Ауыл, көшеге ат беру ісі әлі де алаңдатады

Ауыл, көшеге ат беру ісі әлі де алаңдатады
ашық дереккөз
Ауыл, көшеге ат беру ісі әлі де алаңдатады

Немесе «Гранитогорск», «Плодо-ягодный», «Интернациональный» секілді елді мекен атаулары әлі де өзгертілмеген күйінше тұр

Бұрнағы күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Б. Орынбековтің төрағалығымен өткен облыстық ономастика комиссиясының кезекті отырысында Қордай, Меркі, Т. Рысқұлов және Мойынқұм аудандарындағы ономастикалық ахуалға жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысы талқыланды. Бұл тұрғыда жасалған хабарламаға қарағанда, аталған аудандарда тиісті тіл заңдылықтары сақталмай, қате жазылып ілінген көшелер мен мекемелер атаулары әлі де кездесуде. Өзгертілмеген ескі үлгідегілері де баршылық. Т. Рысқұлов ауданындағы Қорағаты шағын жинақты мектебінің маңдайша жазуында Елтаңба жоқ, Қарақыстақ ауылдық округінің атауы тек ресми тілде жазылып ілінген. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы, комиссия хатшысы С. Төрегелдиев бұдан бұрын аудан әкімдеріне осы іске байланысты жеткілікті қаржы бөлу қатаң тапсырылғанына қарамастан, көше аттарын біріздендіру, кемшіліктерді жою жұмыстары Меркі, Т. Рысқұлов аудандарында қарқын ала алмай отырғанын атап көрсетті. Бұл іс Қордай ауданында 72 пайыз көлемінде орындалған. Осы мәселеге орай аталған аудан әкімдерінің орынбасарлары – ономастика мәселесі жөніндегі консультациялық-кеңесші орган төрағалары есеп берді.

Жалпы, бүгінде облыста 342 көше атауы өзгертуді қажет етеді. Тараз қаласының бір өзінде атауы өзгертілмеген 62 көше, 102 бұрылыс бар екен. Осы тұрғыда Тараз қалалық әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұсынған 50 атау комиссия мүшелері арасында біршама пікірталас туындатты. Қордай ауданында есімін көшеге беру ұсынылған елге танымал азамат Жыланкөзбай Жанкеліұлы жайлы «Генерал Колпаковскийге жыл сайын мініске ат беріп отырған» деп анықтама берілуі, Т. Рысқұлов ауданында Қисық батыр атына ол жайлы ғылыми негізделген толыққанды мәліметтер жинақталмастан көше беруді ұсыну, «Гранитогорск», «Плодо-ягодный», «Интернациональный», «Степное» секілді елді мекендер атауларын өзгертуде жергілікті тұрғындар пікірлерінің екі жарылуына жол берілуі, тағы басқа да жайттар аудандардағы бұл іске жауапты азаматтардың атау, ұсыныс беру мәселесіне атүсті, немқұрайлы қарауының көрінісі демеске амал жоқ. Комиссия мүшелері осы мәселеге байланысты уәжді пікірлерін де білдірді. Облыстық ономастика комиссиясының төрағасы Б. Орынбеков отырысты қорытындылай келе аталған аудандардың консультациялық-кеңесші органдары төрағаларына маңдайша жазуларын тиісті талаптарға сәйкестендіру және көше атауы жазылған аншлагтарда кеткен қателерді бір ай мерзім ішінде түзетуді, ал, «Гранитогорск», «Плодо-ягодный», «Интернациональный» (Меркі ауданы), «Степное» (Қордай ауданы) ауылдарының атауларын өзгерту бағытында жергілікті халықтың пікірлерін ескере отырып, тарихи-жағырапиялық ерекшеліктері ескерілген бейнелі атаулармен қайта атау бағытындағы насихат жұмыстарын жандандыру жөнінде нақты тапсырма жүктеді. Ал, Тараз қаласы мен аудандар әкімдеріне осы тұрғыдағы жұмысты биылғы 1 қыркүйекке дейін толық аяқтау, бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен тиісінше қаржы бөлу жолдарын шешу, сондай-ақ, алдағы уақытта көшелерге тек топонимикалық немесе ұлттық сипаттағы атаулардың берілуіне баса назар аудару тапсырылды.

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар