Азаматтық қоғамды дамыту – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың маңызды шарты. Қоғамдық өрлеу, демократиялық даму, экономикалық өркендеу азаматтардың қоғамдағы тыныс-тіршілігінің барлық маңызды салаларына қатысқан жағдайда ғана мүмкін болады. Ал билікке деген сенім мен құрмет – татулық пен келісімнің, саяси тұрақтылықтың және орнықты дамудың берік іргетасы. Бүгінде елімізде үкіметтік емес ұйымдарды нығайту жүйелі және үдемелі сипатқа ие болды деп нық сеніммен айта аламыз. Елімізде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап азаматтық қоғамның негізі ретінде саналатын үкіметтік емес ұйымдардың қалыптасуына және дамуына саяси, құқықтық және әлеуметтік қолдау-көмектер мүмкіндігінше жасалып келеді. Олардың қоғамдағы рөлін арттыруға Елбасы Н.Назарбаев та айрықша мән беріп отыр. Жоғарыдағы үрдіс біздің облыста да жалғасын табуда. Соңғы жылдары үкіметтік емес ұйымдар облыстың тыныс-тіршілігіне белсенді түрде араласып, мемлекеттік органдармен тығыз қарым-қатынаста жемісті қызмет атқаруда. Осы орайда өзім қызмет еткен ұйымдардың жұмысына тоқталып кеткенді жөн көріп отырмын. Жұмысын 2010 жылы бастаған Жамбыл облысы пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі бүгінгі буын арасында үлкен танымалдыққа ие. Облыс көлемінде пікірсайыс ойындарын дамытуды мақсат еткен ұйым кешеге дейін мыңдаған жастың басын бір арнаға тоғыстырды. Бұдан бөлек, пікірсайыс ойындарынан республикалық, облыстық турнирлер ұйымдастыруды қолға алған. Кез келген жастың еш кедергісіз пікірсайыспен айналысуына мүмкіндік туып отырғандығы – біз үшін үлкен қуаныш. Сол сияқты «Жаңа ру» жастар коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігі жастардың діни сауаттылығын арттыру жұмыстарымен тұрақты негізде айналысып келеді. Сонымен қатар «Қоғамдық тіл инспекциясы», «Жастар десанты» жобалары арқылы қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, тіл тазалығын қалыптастыру мәселесін қолға алған. Қазіргі таңда өзім еңбек етіп жатқан «Жамбыл облысының қоғамдық бақылау және мониторинг орталығы» қоғамдық қоры өз бастамасымен жаңа үлгідегі іс-шараларды іске асыруды бастады. Мысалы, TEDx форматындағы «Саналы Тalks» әлеуметтік жобасы. Жобаның басты мақсаты өз саласында жетістікке жеткен адамдардың жұмысын насихаттау арқылы қоғамның ой-санасын өзгерту, адами капиталды дамыту болып табылады. 2016 жылдан бері жоба аясында кәсіпкерлерге, білім саласының қызметкерлеріне, қыз балаларға арналған лекциялар өткізілді. Қор биылдан бастап өңір дамуына сүбелі үлес қосқан, кәсіби салада талай белестерді бағындырған азаматтардың қатысуымен «Қоғамдық лекция» жобасын іске асыруда. Бұл шара аясында да жастар үлкен білім мен тәжірибе жинайды деген сенімдеміз.
Серікбол БЕРІКҚОЖА, «Жамбыл облысы қоғамдық бақылау және мониторинг орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді