Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын барша қазақстандықтар сияқты Жуалы ауданының жұртшылығы да қызу қолдап, қуаттап, ондағы он міндетті орындау жолында жұмыла еңбек етуде. Былтыр да жеткен жетістік аз емес екен. Аудан әкімі Бахтияр КӨПБОСЫНОВПЕН болған әңгіме барысында осыған көз жеткіздік.
– Бахтияр Бейсенбайұлы, Елбасының биылғы дәстүрлі Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындауда сіздерге де үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Жұмысты бұрынғыдан да ширата түскен шығарсыздар? – Елбасының Жолдауында сөзсіз орындалуы тиіс он міндет-мемлекетіміздің өркендеуі мен дамуына даңғыл жол ашады. Осы он міндетті орындауда бізге үлкен жауапкершілік жүктелген. Міндеттің қайсысын алып қарасаңыз да жергілікті жерлерде орындалуы тиіс мәселелер. Оның үстіне күні кешегі Мемлекет басшысының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуіндегі бес бастаманың орындалуы да Үкіметтің немесе облыс басшыларының ғана міндеті емес, оны іс жүзінде жүзеге асыруға бәріміз жұмылуымыз керек. Жалпы алғанда, аудан экономикасы – еліміздің біртұтас экономикалық кеңістігінің құрамдас бөлшегі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші жылдан-жылға артып келеді. Мәселен былтыр аграрлық өндіріс саласында түбегейлі құрылымдық өзгерту жұмыстары жүргізілді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысында қосалқы және шағын шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру, тиісті инфрақұрылымы бар өнімдерді қайта өңдеуді арттыру жұмыстары алға қойылып, соның негізінде ауылдық аймақтардың өндіріске бейімділігі артты. – Кооперативтерге бірігу туралы сөз қозғап қалдыңыз, бүгінге дейін қанша шаруашылық бірікті, ауыл шаруашылығы саласына қаралып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы қалай? – Қосалқы және шағын шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру – бүгінде күн тәртібінде өткір тұрған мәселе. Жеке ауыл шаруашылық құрылымдарының басшыларымен, мүшелерімен кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Осындай жұмыстың нәтижесінде «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы «50 ауыл» концепциясын жүзеге асыру аясында ауданда сүт бағытында 4, ет бағытында 6 және басқа да 4 кооператив ұйымдасты-рылды. Сүт кластері бойынша 15 шаруа қожалығы бірігіп, «Жуалы Алатау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, көкөніс және мал шаруашылығы кластері бойынша құрамында 24 шаруашылығы бар «Нұрлыкент–2017» өндірістік кооперативі құрылды. Тұқым шаруашылығы кластері бойынша құрамында 4 шаруа қожалығы бар «СелСемЦентр» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі ұйымдастырылды. Сүт бағытындағы «Ақсай–2016», «Мыңбұлақ–2017», «Қарасаз–2017» кооперативтері 3 дана модульді сүт қабылдау пунктін және «Жуалы сүт» кооперативі бір дана сүт таситын автокөлік, бір танкер қойып, жоспарлы жұмыстарын толығымен орындады. Сүт бағытындағы «Ақсай–2016» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіндегі 80 адамға 294,7 миллион, «Қарасаз–2017»-дегі 37 азаматқа 126,2, «Мыңбұлақ–2017» кооперативінің 44 мүшесіне 143,0 миллион теңге несие берілді. Ал ет бағытындағы «Ақсай–2016»-ның 51 мүшесі 177,5, «Көкбастау–2017»-нің 32 мүшесі 108,0 және «Қарасаз–2017» кооперативі 170,2 миллион теңге иеленді. Мал шаруашылығы мен көкөніс бағытындағы «Нұрлыкент–2017» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің 58 мүшесі болса 158,8 миллион теңгеге қол жеткізді. Аудандағы іріленген шаруашылық құрылымдарына барлығы 1 миллиард 178,4 миллион теңге несие берілді. Ет бағытындағы «Гамбург» ЖШС 1 миллиард теңгеге 1200 бас малға арналған алаң құрылысын бастаса, «Нұрлыкент–2017» және «Атамекен бастау» кооперативтері жаңадан екі мал сою пункттерін ашу үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» өтінімдерін өткізді. Ауыл шаруашылық саласына қаралған бағдарламалардың орындалуына келер болсақ, былтыр «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 5 шаруа қожалығы 45,8 миллион теңгеге 186 бас мүйізді ірі қара малын және 35 бұқа сатып алды. «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламалары бойынша да нақты жұмыстар атқарылды. – Ауданда ауыл шаруашылығының екі саласы да қатар дамығанын білеміз... – Жалпы аудан дихандары арпа, бидай, картоп, қант қызылшасы, көкөніс, бақша өнімдерін өсіреді. Біздің ауданда қыста қар қалың түсіп, көктемде ылғал мол болатындықтан судан тапшылық жоқ. Оның үстіне, бірнеше ауылдық округтің аумағынан өтетін «Көксай» каналы бар. Табиғаттың берген осындай сыйын шаруалар тиімді пайдалана білуде. Атап айтқанда, былтыр 33390 гектар алқапқа егілген дақыл түрлерінен 77130 тонна өнім жиналып, гектарына 23 центнерден айналды. Ал биылғы өнім үшін 64 212 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын отырғызу жоспарланған. – Өнеркәсіп саласы туралы не айтасыз? – Ауданда бірқатар өндіріс ошақтары жұмыс жасап, нәтижесінде өнеркәсіп өнімдерін шығарып отырған кәсіпорындар былтыр 6 349,4 миллион теңгенің өнімін өндіріп, 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өндірілген өнімнің нақты индекс көлемі 106,4 пайызды құрады. 4345 кәсіпкерлік субъектілері тіркелсе, оның ішінде 3 ірі, 11 орта және 307 шағын кәсіпорын бар. 1424 жеке кәсіпкер мен 2600 шаруа қожалығы тіркелген. Осы кәсіпкерлік-шаруашылық субъектілерінде барлығы 9137 адам жұмыс атқаратын болса, оның 200-і кәсіпорындарда, 622-і шағын кәсіпорындарда, 1867-і жеке кәсіпкерлікте және 6448 адам шаруа қожалықтарында еңбек етуде. Былтыр кәсіпкерлік саласы бойынша 5 миллиард 714 миллион 300 мың теңгенің өнімі өндірілді. Тиісінше бюджетке 123 миллион 386 мың теңге салық түсті. Жалпы тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің 3932-і немесе 90,5 пайызы жұмыс істеуде. Аудан бойынша былтыр 1980,5 миллион теңгенің бөлшек саудасы жасалып, 2016 жылмен салыстырғанда нақты индексі 4,1 пайызға артты. Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» шағын несие беруді көбейту туралы алдымызға нақты міндет қойды. Сондықтан бұл мәселені биыл одан сайын ширата түсеміз. – Ауданды аралай жүріп, құрылыс саласының да дамып жатқанын байқадық... – Иә құрылыста қарқын бар. 2017 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 2 миллиард 724 миллион 662,0 мың теңгені құрап, бұрнағы жылмен салыстырғанда 142 пайызға орындалды. Сметалық құны 488035,0 мың теңгені құрайтын Қызыларық ауылындағы 150 оқушыға арналған орта мектеп құрылысына былтыр 288035,0 мың теңге қаржы бөлініп, игерілді. Биылға 198,8 миллион теңге қарастырылған, шілде айында құрылысы аяқталып, жаңа оқу жылында шәкірттер білім ұясының табалдырығын аттайды. Нұрлыкент ауылындағы 30 орындық амбулатория құрылысына 105979,0 мың теңге бөлініп, құрылысы аяқталды. Қарасаз ауылында да осындай денсаулық сақтау мекемесіне 109000 мың теңге қаралып, пайдалануға берілді. Б.Момышұлы ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны құрылысына 177 000,0 мың теңге бөлініп, құрылыс жұмысы аяқталса, аудандық сот ғимараты жаңа жыл қарсаңында пайдалануға берілді. Жеке тұрғын үй салушылар қатары да арта түсуде. Көлтоған, Күреңбел, Қарасаз, Шақпақата, және Қошқарата ауылдарының ауызсу жүйесі құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы 39607,0 мың теңгеге жасалып, сараптамаға ұсынылды. Бүгінде 15 елді мекеннің жерасты су қорларын зерттеу нәтижесінде оң қорытынды алынып отыр. Биыл Ертай, Рысбек батыр, Т.Дүйсебайұлы ауылдарын ауызсу жүйесімен қамтамасыз етуге жобалық-сметалық құжатын жасатуға бастапқы деректі құжаттары жинақталуда. 15 елді мекенге құны 2500 миллион теңгені құрайтын табиғи газ құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары осы наурыз айының соңында сараптамадан өтуі жоспарлануда. – Облыстың қай ауданында болмасын ауызсу, газ және жол мәселесі толық шешіле қойған жоқ. Дегенмен кезең-кезеңмен ауылдарға тіршілік үшін аса қажетті бұл мәселелер шешімін таба береді. Ал енді Жуалының жолы қалай? – Былтыр аудандық маңызы бар және ауылішілік автокөлік жолдарын орта және ағымдағы жөндеуден өткізуге 256900,1 мың теңге қаралып, тиісті жөндеу жұмыстары толғымен аяқталды. Облыстық және аудандық мәндегі автомобиль жолдарын қыс мезгілінде күтіп ұстау жұмыстарына 49223,0 мың теңге қарастырылып, жұмыстар атқарылуда. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық мәндегі жолдар үлесі 78,0 пайызды құрайды. Ауданда қыстың қатты болатынын ескеріп, 102 миллион 364 мың теңгеге 4 «МТЗ» тракторы, 1 «КамАЗ» және 2 жүк тиегіш техникасы алынды. Осындай ауқымды жұмыстың нәтижесінде қары қалың, қысы қатал келетін ауданымызда төтенше жағдай орын алған жоқ. Қорыта айтқанда, ауданда атқарылып жатқан жұмыс көп. Білім, денсаулық, мәдениет және спорт салаларында да жеткен жетістігіміз жетеді. Туризмді дамытуды қолға алу жолдарын қарастырудамыз. Әрине бір сұхбатта бүтіндей бір ауданның қайнаған тыныс-тіршілігін қамтып шығу мүмкін емес. Жолдау жүктеген, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» міндеттеген және облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің берген тапсырмаларын орындау жолында тынымсыз еңбек ете береміз. – Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Амангелді ӘБІЛ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді