1070 келі тасты бұйым ғұрлы көрмеген

1070 келі тасты бұйым ғұрлы көрмеген
ашық дереккөз
1070 келі тасты бұйым ғұрлы көрмеген

Халық композиторы Балуан Шолақтың туғанына 150 жыл

Өлкетанушы ретінде аса қызығушылықпен палуандар мен батырлар туралы естіген-оқығандарымды еске алып, жинап жүретінім жасырын емес. Бірде «Жас Алаштың» 2014 жылғы 27 наурыздағы №24 санында «Ғасыр бұрынғы рекорд» айдарымен жарияланған мақалада «816 келіні қазақтан өзге ешкім көтерген емес» деген «жаңалықты» оқығанмын. Авторы Арман Аманұлының Шу ауданының орталығы Төле би ауылында 2010 жылы қазан айында тұрғызылған Балуан Шолақтың  ескерткіші жанына аудандық өлкетану музейінің алдында тұрған 1070 келілік сандық тасты қойғанынан бейхабар екендігі белгілі. Сондықтан көп кешікпей сол «Жас Алаштың» 3 сәуірдегі №28 санында «Балуан Шолақтың рекорды 816 келі  емес,1 тонна 70 келі!» деген  мақалам жарыққа шықты. Іле-шала 8 сәуірде алматылық  Қ.Ұпанның «Жас Алашта» «Қазақ бір жарым тоннаны да көтерген» атты пікірі жарияланды. Көп ұзамай, 17 сәуірде  мен жазған мақаланы негізге алып «Қазақстан-Заман» апталығында 1070 келі рекордтық жәдігерді Алматы қаласындағы «Балуан Шолақ» спорт сарайының алдына қою керектігі жайлы ұсыныс айтылды.

Бұл да жөн шығар. Дейтұрғанмен, Балуан Шолақ атамыздың өз көзіндей сақталып келе жатқан аса құнды жәдігерді шулық ағайындары «Мә, апарып қойыңдар!» деп, бере қояр ма екен? Сонау жылдары қиыр шалғайдағы моңғол елінен Күлтегін ескерткішінің көшірмесін әкелгенде, Шудан небәрі 300 шақырымдай қашықтықтағы Алматыда 1070 келілік сандық тастың «сыңарын» жасаттыру қиынның-қиыны болып па?! Енді аты аңызға айнала бастаған Балуан Шолақ көтерген тас туралы нақты дерекке сүйенсек. Кезінде аудандық мәслихаттың депутаттығына сайланған, Шу қаласының Құрметті азаматы болған, облыстық «Ақ жол» газетінің меншікті тілшісі қызметін атқарған бірнеше кітаптың авторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бақытжан Текебаев 1986-87 жылдары Шоқпар ауылдық Кеңесінің төрағасы қызметін атқарған-ды… «…Жасынан мал жағдайын жақсы білетін еті тірі, пысық жігіт Сапарбек колхоз басқармасы бастығының орынбасары болысымен қарулы-қарулы деген жігіттерін сайлап, тікелей өзі бастап, қораларды жөндете бастаған. Сапарбек бұл жұмысты Тесік өзенінің бойындағы Кәрібайдың қорасынан бастады…Мұның да өзіндік сыры бар еді.1918 жылдың жазында (кей дерекпен 1913 жылы) Шу өзенінің бойына келген Балуан Шолақ осындағы жиын-тойларға қатысып, сағынысып көріскен ағайындарына өзінің әсем әндерін тартулап, ат өнерін көрсетіп, елді сүйсіндірген…» 2002 жылы «Өркениет» баспасынан жарық көрген. «Өзіме де обал жоқ» кітабының 44-бетіндегі «Балуан Шолақтың тасы» атты деректі әңгімесінде Бақытжан Мұқатайұлы осылай жаза келе: «...Шу бойының құмы мен саздауытынан қамсыз шыққан Балуанның аты таулы жерге ілінгенде тосырқап қалды. Сондықтан жақын жерден ат тағалайтын ұста іздеуге тура келді. Осыны сезе қойған Сәрсен: – Тесік өзенінің бойында Кәрібай деген жақсы ұста бар еді, соған соғалық, – деді. Еті тірі, сезімтал інісінің ұсынысын Балуан Шолақ қостай кетті: – Тарт,Тесіктегі ұстаңа! – деп гүр ете қалды. Сауықшыл шоғыр атбасын Тесікке бұрды. Кәрібай ұста да аты үш жүзге әйгілі болған Балуан Шолақты аттан қошеметпен түсіріп алып, бар өнерін салып, атын тағалап берді. Ұстаның шеберлігіне риза болған сері: – Ұста, өнеріңе ризамын. Енді саған қандай сый көрсетсем екен? Соны білмей тұрғаным, – деді. Кәрібай ұста сәл тосылып қалды да: – Тастан қора соғайын деп жатыр едім. Сізден қалған бір белгі болсын, соның алғашқы ірге тасын өзіңіз қойып берсеңіз. Әрі аты үш жүзге әйгілі Балуанның қойған тасы еді деп, айта жүргенге де жақсы ғой, – деді. Іргедегі тау жаққа жалт қараған Балуан Шолақ үстіндегі түйе жүн шекпенін шиырып тастап, екпіндете жүріп кетті. Қырқаны аралап жүріп, ширек бөлігі жерге батып жатқан аумағы ағаш төсектей сандық тасты ырғап-ырғап босатып алды. Содан соң жұлқи көтеріп кетті. Қырдан төмен қарай теңселе басып, өзіне таңғала қарап тұрған көпшілікке таяу келді де: – Отағасы, қораның орнын көрсетіңіз, – деп Кәрібайға сұраулы пішінмен қарады. – Анау тегістелген жерге қоя салыңыз, – деп Кәрібай ұста сасқанынан қалбалақтап қалды. Межелі жерге жеткенде сілки лақтырып жіберген ауыр тас зірк ете түскен. Осы бір ел аузындағы аңыз Сапарбектің де көптен бері көкейінде жүр еді, көрсем деп армандаушы еді. Міне, енді мұның да жөні келіп тұр. Сапарбек қораға жеткенше, тасты көргенше байыз таппады. Сол жолы қора жөндеуге шыққан он шақты жігіт сүйменмен итеріп, қолмен көтеріп, жерге жартылай көміліп жатқан Балуан Шолақтың тасын орнынан қозғай алмады. Амалсыздан тасты жер бетіне толық шығармай-ақ қораны жөндеуге тура келген. Кейінірек бульдозермен орнынан қозғаймыз деп жүріп, бір бұрышын сындырып алыпты», – деп түйіндепті автор мақаласын. Расында да бір бұрышы сынған болса,тастың салмағы 1070 келіден де артық болғандығы ғой! – Бақытжан ауылдық кеңестің төрағасы қызметінде жүргенде Шоқпар стансасының тұрғыны Сапарбек ақсақал жасы 70-терде болу керек, Балуан Шолақтың сол тасын көрсетіп, тарихын білгенінше айтқан. Біз кейінірек Шу қаласына қоныс аударып, Бәкең облыстық «Ақ жол» газетіне қызметке орналасқаннан кейін, 1990 жылдардың басында Шу аудандық өлкетану музейінің сол кездегі директоры Уәш Асатов ағаға айтып, қажетті техникалар қарастырып балуан көтерген тасты Төле би ауылындағы қазақ орта мектебінің бұрынғы ғимаратына орналасқан мұражайдың алдына әкеліп қояды. Кейінірек музей үйі өртеніп кетіп,1998 жылы мұражай жәдігерлері қазіргі мекен-жайға көшірілгенде тас та алдына әкелінді. Ал, бүгінде Балуан ата ескерткішінің жанында тұр, – деген Бақытжан Текебаевтың жұбайы Гүлдана Аманжолқызы. Өкініштісі, нұрлары пейіште шалқысын, бүгінде Сапарбек ақсақал да, Уәш Асатов ағамыз да, Бақытжан бауырымыз да арамызда жоқ. Балуан Шолақтың 150 жылдығын қазақ жұрты болып атап өтуге республикалық деңгейде ғылыми конференция мен ақындар айтысын ұйымдастырып, оның өнегелі ғұмыры жайлы кино түсіруге бір кісідей атсалыссақ…

Мәкен Уақтегі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар