Бек Нұрманбет қарсыласын нокаутқа түсірді
Финляндияда жалауы желбіреген халықаралық турнирде қазақстандық боксшылар жасындай жарқырады. Әсіресе 81 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен жас талант Бек Нұрмағанбет ақтық сында ресейлік боксшыны сұлатып салды. Артем Агеев сынды тәжірибелі боксшымен қолғап түйістірген Бек қарсыласынан еш қаймыққан жоқ. Жекпе-жек басталған сәттен басымдықты қолға алған қазақ баласы бірінші раундтың соңына қарай сол қолымен жойқын соққысын дөп тигізіп, Агеевті нокаутқа жіберді. Аяққа әзер тұрған Артемнің шайқасты жалғастыруға мүмкіндігі жоқ екенін түсінген төреші жекпе-жекті тоқтатты. Бек – чемпион! Айтпақшы, Бек Әділбек Ниязымбетовтің салмағында өнер көрсететінін айта кеткен жөн. Финляндия астанасы Хельсинки төрінде өткен додада Бектен өзге 56 килограмм салмақтағы өреніміз Қайрат Ералиев, 69 килограмм салмақ дәрежесіндегі Абылайхан Жүсіпов, 91 килограмдағы Василий Левит, алыптар бәсекесінде Қамшыбек Қоңқабаев топ жарса, 52 килограмдағы Олжас Байниязов күміс медаль иеленді. Түйіп айтқанда, Финляндиядан қазақ боксшылары толайым табыспен оралды. Алдағы аламандарда да жойқын жұдырықты жампоздардан жеңіс күтеміз.
Табиғат Абаилдаев
Ұқсас жаңалықтар
Әулиеаталықтар айтулы аламанда атой салды
- 16 қыркүйек, 2024
Қазақ жігіті Америкада топ жарды
- 11 қыркүйек, 2024
Ақпарат
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Президент эстрада әншісін «Барыс» орденімен марапаттады
- 22 шілде, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді