Рафаэль НИЯЗБЕК, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы I. Жансүгіров атындағы сыйлығының иегері, Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
Ырыс аунап, бақ дарыған Жамбыл жерінің жақсысы мен жайсаңы «AQ JOL» газетінің «Біз Жамбылданбыз» атты жаңа айдарында ата қоныс, туған жер жайында орамды ойлары мен елге арнаған еңбектері, өнегелі өмір жолы хақында баяндайтын болады. Газетіміздің бүгінгі санында оқырман назарына Талас топырағында туған белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы І. Жансүгіров атындағы сыйлығының лауреаты, Шешенстанның Мемлекеттік сыйлығы мен «Ұлт намысы» орденінің иегері Рафаэль Ниязбековпен болған сұхбатты ұсынып отырмыз.
– Рафаэль аға, жуырда Түркі әлемінен жақсы жаңалық жеткенінен хабардармыз. Сол туралы толығырақ айтып өтсеңіз. – Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қоры (TÜRKSAV) 2017 жылдың қорытындысы бойынша «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының иегерлерін анықтаған болатын. Лауреаттар есімін қордың басқарма төрағасы, жазушы Яxия Акенгин Анкарадағы кеңсесінде өткізген баспасөз мәслиxаты барысында жариялады. Сол тізімде, бағымызға қарай, біздің де атымыз бар екен. Маған дейін мұны қазақтың қабырғалы қаламгерлері Олжас Сүлейменов, Мұхтар Мағауин, Мекемтас Мырзахметовтер алыпты. Аталмыш сыйлық түбі бір түркі жұртының өнері мен әдебиетіне елеулі еңбек сіңіріп жүрген қайраткерлерді ынталандыру мақсатында жыл сайын беріледі. Биылғы жеңімпаздар бұл сыйлықпен мамыр айында марапатталмақ. Бұйыртса, Анкара қаласына шақырамыз деді. Бұрындары марапат иелеріне сыйлықты Түркия елі Президентінің өзі табыстайтын. Ендігісін бара көреміз...
– Құтты болсын! Сіздің бұл жетістігіңіз барша қазақ елінің, оның ішінде өзіңіздің жерлестеріңіз – жамбылдықтардың да мерейі, қуанышы екені сөзсіз. Бұл сіздің осы уақытқа дейінгі елеулі еңбегіңіздің, ойлы шығармаларыңыздың өтемі деп білеміз. Айтыңызшы, осыған дейін қанша кітабыңыз жарық көрді? – Мен әу бастан поэзия жанрында еңбектеніп, шабытымның шарықтауынша ойлы, отты өлеңдер жазуға барымды салдым. Қай деңгейде, қандай бағада жазғандарымды сауатты сыншы оқырмандарымның өздері парықтап алар. Кейін, кемелдене келе прозаға да бет бұрдым. Өлең жолдарына сыймаған ойларымды, проза арқылы айшықтап қағаз бетіне түсірдім. Өлеңнен де алыс кетпедім. Шабыт қысқанда шырайлы шумақтар жазуға тырыстым. Осыған дейін жазған тәмам туындыларымды түгендесем, қырық алты кітапқа жетеді. Әр сәтте туған жырларыммен қатар, үш романым, бір пьесам, әдеби сын мақалалар мен очерктерім бар.
– Бір кездері сіздің қаламыңыздан туған «Талас тасып аққанда» атты очеркіңіз талайлардың оң бағасын алып еді. Көптің көңілінен шыққан сол дүниенің тууына не түрткі болды? – Кеңес дәуірінде жазылған шығарма ғой. Құдайға шүкір, біздің Талас ауданы мал шаруашылығына бейім. Әр совхозда ол кезде алпыс-жетпіс мың қой болатын. Елдің дәулеттілігі өз алдына, ондағы адамдардың мейірімділігін айтсаңызшы. Мені сол мейірім өсірді, тәрбиеледі, асқарларға қанат қаққызды. «Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі» демекші, мен үшін Таластың орны биік. Мен 1943 жылы наурыз айында Талас ауданына қарасты Тамабек елді мекенінде дүниеге келіппін. Соғыс отының лаулап тұрған шағы. Әкем Ниязбек 1942 жылы желтоқсан айында майданға аттаныпты. Оралмады. Өте сауатты кісі болған деседі көзкөргендер. Сұм соғыстың салдарынан әкемді көру бақытына ие бола алмай, көп қатарластарым секілді мен де жетім өстім. Әйтсе де атамның тәрбиесімен есейдім. Нағашы ағам Шахзаданың да қамқорлығын аз көрген жоқпын. Анам Рафия бақты, қақты, жеткізді. Балалық шағымның бір бөлігі атамның қасында, жазда – жайлауда, қыста – қыстауда өтті. Табиғаттың тамашасына таңдай қағып, бұла самалға маңдайымды сипатып, ерке желмен жарысып ержеттім. Көктемде тасып аққан Талас жағалауының табиғаты тамаша еді. Сол өзеннің буырқанған шағы, табиғаттың керім көрінісі, сондағы елдің тыныс-тіршілігінің әсерінен жазылған шығарма еді ол. Қазір сағынамын соның бәрін.
– Сөзіңізден өткен күнге, туған топырағыңызға деген сағыныштың самалы есіп тұр. Сіз аңсаған сол кез бен бүгінгі буынның айырмашылығы неде? – Ол кездегі аналардың әдептілігі, әкелердің азаматтығы, ақсақалдардың көрегендігі бәрі-бәрі бұл күнде айтып отырсақ аңыз-ертегі сияқты. Қазіргі кейбір қариялар жастарға өсиет айтпақ түгілі, дұрыстап бата беріп, ас та қайыра алмайды. Батыр Баукең жасы үлкен кісілерді шал, қария, ақсақал, абыз деп төртке бөлген екен. Шал деп шай үстіндегі жеңіл әңгімеден аса алмайтындарды, қария деп өз әулетін басқарып, кем-кетігін келістіріп отырғанды, ақсақал деп бір ауылға бас-көз боп, адасқанға ақыл, жол сұрағанға жөн сілтеген сыйлы қарт кісіні айтса, ал абыз деп бүтін елді бірлікке бастап, бітімгерлікке шақырып, берекеге үндеп, халықтың мұңын мұндап, жоғын жоқтап отыратын көпті көрген кісіні атапты. Қарап тұрсақ, мұнда үлкен мағына, мән бар. Қазір ақсақал, қариялар азайып, шал-шауқандар көбейіп бара жатқаны мені алаңдатады.
– Кейінгі жылдары Тараздың тарихын танытуда жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Екі мың жылдық шежіресі бар шаһарда Қазақ хандығының 550 жылдық тойының өтуі де зор тағылымды дүние болғаны сөзсіз. Осы ретте айта кетсеңіз, сыртта жүрсеңіз де туған өңірдегі игі істер сізге қандай сезім сыйлауда? – Менің бойымда қандайда бір жақсы қасиет болса, сол туған жерімнен, Жамбыл топырағынан дарыған дегім келеді. Бір ғана Жуалыдан қанша батыр шықты, Баукең, Шерағаң, бертіндегі Бақытжан Ертаевтардың өзі неге тұрады?! Мен туған Таластан 58 Социалистік Еңбек Ері, 2 Кеңес Одағының Батыры шыққан. Ақын-жазушылар елі деп те атайды кейбіреулер ол жақты. Ал Тараздың тарихы өткен дәуірлерден сыр шертеді. Қазір сол құнды мұраларымыз, жәдігерлеріміз жан-жақты зерттеліп, ашылуда. Елбасымыз «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» дегенді де бекер айтып жүрген жоқ. Қазақ хандығының алғашқы туы Мойынқұм мен Шу аудандарының аумағында тігілгені баршаға мәлім. Тараздың екі мың жылдығына арналған халықаралық мүшәйрада бірінші орынды иелендім. Ондағы өлеңімнің жақсы шығуы сол туған еліме деген махаббатымның, құрметімнің әсерінен деп білемін. Сондай-ақ халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхаммед Қонаев та тірісінде Жамбыл өңіріне жиі барып тұрғанын, сол өңірді ерекше жақсы көргенін ешкім жоққа шығара алмайды. Әлі де жамбылдық көзкөргендер Қонаев хақында, оның әр сапары туралы тағылымды, әсерлі әңгімелеп, баяндап отырады. Ондағы халық тұлғаның 90,100 жылдық мерейтойларын дүркіреп атап өтуінің бір себебі де сонда жатыр.
– Сіз айтып отырған баһадүр Момышұлымен өзіңіз де жүздесіп, қызметіне жараған екенсіз. Сол туралы әңгімелеп беріңізші. – Иә, ағалы-інілі ретінде кездесіп, ой бөліскеніміз бар. Бірақ Баукеңнен ел айтып жүргендей қиқарлық, оғаш мінез көрген жоқпын. Бірде Шерағаның жұмсауымен Бауыржан ағаның қызметіне жарадым. Ол орысша айтып тұрды, мен жазып алдым. Сосын екеуміз шай іштік. Сонда маған «Бүгін заман өзгерді. Кезінде мен бір ауыз орысша білмейтінмін. Бірақ намысқа тырысып үйрендім. Қазір ешкімнен кем сөйлемеймін. Сен жас жігітсің. Жаңағы жазудан қате жібермеуге тырыс. Ол саған сын болады», – деп үлкен сенім білдіріп әрі қанаттандырды. Ол жай ғана жылы жүзбен айтқан ақылы еді. Бірде Бауыржан аға Кубаға барып келгенін естіп, кездесуге шақырдық. Онда студентпіз. Кураторымыз Зейнолла Қабдоловтың өтінішін жерге тастамаған батырмен жүздесіп, тағылымды әңгімесін тыңдадық. Тура қырық бес минут сөйлеп, жан-жақты ой қозғады. Сондағы айтқандарын санама сіңіріп алдым. Кейін батырдың 90 жылдығында мүшәйраға қатысқанда сол маған үлкен азық болып, жыр бәйгесінде жеңімпаз атануға септігін тигізді. Баукең туралы айтқанда, мына бір жайт есіме түседі. Таласта Дәдебай мен Қартабай деген мықты қазақтар өткен. Тоғыз жылқыларын тоғыз жүз жылқыға жеткізген. Бауыржан мінген ақбоз атты да осылар баптап, өсірген деген әңгіме бар. Әлгі ақбоз ат батырды минаға толы майдан даласынан аман-есен алып шыққаны туралы оқығанмын.
– Шерағаңмен де жақсы сыйлас болдыңыз... – Мені әлдекімдер «Шерханның шекпенінен шыққандар» қатарына қосып жатады. Олай деуге келмейді. Бірді-екілі үйге шақырып, дастархандас болып тұрдық. Шерағаңның «Қызыл жебе» романының атын мен қойдым десем де болады. Жұлдызда істеп жүрген кезім. Аталмыш роман жарық көргенде, «Шерхан Мұртазаның алысқа атылған қызыл жебе – Т.Рысқұлов туралы романы жарық көрді» деп ақпарат жаздым. Соны оқыған қаламгер аға мені шақырып алып ризашылығын білдіріп, кітабын солай атағысы келетінін айтты. Кейін ол кітапты журналға жариялағанда да, баспаға дайындағанда да өзім басы-қасында болдым.
– Балалық шақтан бір әсерлі оқиғаңызды еске алсаңыз. – Сегізінші сынып оқып жүргенімде бір мұғалім ұрып, мектептен азар да безер болып қашып кеттім. Содан не керек, мектепті тастадым. Келесі оқу жылында сабақты ойыма да алған жоқпын. Атамның қолында жүргенде еңбекке етім өліп, шаруашылыққа бейімделіп, әбден ысылдым. Бір күні көшеде лай-балшық илеп жатсам, Берден Байқошқаров деген мектеп директорының орынбасары келіп тұр. Оқуға не үшін келмей жүргенімді сұрады. Мен баяғы мұғалімге деген ызамды ұмытпаған кейіппен үзілді-кесілді бас тартатынымды айттым. Өте білікті, білімді кісі еді. Кітап алып беретінін, оқу бағдарламасынан қалып кетсем де өз сыныптастарымның қатарына қосып, тоғызыншы классқа отырғызатынын айтып, көндірді. Содан көзімде қайта нұр пайда болып, өмірден түңіле бастаған бозбала Рафаэльдің алғы күнге деген сенімі арта бастады. Тоғызыншы сыныпты бітірген соң, атам анамның қолына жіберді. Мектепті аяқтағаннан кейін аудандық газетте аз-кем жұмыс істедім. Кейін оқуға түстім. Бір нәрсені айтып өту керек, аудан, совхоз басшылығындағы адамдар маған зор сеніммен қарады. Ауылымның үлкендері болашағымнан үлкен үміт күтті. Құдайға шүкір, туған топырақтың сол сенімін ақтаған шығармын деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Қуат Әуесбай
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді