«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ТОҚСАНЫНШЫ КӨКТЕМ

ТОҚСАНЫНШЫ КӨКТЕМ
ашық дереккөз
ТОҚСАНЫНШЫ КӨКТЕМ

Осыдан тура он жыл бұрын Баттал ағаның қалауы бойынша Талас өзенінің төменгі сағасының жағасындағы туған жері мен өскен елін араладық. Сырластық, ой бөлістік. Сол сапарда Баттал ағаның өмір, еңбек жолына қанық болдым. Бүгінгі шағын материалымызда сол сапардан кейін жазылған мақаланы пайдаланғанымызды да айта кеткім келеді. Әсіресе ағаның сол кезде айтқандарын өзгертпей ұсынып отырмын.

Баттал аға әңгімесін әріден бастады. Өзінің емес өңірдің, ағайын, туған-туыстың тарихын көбірек сөз етті. – Талас ауданының бұрынғы орталығы болған Ақкөлде жетіжылдықты бітіргеннен кейін, Жамбыл қаласында білімімді жалғастырдым. Одан кейін Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, елден алыстай бердік қой. Содан соң Абай елінде еңбек еттім. Қайда жүрсек те туған жердің намысын жыртып, шотын шаптық. Менің айтпағым – тамырың болып табылатын туған жерге табын. Туған жер аса қасиетті, киелі, ол беретін қуатты ешкім, ешнәрсе бере алмайды. Менің бүгінгі шаттығымды ешкім өлшей де алмайды! Құдайға шүкір туған жерден жырақ кеткенде де туған елден, өскен жерден байланысымды үзбедім. Қуанышына да, қайғысына да әрқашан да ортақ болдым. 1950 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін орталық партия комитетінің жолдамасымен Семей облыстық «Екпінді» газетінде жеті жыл еңбек еттім. Сол жылдары туған жердің сәні мен салтанаты туралы ұзақ әңгіме айтатыныма әріптестерім қызығатын. Айта берсе тарих та, еске алатын оқиға да көп. Әкем Жаңабай мен анам Жаңсақ он бір перзентті дүниеге әкеліп, бағып, қаққан. Бір ғана перзенті Сүлейменнен немере сүймегенін айтпағанда (ол Ұлы Отан соғысында 1944 жылы ерлікпен қаза тапқан), қалғандарының бәрі үйлі-баранды болды. Мен – әкемнің сегізінші ұлымын. Әкеміз діндар кісі болғандықтан, менің атымды Сейіт Баттал-қазы деп қойыпты. Мен ағаларым Атамқұл мен Мәмешке еліктеп өстім. Атамқұл жиырма тоғыз жасында Жамбыл облысы құрылған жылы облыстық соттың тұңғыш төрағасы болған. Одан кейін ол Ақтөбе, Семей, Батыс Қазақстан облыстарында абыройлы еңбек етті. Семейге қызметке баруымның басты себебі Атамқұл ағамның жанында болу ғой. Ал Мәмеш ағам – алдымен маған қалам ұстатып, қара танытқан ұстазым. Жалпы жинақтап айтатын болсам, бауырларымның барлығы да үлгі-өнеге болуға тұрарлық, елге сыйлы болды... Осылай деп әңгімесін Көшек батыр кесенесінің басында бастаған ақсақал бір сәт үнсіз қалып, сылдырай аққан суды жағалап, алға озды. Біз қазақтың туын асқақтатқан батырлардың бірі Көшек Қарасайұлына орнатылған кесенені қызықтап қалдық. Осындайда ойға көп нәрсе түседі. Менің ойыма Баттал ағаның ертеректе айтқан естелік сөзі оралды. Талас жері талай марқасқалар мен нар тұлғаларды дүниеге әкелген. Табаны күректей жиырма жыл облыстық газетті басқарған, бір емес, бірнеше толқын жас журналистерді тәрбиелеп шыққан мұндай азаматтар кемде-кем. Облысымыздың маңдай алды талай журналистері ағамыздың тәрбиесінен өткен. Елімізге аты мәлім марқасқалар бүгінгі «Aq jol»-да, кешегі «Еңбек туында» қаламын ұштады, шығармашылығын шыңдады. Бүгінгі күні есімдері елімізге белгілі Өкім Жайлауов, Шона Смаханұлы, Оспанәлі Иманәлиев, Әбдірахман Асылбеков, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Елен Әлімжан, Несіпбек Дәутаев, Тынышбай Рахимов – Баттал ағаның тәрбиесін көргендер. Олардың бәрі де шығармашылығымен халыққа кеңінен танымал азаматтар. Аты аталған атпал азаматтардың өздері қаншама саңылақтарды тәрбиеледі десеңізші! Сондықтан да ағамызды «Жамбыл облысы журналистерінің сардары» десе де болады. Бір қызығы, өмірімде ағамыздың бір шаршап, шалдыққанын, ашуланып, бұрқанғанын көрген де, естіген де емеспін. Соған қарап «мінезсіз» деп айтуға тағы болмайды. Ақиқатын бетке күліп тұрып айтатын қасиеттері талайлардың мысын басқан. ...1965 жылдың 5 ақпан күні Жамбыл облыстық партия комитетінің өзін облыстық «Еңбек туы» газетінің бас редакторлығына ұсынған құжаттарды алып, жедел Алматыға жеткен. Орталық партия комитеті хатшыларының қабылдауынан кейін соңында Бірінші хатшы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қабылдады. Жасы қырықты алқымдап, талайлардың алдын көрсе де Баттал жүрексінді, бойында білінер-білінбес діріл пайда болды. Бұл қобалжу да, діріл де Димекеңнің ілтипатын көргенде жоқ болып кетті. Орнынан жадырай, жарқылдай тұрып, қарсы алып, бірден ішіне тарта сөйлеп, ел-жұртты сұрауы шын мәнінде өзіне ерекше әсер етті. Қолын ұстап тұрып: – Редактор болу оңай емес. Халық пен биліктің арасындағы ақиқаттың көпірі бола білу керек. Ұжымды бірлікте ұста! Сенімді ақта! – деді. – Рахмет, сеніміңізді ақтаймын! – дегеннен басқа сөз аузына түспеді. Шынын айтқанда, сол сәтте өзінің не айтқаны есінде жоқ. Бірақ республика басшысының сөзін ешқашан ұмытқан емес. – Димекеңмен болған сол бір алғашқы кездесуден алған әсерім ерекше болды. Мәңгі есте. Үлкен кісінің сенімін ақтау үшін мен ұйымдастыру жұмысымен көбірек айналыстым. Жазам дегенімді уақтысында жаза алмадым. Қызметкерлерге үй керек болды – алдық. Мекемеге қаланың қақ жүрегінен ғимарат керек болды – алдық. Сол жылдары редакция орденмен марапатталды. Облыс баспасөзінің қарашаңырағына қазақтың талай-талай марқасқалары келді. Бүгінгі сақа журналистер соларды көріп бой, ой түзеді. Менен кейін болған бас редакторлардың жазушылық, қайраткерлік, әдебиетші, тарихшы, саясаткер деңгейіне дейін көтерілуіне сол жылдары негіз қаланған болатын. Мен асылы «ананы атқардым, мынаны істедім» деуден аулақпын. Ешқашан халқымның алдында кердиіп, шалқайған емеспін. Қаламдастарымды қателіктері үшін жазалауға жол бермедім. Бұл дәстүрді облыстық партия комитетінің баспасөз жөніндегі нұсқаушысы болғанда да ұмытпаған болатынмын... Мен өмірдің талай-талай белестерінен өттім. Мансапқа қол жеткіздім. Екі рет «Құрмет белгісі» орденімен, үш рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, сегіз медальмен марапатталдым. Елімізге еңбегі сіңген мәдениет қайраткерімін, облыстың Құрметті азаматымын. Айта берсем, атақ, даңқтан кенде болған жоқпын. Жалындап та, жасытып та сөйледік. Бірақ туған жерге келгенде, аласардық, ағайын-туғанның алдында кішірейдік. Бұл – туған жердің күші... Тура жиырма жыл облыстық газеттің бас редакторы болдым. Бұл кез партияның «ақ» дегені алғыс, «қара» дегені қарғыс болып тұрған заман еді. Сол жылдары «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей», халықтан алыстамай, елдің сөзін биілікке там-тұмдап болса да анығын жеткізуге ұмтылдық. Осы жолда облыстағы партия серкелерімен айтысқан да, тартысқан да, «сен жақсы», «мен жақсы» болған кезімізде болды. Оны жасыра алмаймын... Айналаға көз тастап біраз үнсіз тұрғаннан кейін Баттал қария әңгімесін қайта сабақтады. – Жер өзгермейді дегенге келісе беруге болмайтын сияқты. Жер де өзгереді, өседі, оны таудың шөгуінен, тастың мүжілуінен, судың тартылуынан, құнардың азаюынан, ауа райының өзгеруінен анық көруге болады. Мына алдымызда шалқып жатқан Қызыләуіт бір кезде айдын алып көл сияқты еді, енді, міне тартылып қалыпты. Мұндай кейіпке Шұқырәуіт те, Бидайбек, Ержігітбай, Ақтөбе, Маятас әуіттері де ұшыраған. Бірді айтып бірге кетті демеңдер, осы әуіттерді салуда қара кетпенді қайқайта соғатын ағаларым есіме түседі. Әсем Бәлішев, Сапақбай Шортанбаев, Олжабай Ақсақалов, Ысқақ Баянболов, Стамқұл балалары – Қастай, Әшір, Әлібек, әкемнің бауырлары – Жұмабек, Әділ, Шымыр, Бидайбек, Әділбек, Әйтбек, Әйтеміш, Мәмеш, Бәйімбет ерекше еңбек етті. Олар артель құруға да белсене араласты. Осылардың арасынан Ержігітбай Жомартов туралы ерекше айтуға болады. Ол Көкталдың суын ойға да, қырға да жетектеп апарды. Соның нәтижесінде қызыләуіттіктер аштықтың зарын өзгелер сияқты көп көрген жоқ. Егін мен әуіттегі балық халықты құтқарып қалды. Сол ағалар салған әуіт те, канал да, арық та тозған. Уақыт Жер-анаға да өз әсерін тигізді. Сондықтан кең даладағы тарихи жәдігерлерімізді сақтап қалу керек. ...«Артель», «колхоз» құрыла бастағанда ағалары иықтарына кетпен салып, қара жерді қақырата жарып, алдымен әуіт одан кейін арық салды. Бір қызығы, бұл жұмысқа әкесі Жаңабай қатысқан жоқ. Ағайындары мен бауырлары сауданы тастап, біржолата дінге бет бұрған сопыға Көктал өзенінің бойынан үй салып берді. Құдайға алаңсыз құлшылық етуге толық жағдай жасады. Жарықтық, біреуге дауыс көтеріп сөйлемеуші еді. «Адамды айқаймен емес, санасына саңылау салатын ақылды сөзбен, ісіңмен тәрбиеле» дегенді жиі айтатын. Өзі ұстанған осы қағиданы бүкіл әулетінің санасына сіңіріп, дәстүрге айналдырғандай еді. Бауырларында жас кездерінде өрлік басым болса, есейе келе әрбір істі ақылға жеңгізетін болып шықты. Бұл қасиет Баттал ақсақалға да дарыған. Ұзақ жыл бір ұжымды басқарғанда әріптестері оның жер тепкілеп ұрсқанын немесе адамның жер-жебіріне жетіп, тіл тигізгенін естімеген. Оның алдынан талай саңлақтар мен марғасқалар өтті. Өзінің қарамағында еңбек еткендер арасынан елді өзіне қаратқан ақын да, жазушы да, қайраткер де, көсемсөздің шеберлері де шыңдалып, өсіп шықты. Қызыләуіт ауылын ұзақ араладық. – Артель колхозға айналғанда, әуіттің суы қырға шыққанда біз Көшек батыр кесенесінің маңын осы жерге, яғни 1936 жылы Қызыләуітке түпкілікті алмастырдық. Бұл ауылдың әрбір тасы маған таныс. Біз тұрған көшені «Ойық» деп атайтын, сол көшенің бойында қазір де Есей ұрпақтары иық тірестіре мекендеп келеді. Талай су ақты, талай азаматтар дүниеден өтті. Осылай деп жалындап сөйлеген аға, әлдене есіне түскендей күліп алып: – Әкпарбек Доспанбетов деген сақа журналист болды. Ол ұзақ жылдар бойы «Білгенге – маржан» деген айдарды жүргізді. Сол шағын мақалаларда біздің салтымыз, дәстүріміз, ұлттық санамыз, болмысымыз үнемі жазылды. «Біз қазақ...» деп басталатын ойларды ұнатпағандар болды. Соған қарамастан Шона Смаханұлы сияқты азаматтар қазақ үшін жазды, еңбек етті, алысты, тартысты. Редактор ретінде мен ондай азаматтарды қорғап, билікке талатпадым. Шындықты билікке жеткізе білетін журналистер керек. Журналистке тек сырттан бақылаушы болу жараспайды, ол қоғамдық жұмысқа белсене араласуға міндетті. ...Сол сапарда Қызыләуіт ауылындағы мектепке де бардық. Бүлдіршіндерінің маңдайынан сүйді. Мешітке бардық, тізе бүгіп, құран оқып, бетін сипады. Көшелерді араладық, жұртпен жүздесіп, пікірлесті, өткен-кеткенді еске алды, ауылдастарының тұрмыс-тіршілігін білді. Бірін бауырына қысса, бірінің қолын жібермей тұрып, әңгіме айтты. Базбіреулерге: «Е... жарықтық, сенің көкең жігіттің сұлтаны еді ғой десе, енді бірінің соңынан қарап тұрып, от-жалынға оранып, бүгінгі ұрпақ үшін жанын берген тұлғаның ұрпағы ғой...» деп, ауыр тыныстады.

Екі рет «Құрмет белгісі» орденімен, үш рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, сегіз медальмен марапаталдым. Елімізге еңбегі сіңген мәдениет қайраткерімін, облыстың Құрметті азаматымын. Жалындап та, жасытып та сөйледік. Бірақ туған жерге келгенде, аласардық, ағайын-туғанның алдында кішірейдік. Бұл – туған жердің күші...

Бүгінгінің атқамінерлерін көргенде: «Айналайын, еліңе адал қызмет ет, жұрттың қарғысын емес, алғысын ал» деп батасын да беріп жатты. Ауылдастарының әрқайсын көрген сайын ойына талай оқиғалар оралып жатқаны анық еді. Ол бір сәт ойланып қалды. Жүрек соғысы жиілеген сияқты көрінді. Қырма сақалын жайлап сипап қойып, қара торы жүзін бұрып әкеткен сәттер де болды. «Ақ жеңешемізге сәлем айтыңыз. Мына құрт-майды немерелеріңізге апарыңыз» дегенді де құлақ шалып қалды. «Құдайға шүкір» деп айтайықшы, 72 жыл отасқан Фарида апамен бірге Баттал аға төрт бала тәрбиелеп, өсірген, алты немере мен бірнеше шөбере сүйген. ... Жүрек толқыды, көңіл шалқыды. Баттал ағаның қара торы жүзі қызыл шырайланып, алаулап, орта бойы көз алдымызда биіктеді. Қарттықтың белгісі іспеттес еңкіш тарта бастаған денесі қуаттанып, тіктене түскен. Сөзі қандай салмақты. Артығы жоқ. Анда-санда жылы жымиып алып, қалжыңға айналдыра сөйлейтін әдеті айшықталды. Туған жерге аунап, өскен елді, бауырлары мен ауылдастарын көрген, ой бөлісіп, шүйіркелескен қария қанаттанып тұрғанын бәріміз бірден аңғардық. Сол кезде ақсақалдың қуанышты жүзі бізді де шаттандырды. Ол күнгі табиғаттың ерекше маужырағаны әлі көз алдымда. Ағамыздың жүзі бал-бұл жанып, ауылдастарына мейірлене қарағаны да есімде. Қай жерге барсақ та ақжарма көңіл алдымыздан шықты. Бұл Ағаға деген елдің пейілі екенін біз жақсы түсіндік. Сапарымыздың соңында, күн бата Қызыләуіттен шыққан бізді ауыл азаматтары биік қырға дейін шығарып салды. Бәрі көңілді. Бізге орта жолдан сапарлас болып қосылған, ауыл ақсақалы Асықбек қария да қауқалақтап: «Бұл Батталдың орны бөлек қой. Ешкімнің көңіліне қаяу түсірмеген азамат» деп, ағаның қолын қайта-қайта қысады. Әлденелерді айтып, пікірлескісі келетіндей. Баттал Жаңабаевтың орны қай жерде болмасын бөлек. Артық сөзі жоқ, кейбіреулер сияқты сақалын сатып, міндетсінбейді. Өңірдің абызына, батагөйіне айналған Баттал ағаның өмірі мен еңбегі кімге болса да өнеге. Тоқсаныншы көктемінің төріне шыққан Абыз Атаға облыстық «Aq jol» газетінің қалың оқырмандары мен журналистері атынан ұзақ ғұмыр, баянды бақыт тілейміз!

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ, Қазақстанның Құрметті журналисі

Ұқсас жаңалықтар