«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Астана басқа қалаларға үлгі болуы керек

Астана басқа қалаларға үлгі болуы керек
ашық дереккөз
Астана басқа қалаларға үлгі болуы керек

Президент Нұрсұлтан Назарбаев елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиында Мемлекет басшысы Астананың құрылысы мен қалыптасу тарихының кезеңдеріне тоқталып, осы үдеріске қатысқандардың барлығы да бұған зор үлес қосқанын ерекше атап өтті.

– Біз бабаларымыздың арманын орындап, Сарыарқаның төрінде астанамызды салдық. Әсем қала тұрғызып, оны бүкіл әлемге паш еттік. Астана бүкіл халқымыздың мақтанышына айналды. Көптеген адам мұнда ауа райы жағдайына қарамай тынымсыз еңбек етті, – деген Елбасы бас қаланың айрықша мәртебеге ие болып отырғанын және оның әлемдік аренадағы беделі зор екенін айтты. – Біз тарихи тұрғыдан қысқа мерзім ішінде тиісті инфрақұрылымы бар, миллион адам мекендейтін нағыз мегаполис тұрғыза алдық. Астана – бүкіл жершарының назарын өзіне аударып, әлемдік деңгейдегі маңызды шаралар өткізе алатын дүниежүзіне танымал қала, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Кеңес барысында елорда әкімі Әсет Исекешев қаланың инфрақұрылымын дамыту және трансформациялау, сондай-ақ әлеуметтік нысандарды салуға қатысты жобалардың іске асырылуы жөнінде есеп берді. Қала басшысы денсаулық сақтау саласына цифрлық технологияларды енгізу, тұрғын үй нысандарын салу, әлеуметтік жобаларды іске асыру, жаңа энергетикалық моделді енгізу, сонымен қатар экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған жұмыстарды жүргізу барысын баяндады. Мемлекет басшысы есепті тыңдап, тартылған инвестиция көлеміне, шағын және орта бизнестің өркендеуіне қатысты қол жеткізілген бірқатар экономикалық көрсеткіштерге оң баға берді. – Астана – еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан қала. Тұрғындарының саны 1 миллионнан асты. Халық санының өсуімен қатар тұрғын үй құрылысы да жанданып келеді. 20 жыл ішінде 20 миллион шаршы метр тұрғын үй, 53 жаңа мектеп және 26 аурухана пайдалануға берілді, – деді Елбасы. Мемлекет басшысы Астананың елімізді және экономикамыздың жекелеген секторларын одан әрі өркендету жолындағы маңызды рөліне тоқталды. Сонымен бірге барша қазақстандықтарды қол жеткізген жетістіктермен шектелмей, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдау мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясындағы жұмыстарды жалғастыруға шақырды. Президент қала әкімшілігінің және уәкілетті мемлекеттік органдардың ерекше назар аударуын талап ететін мәселелерге арнайы тоқталды. – 2050 жылға дейін тұрғындар саны Алматыда 2,5 миллионға, Астанада 2 миллионға, Шымкентте 1,5 миллионға жетуі керек. Бұл қалалар өсіп-өркендеу мекеніне айналып, әлемдік деңгейде қызмет көрсетілетін болады. Басқа қалалардың да өздерінің даму бағдарламалары болуға тиіс. Үкімет бұл мәселені зерттеуі қажет, – деген Президент энергиямен қамтамасыз ету саласында «ЭКСПО-2017» көрмесінің озық тәжірибелерін пайдалану қажеттігін атап өтіп, қаланы газбен қамту жүйесін құру мәселесін қарастыруды тапсырды. Кеңес барысында көлік инфрақұрылымы мен жеңіл рельсті көлік желісінің құрылысын дамыту, демалыс орындары мен білім беру нысандарын салу, қаланың экологиялық проблемаларын шешу және қалдықтарды қайта өңдеу мәселелері де талқыланды. Жиын соңында Нұрсұлтан Назарбаев электр қуатымен жүретін экспериментті «IVECO Heuliz» маркалы жаңа автобусты көрді.

akorda.kz

Ұқсас жаңалықтар