Жеке кәсіпкерлерден инвестиция тарту – әлем елдерінде кең таралған. Бұл әдіс Қазақстанға да таңсық емес. Ол бір жағынан мемлекеттің жауапкершілігін жеңілдетсе, екіншіден жаңа инвестиция көзі ретінде жеке адамның табысын еселей түспек. Мемлекеттік қазынаның қарымы жете бермейтін, әсіресе шалғай аудандардағы әлеуметтік жобаларға жеке бизнесті тарту қажеттігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтырғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында міндеттегені есімізде.
«Кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясын кеңейту зор мүмкіндік береді. Бұл аса маңызды жалпы-ұлттық міндеттердің бірі – 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен 2020 жылға қарай жүз пайыз қамту мәселесін мемлекет пен бизнес бірлесе шешіп отырғанын көрсетеді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі инфрақұрылымды, соның ішінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың негізгі тетігіне айналуға тиіс», – деген. Президент тапсырмасына сәйкес қазір облысымыздың түкпір-түкпірінде көптеген әлеуметтік және спорттық нысандар бой көтеріп, пайдалануға берілуде. Соның айғағы – Шу ауданында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген білім беру және спорт нысандары. Олардың қатарында сенімгерлік басқаруға берілген балабақшалар мен 2016 жылдың қазан айында бой көтерген «Тарлан» спорт кешенін атап өтуге болады. Бұл – облыстағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған алғашқы нысан. Оған осы ауданның тумасы, Кеңес Одағына еңбегі сіңген жаттықтырушы Юрий Цхай инвестиция салғанын айту керек. Жобалық құны 480 миллион теңгені құраған кешеннің құрылысы 2015 жылы басталып, араға бір жыл салып Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына орай пайдалануға берілді. Ондағы спорттық-сауықтыру блогында жаттығу бөлмесімен бірге 1 бокс, 2 ауыр атлетика және 1 күрес залы жұмыс істейді. Жатақханасында 25 адамға арналған жатын бөлме мен жеке асхана және моншасы, кешеннің ауласында жасанды жамылғы төселген футбол алаңшасы мен гимнастикалық алаңдар бар. Бүгінде мұнда 26 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар спорттың дзюдо, таэквондо, бокс және күрес түрлері бойынша аудандағы 350 жасөспірімді спортқа баулуда. Ал кешкі уақыттарда 300-ге жуық аудан тұрғыны ақылы түрде спортпен шұғылдана алады. 2016 жылы Қазақстан бокс федерациясы «Тарлан» спорт кешенін сенімгерлік басқару бойынша облыстық бокс клубына өткізген болатын. Ал 2017 жылдың ақпан айында нысанды Қазақстан бокс федерациясынан «Тарлан батырлары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында өткізу-қабылдау жұмыстары жүргізіліп, «Тарлан» спорт кешені серіктестік меншігіне өтті. Міне, содан бері бір жыл ішінде мұнда бірнеше аудандық, облыстық, республикалық жарыстар ұйымдастырылды. Ауданда мектепке дейінгі ұйымдардың желісін кеңейту үшін бизнес өкілдерін тарту және жекеменшік балабақшаларға бөлінетін мемлекеттік тапсырысты арттыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нәтижесінде 2016 жылы Шу қаласында жекеменшік – 3, ал былтыр 1 балабақша пайдалануға берілсе, Балуан Шолақ ауылында тағы бір мекеме ашылып, кезектегі 465 бала орынмен қамтылған. Шу аудандық білім бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылы аудандағы жеке кәсіпкер Ким Никон мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Шу қаласында орналасқан «Балапан», «Астана» және «Арайлым» балабақшаларының тұжырымдамасын дайындап, облыс әкімдігінің білім басқармасына өткізіп, сараптаманың қорытындысын күтіп отыр екен.
Бүгінде мұнда 26 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар спорттың дзюдо, таэквондо, бокс және күрес түрлері бойынша аудандағы 350 жасөспірімді спортқа баулуда. Ал кешкі уақыттарда 300-ге жуық аудан тұрғыны ақылы түрде спортпен шұғылдана алады.
Үш балабақшаның да материалдық-техникалық базасы бүгінгі заманғы талапқа сай, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген және балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту үшін барлық жағдай жасалған. Соның ішінде 150 орынға арналған «Арайлым» балабақшасының жобалық құны 340 миллион теңгені құрайды. Мердігер «Компания Марк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұған дейін Шу қаласында 50 және 150 орындық екі балабақша құрылысын салуға қатысқан болатын. Бұл ғимаратта мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеуге қажетті барлық жағдай жасалған. Музыка, спорт залдары, ойын бөлмелері, үш медициналық кабинет, әкімшілік кеңселер, сондай-ақ есік алдында ойын алаңы да бар. Ал 2013 жылы іргесі қаланып, жұртшылықтың игілігіне берілген «Астана» алғашқыда аудан бойынша балабақша кезегіне тіркелген екі мен алты жас аралығындағы бүлдіршіндердің 200-ге жуығын қамтыған. Жалпы, мектепке дейінгі мекемелерді салуға жеке кәсіпкерлерді тарту қаншалықты тиімді, сенімгерлік басқаруға берудің қандай пайдасы бар? Шу ауданы әкімнің орынбасары Ербол Аймамбетовтің осы мәселеге қатысты ой-пікірін білген едік. – Мемлекет-жекеменшік әріптестігі бірінші кезекте қандай салалар үшін тиімді? Елбасы әлеуметтік инфрақұрылымға басымдық беруді ескерткені белгілі. Сол себепті де ауданда екіжақты әріптестік аясында бой көтеріп, сенімгерлік басқаруға беріліп жатқан жаңа нысандардың негізгі бөлігі осы әлеуметтік нысандар. Бұл мәселе аудан әкімінің назарынан тыс қалған емес. Алдағы уақытта аудандағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бой көтерген балабақшалардың қатары арта беретін болады, – дейді ол. Мемлекет жауапкершілігін кәсіпкерлермен бөлісетін әріптестік – әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың, оның желісін кеңейтудің басты тетігі. Соның арқасында аудандар мен ауылдарда көптеген нысандардың іргетасы қаланып, жұрт игілігіне пайдалануға беріліп жатыр.
Ерғали Қартайған
Шу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді