«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қызығушылық болмаса, қызылша да шықпайды

Қызығушылық болмаса, қызылша да шықпайды
ашық дереккөз
Қызығушылық болмаса, қызылша да шықпайды

Елімізде ауыл шаруашылығын дамыту – бүгінгі таңдағы ең көкейкесті міндет десек, еш қателеспейміз. Әсіресе қант қызылшасын өсіру күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселелердің біріне айналды.

Рас, қант қызылшасын баптау – оңай шаруа емес. Сонау Кеңес үкіметі тұсында әр шаруашылықтың қызылшашылары 1000-1500 гектарға дейін орналастырып, әр гектардан 400-500 центнерден өнім алатын. Ал бүгінгі көрсеткіш қаншалықты деңгейде? Жасырары жоқ, бір шаруашылық емес, бір аудан 2000 гектардан аса алмай жүр. Неге? Осы сауалға жауапты облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев ауданымызға арнайы келген жұмыс сапарында таптық. – Қазіргі таңдағы ғылыми-техникалық прогреске қол артқан егін шаруашылығында үлкен жаңалықтар болып жатыр. Биыл облысымызға қант қызылшасын жинайтын арнайы 4 агрегат алынады. Қаражаты қарастырылған. Бұл агрегаттар Германиядан әкелінбекші. Осы агрегаттардың екеуі Қордай ауданына қойылатын болса, қалған екеуі Жамбыл ауданының аумағында болмақ. Демек, тәтті түбірді жинау өткен жылдардан гөрі оңайлана түспекші, – деген Мәден Тоқтарбайұлы бұл жолғы сапары Қызылқайнар ауылдық округінен бастау алып, Қаракемер ауылында аяқталды. Жамбыл ауданы шаруашылықтарының биылғы межесі 2000 гектар болса, облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаевтың көзбен көріп, картаға түсіргені 1500 гектарды құрады. Негізі, Мәден Тоқтарбайұлы қант қызылшасына деп қазір жыртылып жатқан жерді емес, ерте күзде сүр (зябь) көтерілген жерлерді көруді ниет еткен. Барды. Көрді. Сонда жылы сөз де, сын да айтылды. Сынға Қарой, Жамбыл, Қызылқайнар, Бесағаш ауылдық округтері ілінді. Сәкен Сейфулла жетекшілік ететін шаруашылық ерте күзде-ақ тәтті түбір үшін 20 гектарды тиянақтап қойыпты. Әйтсе де, шаруашылық басшысы: «10 гектарға ғана шамам келеді. Қалған гектарларды қызылша егемін деушілерге жалға беремін», – деп шорт кесті. Бірақ, жалға аламын дейтіндер сол күні табылмады. Дегенмен округ әкімі бұл жердің бос қалмайтынына уәде берді. Басшының сынына ұшыраған Жамбыл ауылдық округінің аумағына орналасқан «Ақжолагро» шаруашылығы еді. Осы тұста шаруашылық басшылары егінсу мәселесін нақты мәселе ретінде көтерді. – Өткен жылы осы жерге 100 гектар қызылша орналастырғанбыз. Жүйек аралықтары білініп, өскіндер енді бой көтере бастағанда судан тапшылық көре бастадық. Қорытындысында өнім ала алмадық десе де болады. Биыл да 100 гектарға тәтті түбір егуді көздеп отырмыз. Бірақ өткен жылдағы мәселе алдымыздан шыға ма деп қорқақтап отырғанымыз жасырын емес. Әйтпесе, жер де, техника да даяр, – деген шаруашылық басшысы су келер каналдың басында пиязшылардың отырғанын, олардан су артылмайтынын бүгіп қалмады. Осы тұста облыс әкімінің орынбасары аудандық су шаруашылығы басшысының орынбасарына бұл аумаққа пияз егуді тоқтатып, олармен су беру-алу жөніндегі келісімшартқа отырмауға тапсырма берді. – Елбасы да, облыс әкімі Асқар Мырзахметов те ауыл шаруашылығы саласына айрықша көңіл бөліп отырғаны тегін емес. Осы тұрғыдан қарағанда, халқымыз ғасырлар бойы жинақтаған, бүгінгі ұрпақ тәлім алар тәжірибемізді тағы бір електен өткізсек, асылық болмас. Өйткені қазақ елі – бай өлке. Жер де жетеді, су да мол. Тек істің көзін таба білуіміз тиіс. Өлкемізді өгейсітпейік, жерімізді жетімсіретпейік десек, қолға алған тірлігімізді тиянақтай білейік. Сөздің тоқетері Жамбыл ауданында тірлікте қозғалыс бар, бірақ қызығушылық төмен, – деген Мәден Тоқтарбайұлы жауапты сала басшыларына нақты тапсырма берді.

Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар