Ұлы композитор туралы үзік сыр
Өткен ғасырдың 80-жылдары облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі қызметін атқардым. Сол жылы күз мезгілінде «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі гострольдік сапармен Әулиеатаға келді. Маған бір ай бойы оркестр өнерпаздарын аудандарға алып жүру тапсырылды. Өнер ұжымының жетекшісі Нұрағаны – Нұрғиса Тілендиевті бұрын да көргенмін, жақындау сөйлескен кездерім болған. Алғашқы сапар Жуалы ауданынан басталды. Екеуміз сол күні аудан орталығындағы қонақ үйде кездестік. Нұраға жалғыз отыр екен. Өзімді таныстырып, келген мақсатымды айттым. Бірақ аса мән бере қойған жоқ. Ол кісінің мінезі жөнінде бір адамдай жақсы білетінмін. Ал оркестрдің фамилиясы аталмайтын Амантай деген директоры болды. Көп әңгіме сонымен шешілетін. Кезекті концерттер өтіп жатты. Әр кештен соң, түн жарымға тарта оркестр құрамы қонақ үйге жайғасады. Нұраға директормен бірге әр бөлмеге кіріп, өнерпаздардың жағдайын сұрап, бөлмелерін тексеріп, шәкірттерін дастарқанына шақырып, сырласуды әдетке айналдырған. Кезекті концерттің біріне оркестр директоры Амантай белгілі бір себеппен бара алмайтынын, Нұрағаға ескерткенін айтты. Ол күні де қонақ үйге түн жарымда жеттік. Амантай екеуміз Нұрғиса Тілендиевтің бөлмесіне қарама-қарсы нөмірде орналасқанбыз. Бөлмеге кірсем, Амантай жерде киімшең ұйықтап жатыр. Оятпақ болып едім, ештеңе өнбеді. Сол кезде оркестрдегі музыканттардың бөлмелерін аралап жүрген бас дирижер біздің бөлмеге кіріп келді. Амантайдың тұра қоятын түрі жоқ. «Мына пәле жерде жатыр ғой, балалардың бірі көрсе ұят болар. Сен басынан, мен аяғынан ұстайын, төсекке жатқызайық, ұйықтай берсін» деді сазгер. Содан кейін кетіп қалды. Ертеңгісін директор екеуміз әңгімелесіп отырғанда бөлмеге Нұрағаң қайта келді. Амантайға селқос бір қарады да: «Түндегі жатысың не?» – деді. Ол: «Мен әдейі сіздер келе жатқан сәтті күтіп, жерге жата қалдым», – деп жымиды. «Неге?». «Мен бәрін біліп жаттым. Біреуіңіз басымнан, біреуіңіз аяғымнан көтердіңіздер. Кейін балаларыма «КСРО Халық әртісі мені төсегіме өзі көтеріп жатқызған» деп мақтану үшін солай еттім», – деді жанары балбұл жанып. Композитор бұған рахаттана күліп алды да, өнер жайында әңгімеге көшті. Таң қылаң бере бір-ақ демалдық. Сапар кезінде «Отырар сазы» оркестрі мүешелерімен бір айға жуық уақыт бірге жүрдім. Сонда Нұрағаның оркестр мүшелеріне қандай қамқорлықпен, жанашырлықпен, әкелік мейіріммен қарайтынын, ерекше сезімталдығын байқадым. Гастрольдік сапардың соңына қарай сол кездегі Свердлов ауданының (қазіргі Байзақ ауданы Түймекент ауылы) «Трудовой пахарь» колхозына бардық. Мен бұл ауданда бұрын қызмет еткенмін. Кеңшар жетістігі ауданнан асып, республикаға танылған. Шаруашылық басшысы өте сауатты, шебер ұйымдастырушы, халықтың жағдайын жетік білетін, еңбекқор Александр Львович деген өте қарапайым кісі еді. Бізді күтіп жүрген ол алдымыздан шығып, қарсы алды. Нұраға көліктен түсіп, ауыл басшысына жақындады. Екеуінің амандық-саулығы былай өрбіді: – Ассалаумағалейкум, мен Нұрғиса Тілендиевпін. – Уағалейкумассалам, мен Александр Нахмановичпін. – Мен «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісімін! – Мен «Трудовой пахарь» колхозының төрағасымын! – Мен Кеңес одағының Халық әртісімін! – Мен Социалистік Еңбек Ерімін! – Мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутатымын! – Мен одақтың Жоғарғы кеңесінің депутаты болғанмын. – Мен Мемлекеттік сыйлықтың лауреатымын! – Мен экономика ғылымдарының кандидатымын. Әңгіме бітті. Осы кезде екеуі бір-біріне ілтипат көрсетіп төс қағыстырып әрі қарай ауыл аралап кетті. Бұл күні концерт өте жақсы өтті. Келесі күні облыс орталығы – қазіргі Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Отырар сазы» оркестрінің соңғы концерті өтті. Көрермен бейхабар болды ма, 1500 орындық залда шамамен 80-90 адам ғана болды. Сілтідей тынған тыныштық. Сахнаға Нұрғиса Тілендиев көтерілді. Ол көрермендерге мейірлене қарап, амандасты. Әңгімені сұрақтан бастады. – Обкомнан кім бар? Үн жоқ. – Облыстық атқару комитетінен кім бар? Тағы да үнсіздік. – Газеттен кім бар? Көпшіліктің арасынан бір жас жігіт тұрды. Нұрағаң: – Жаз мынаны, – деді даусы құбылып. Ұлттық өнер, оны насихаттау туралы нақты, дәлелді ойларын айтты. «Отырар сазы» оркестріне ерекше тоқталды. Әулиеата өңірінің мәдениеті жайында ой қозғап, концерттің ұйымдастырылу деңгейіне ренішін білдірді. – Мен бұл өңірге қайтып келемін бе, келмеймін бе? Бірақ «Отырар сазы» оркестрі алдарыңызда әлі талай өнер көрсетеді. Қазақтың өнерін сыйлаңыздар. Алдағы уақытта бұл олқылық қайталанбас деп сенемін. Десе де өкпелімін. Бұл жер – менің өз жерім. Жамбыл жәкем туған өлкем деп сыйлаушы едім, былай болғаны өкінішті, – деп сөзін аяқтады. Бұдан соң бір айға жуық бірге болған «Отырар сазы» оркестрімен, оның жетекшісі, бас дирижері Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевпен қоштасуға батылым бармай, ұялғаннан алыстан шығарып салып, қала бердім.
Құдайберген НҰРМАНОВ, қобызшы-ұстаз
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді