Ол кісіні біз облыстық мәслихаттан көруші едік. Өмірлік бай тәжірибесі мәслихаттағы қарбалас жұмыстар кезінде байқалып тұратын. Қандай сәтте де білімділігін аңғартып, дұрыс шешім жасай білетін. Мәслихаттың өзге мамандарына ақыл-кеңесін аямай, жұдырықтай жұмылып, қоян-қолтық еңбек етті. Біз бұл күнде бақилық болған, партия-кеңес қызметтерінің майталманы, білікті маман Мырзабек Сапаралиев туралы сөз сабақтап отырмыз.
Мырзекең Байзақ ауданы Ақәділ Суханбаев округінде өмірге келген. Осындағы Көкөзек ауылында бастауыш мектепті бітірген соң, Түймекенттегі орта мектепке ауысты. Арасы – жеті шақырым. Бір жыл бойы сол жеті шақырымға қатынады. Оқуын алтыншы сыныпта Қаратау қаласындағы мектеп-интернатта жалғастырады. Қаратауда бір жыл оқып, жазғы демалысқа шыққандағы бір ерекше жағдай есінен кетпейді. Малға шөп салып жүріп, Нұрхалық деген құрдасы екеуі 6 метр арқан тауып алады да, ортасынан кесіп теңдей бөледі. Мырзабек тапқан олжасына қуанып Тазакүл анасына әкеліп береді. Кешкілік қой саууға барғанда анасы ауылдастарынан: «Арқан жоғалтқандарың жоқ па?» деп сұрайды. Сонда Бегайым деген қарт кісі: «Арқан менікі. Мұның жартысы мен қазығы қайда?» деп дүрсе қоя береді. Сонда бала Мырзабектің анасы Нұрхалықты шақырып алып, арқанның жартысы мен қазықты алдырып, Бегайым апаның алғысын алған екен. «Балам, біреудің ала жібін аттамау деген – осы. Адалдық, тазалық абыройға жеткізеді», деген екен сонда Тазакүл анасы. Осы өсиет сөз, осы оқиға Мырзабекке өмір бойы сабақ болады. Тоғызыншы сыныпты бітірген жылы облыс орталығындағы статистика басқармасында жұмыс істеп жүрген ағасы Жұмабектің үйіне ата-анасымен бірге көшіп келеді. Жұмабек армия қатарына алынып кеткендіктен, үйден жалғыз жеңгесі Күлән ғана жұмыс істейді. Жамбыл атындағы орта мектепте білімін жалғастырған Мырзабек спортпен де шұғылданады. Еркін күрестен жасөспірімдер арасында, кейіннен ересектер арасында облыс чемпионы атанады. Мырзекең орта мектеп бітірген соң, Жамбыл технологиялық институтының Механика факультетіне құжат тапсырып, студент атанады. Ол кезде де спортты қоса алып жүріп, абыройға бөленеді. Еліміздің жастар құрамасының сапында белдесіп, одақ көлеміндегі жарыстардан олжалы оралып жүріпті. Сөйтіп спорт жағынан көзге түсіп, Ғани Мұратбаев атындағы стипендияның иегері атанады. Киев қаласына білімін жетілдіруге жіберілгені де өмірінің сәтті қадамдары. Кейіннен өзі білім алған Жамбыл техникалық институтының оқытушысы болып еңбек жолын бастады. Қоғамдық жұмыста белсенді, спортшы Мырзабектің мұнда да айы оңынан туды. Арада бір ай өткенде институт комсомол хатшысының орынбасары болып сайланды. 1977 жылы облыстық партия комитеті аппаратына ауысып, 8 жыл бойы абыройлы қызмет атқарды. Осы жылдары ағасы Жұмабек Сапаралиевтен көп тәлім-тәрбие алды. Мырзекең көзін көрген білікті жаттықтырушы Марат Еңсепов, технологиялық институттың ректоры болған Тасболат Мұхаметқалиев, сол кездегі Орталық аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Лидия Ахметова, облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болған Марат Хасенов, облыстық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған Тұйғынбек Темірбеков, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Хасан Бектұрғанов сынды азаматтардың өнегелі мектептерінен өткен. 1985 жылы облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Әнуар Жақыпов Мырзабек Сапаралиевқа сенім артып өндіріске басшы етіп жіберді. Арада 4 жыл өткенде Жамбыл қалалық (қазіргі Тараз) атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалады. Мырзекең тамақ өнімдері, сауда, байланыс жүйесі, көлік қызметі салаларын үйлестіріп, шаһардың экономикалық-әлеуметтік дамуына зор ықпал етеді. 1990 жылы облыстық сүт комбинатына директор болып, бұл қызметті де дөңгелетіп әкетті. Ол кезде аталған кешенге 8 сүт зауыты мен 2 сүт қабылдау бөлімшесі қарайтын. Мекемелерді жаңа технологиямен жарақтандыруда Мырзекеңнің басшылық іскерлік қыры байқалады. Бірқатар іс жолға қойылып қалған кезде жекешелендіру басталып, өтпелі кезеңнің қиындықтары алдан шығады. Сол кезде ол мекемені сақтап қалып, жаңа зауыттың әкімшілік ғимаратын орта мектеп ретінде қайта жабдықтауға қол жеткізеді. Қазіргі таңда сол Өмірбек Жолдасбеков атындағы №50 орта мектепте 700-ге жуық бала алаңсыз білім алып жүр. М.Сапаралиев 1999 жылы облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланып, 2001 жылы облыстық мәслихат аппаратында еңбек жолын жалғастырады. Сондай-ақ Қосы батыр атындағы облыстық қоғамдық қор төрағасының орынбасары қызметін қоғамдық негізде атқарады. Байзақ ауданы Қарасу ауылында Қосы батыр ескерткіші мен мешітінің, Таразда Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаев ескерткішінің ашылуына сүбелі үлесін қосады. Облыстық деңгейде абыройлы еңбек етіп, халықтың құрметіне бөленген Мырзабек Сапаралиевтың өнегелі жолы осындай. Бүгінде әке жолын ұл-қыздары жалғастырып, мемлекетіміздің өркендеуіне әр салада өз үлестерін қосуда.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді