Бақтиер Зайнутдинов пен Еркебұлан Сейдахмет ұлттық құрамаға жеңіс сыйлады
Жаңа бапкер, жаңа құрама. «Астана» футбол клубының тасын өрге сүйреген Станимир Стоилов ұлттық құраманың ойынына қандай өзгеріс әкелер екен, жеңістің кілтін таба ала ма? Осындай сұрақтар көкіректі тілгілеген еді. Көкейімізде үміт пен күдік қатар тұрды. Үмітіміз – көпшілік «Босс» атап кеткен болгар маманының тәжірибесіне сүйенгеніміз, күдігіміз – онсыз да ұнжырғасы түсіп жүрген ұлттық құраманы Станимир бапкер қожыратып алмас па дегеніміз. Жоқ, Стоилов ер екен! Станимирдің басқа бапкерлерден артықшылығы – жас футболшыларға сенім артқаны. Әсіресе өткен жылғы маусым қорытындысы бойынша премьер-лиганың үздік жас ойыншысы атанған жерлесіміз, бүгінде «Астана» футбол клубының ойыншысы Бақтиер Зайнутдинов пен «Уфа» сапында жасындай жарқыраған 18 жасар Еркебұлан Сейдахметтің тұсауын кескеніне қуандық. Біреуге – күлкі, біреуге түрпі. Жамбыл футболының қос бірдей түлегі бұл күні жасындай жарқырағанда әлеуметтік желі белсенділері: «Жамбылдың жігіттері жарап тұр, ал «Тараз» футбол клубы бірінші лигада ойнап жүр» деп езу тартқанда іш жиып қалғанымыз рас. Сонымен Венгрия-Қазақстан арасындағы жолдастық кездесу басталды. Анау-мынау емес, «Еуро – 2016» доп додасының финалдық кезеңінде өнер көрсеткен мажарларды ә дегеннен тықсыртты біздің жігіттер. 10 минутта екі гол соқты қазақ футболшылары. Бұлардың ішіне Пеле кіріп кеткен бе десті таңғалғандар. Роман Мұртазаев пен Бақтиер Зайнутдиновтың қанжығасы майланды. Зайнутдинов дебюттік ойынында дебюттік голын соқты. Тұсаукесерлер маршы мұнымен тоқтамапты. 21 минутта мажарстандықтар сапынан Адам Салаи белсеніп, есепті 1:2-ге жеткізді. Ал ойынның отызыншы минутында «қазақ Мессиі» атанған біздің Еркош, Еркебұлан Сейдахмет те дебюттік кездесуінде бірінші голын соқты. Екінші кезеңде Кристиан Немет 1 голдың авторы атанып есепті 2:3-ке жеткізді демесеңіз, бұл күні венгр футболшылары пәлендей түк көрсете алған жоқ. Осылайша жамбылдық жампоздар алғашқы ойынында дебюттік голдарын соқты. Тіпті Еркош голдан бөлек нәтижелі пас шығарды. Стоилов жастарға қорықпай сенім артты. Сенім ақталды. Рахмет, саған босс! Кеше түнде ұлттық құрама ойыншылары Болгария футболшыларымен жолдастық кездесу өткізді. Ол туралы газеттің алдағы санында жазатын боламыз.
Табиғат АБАИЛДАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді