 1499 жылы Ташкент қаласында өмірге келгенін, ежелгі Дулат тайпасынан тарайтын әміршілердің ұрпағы болғанын, сондай-ақ оның әйгілі тарихшы, көрнекті мемлекет қайраткері, қазақ тарихының атасы саналатынын, философ, ғұлама ақын, дипломат, әскери қолбасшы екенін әңгімеледі. Ректор әйгілі тарихшының өмірінің көп бөлігі Орта Азияда, Шығыс Түркістанда, Ауғанстанда, Үндістанда өткенін айтты. Орта Азия тарихын Мұхамед Хайдар Дулатидан асып жазған тарихшы болмағанын жеткізді. Бүгінде Орта Азия халқы жайында қалам тербеуге ниеттенген тарихшылардың басым көпшілігі міндетті түрде Дулатиға сілтеме жасайтыны – соның айғағы. Қазақ хандығының қай жылы құрылғаны туралы дерек те осы кісінің жазып қалдырған еңбегінде нақты атап көрсетілген. – М.Х.Дулати – қазақ философиясының негізін қалаушы ғалым. Ұлы педагог ретінде де оның елеулі еңбегі аз емес. Өйткені ғұламаның бала тәрбиесіне қатысты еңбектері әлі күнге өзекті болып отыр. Ол «Тарих-и Рашиди» еңбегінде баланың сауатын ашуды балғындар 4 жас, 4 ай, 4 күнге толғанда бастау керектігін айтқан. Бүгінде біздің қоғамда да баланы ерте жастан білімге баулу қолға алынуда. Ұлы ойшыл 51 жасында Үндістанның Кашмир штатында өмірден өтті. Біз бұған дейін Үндістан мемлекетімен байланыс орнатып, бабамыздың бір уыс топырағын елге әкелдік. Оның зиратына өзі туралы ақпарат беретін тақтайша орнатып, оған ағылшын және қазақ тілінде деректер мен «Қазақ елінің ұлы перзенті» деген сөз жазып қойдық. Себебі Үндістан халқы осы күнге дейін бабамызды өз перзенттері санап келіпті, – деді Махметғали Сарыбеков. Жиын соңында жастар өздерін қызықтырған тақырыптар жайында сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды.
Жанғазы АХМЕТ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді