«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Зербұлақ» па, сорбұлақ па?..

«Зербұлақ» па, сорбұлақ па?..
ашық дереккөз
«Зербұлақ» па, сорбұлақ па?..

Тараз қаласындағы жалғыз көл шомылу маусымына дайын болмай шықты

8Таразымыздың маңдайына біткен жалғыз «Зербұлақ» көлі жаз шыға тұрғындардың суға шомылып, тал-дарағын саялайтын орны. Көл жағасында демалып, күнге қыздырынып, табиғат аясында тыныққан үлкен-кішінің көңілі сергіп қалары даусыз. Бірақ, биыл көлге келушілер қатары селдіреген. Себебі, көлдің жағасы да, суы да лас. Тұрмыстық қалдықтардың неше алуан түрін осы жерден көріп, суына түсуге жиіркенерің кәміл. Ағымдағы жылы 8 сәуірде «Ақ жол» газетінде «Тараздың орманы жас, жері кәрі. Тазалыққа тұрғындардың өздері де жауапты» деген сын мақала жарық көрді. Онда «Жаздыгүні аптап ыстықта жұртшылық бір мезгіл шомылып, демалатын «Зербұлақ» көлінің жағасын осы маңға жақын тұратындар қоқыс тастайтын орынға айналдырыпты» деп кейістік білдірген едік. Осыған орай, Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б. Жақсылықов «Қаланы абаттандыру және санитарлық тазалау мақсатында жарияланған көктемгі үш айлық аясында «Зербұлақ» демалыс орнындағы бей-берекет күл-қоқыс орындары тазаланғанын хабарлаймыз» деп қала әкімінің орынбасарына, ал, әкім орынбасары біздің редакцияға жауап қайтарған еді. Іс осымен бітіпті. Одан бері екі жарым ай өтті. Алайда, оң өзгеріс әлі байқалмайды.

9«Зербұлақ» көлін суға шомылу маусымына дайындау шарасы қаншалықты деңгейде атқарылғанын білмек мақсатпен қала әкімдігінен нақты мәлімет алдық. Жылда жергілікті бюджеттен аталған шараға 6 миллион 100 мың теңге бөлініп тұрады екен. Биыл осы көлемдегі қаражаттың 2 миллион 876 мың теңгесі игеріліпті. Десек те, ең маңызды мәселе – тазалық сақтауға басты назар аудару жайы олқы соғып тұрғаны жасырын емес. Бұл тұрғыда шаруа қолға алынған болса, оның нәтижесі көзге қораштау көрінетіні қалай? «Көрген көзде – жазық жоқ», көлді жағалай аралап өттік. Көл жағасын шөп басқаны, оның құрбақалар мекеніне айналғаны, жан-жағында бос шөлмектердің шашылып жатқаны көпшілік ренішін туғызуда. Тараз қалалық суда құтқару мекемесі орын тепкен тұс тіптен, көңіл құлазытады. Жағалауда қалдыққа толы қапшықтар да, құрылыстан қалған күл-қоқыстар да жатыр. Біздің көзімізше Берік Рысқұлов деген жігіт суға түсуге оқталды да, кері оралды. Су бетінде қалқыған памперстер мен іріп-шіріген ескі-құсқы шүберектерді көріп, жүрегі айныды-ау дейміз. Суы иістенген, құрақ, қоға, жалбыз өскен, балдырлы көлде бақа ғана сайран салуда. Суға түсуге рұқсат берілген орындарға белгі қойылыпты. Осында Т. Әлімходжаев деген қала тұрғыны жиі келеді екен. Өзі құрылысшы. «Жағалауда құм да жоқ. Босаған құтылардан аяқ алып жүре алмайсың. Себебі мұнда қалдық тастайтын жәшік орнатылмаған. Сондықтан қалған-құтқан азық-түлік те, босаған ыдыс та сол жерде қалады. Барлық жәшік көлдің бас жағында тізіліп тұр», деп қынжылысын жеткізді. Суға түсуге келгендер тікен шөптерден аулақ барып, тақыр жерге жайғасуда. Кейбірі құм төгілген орын іздеп әуре. «Су түбінде аяғың балдырға да ілінеді, бос шөлмектерге де тиеді. Осыны тиісті орын басшылары ескеріп, тазалағанда көпшіліктің разылығын алар еді» дейді бір топ демалушы. Әйтеуір, жағалаудағы қалың шөптерді орып алса, малға ырғын азық болары сөзсіз. Әзірге көлдің төрттен бір бөлігі тазалау сияқты көрінгенімен, дені лас. «Зербұлақ» көліне жалғасып жатқан тағы бір үлкен су арнасындағы тазалықтың жайын айтуға ауыз бармайды. Былықтың «көкесі» осында. Оған жақындап еркін тыныс алу мүмкін емес. Айналадағы тұрғын үйлердің адамдары жағымсыз иіске әбден үйренген де сыңайлы. Оның мұндай күйге түсуіне олардың өздерінің де үлкен үлесі бар. Қалай десек те, қала әкімдігі көлге қалдық төгетіндерге тыйым салып, қатаң шара қолданғаны жөн. Сондай-ақ, судың санитарлық тазалығын тексеріп, қалпына келтіруді тез арада ойластырған абзал сияқты. Әйтпесе, бүлінген судан шошынған жұртшылықтың ерніне ұшық шығып, ауру табары кәдік.

Лесбек САЙЛАУБЕК, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар