Қолдау бар, нәтиже қайда?
Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен Қысқы Олимпиада ойындары мәресіне жетті. Қазақстан спортшылары бұрынғы қалыбынан танбай, жалғыз қоламен ақ аламанды түйіндеді. Төртжылдықтың басты додасының қорытындысында ел құрамасы жалпыкомандалық есепте 28-орынға тұрақтады. Біз шаңғы спортының шебері Алексей Полтораниннен, Абзал Әжіғалиев бастаған шорт трекшілерден, мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннен, фристайл спортының сайыпқырандарынан жүлде күткен едік. Сенімді тек фристайлшы Юлия Галышева ғана ақтап, қола жүлдені қоржынымызға салды. Әрине, бір қарағанда жақсы. Төрт жыл бұрын Ресейдің Сочи қаласында өткен нәтижені қайталадық. Алайда өсу, өркендеу қайда? 2010 жылмен салыстырғанда кері кетіп тұрғанымыз нені меңзейді? Иә, Ванкуверде биатлоншы ару Елена Хрусталеваның арқасында бір күміс еншілегенбіз. Одан кейін күміс жүлде ұмыт қалды. Алтын туралы сөз қозғамай-ақ қоялық. Жалпыкомандалық есепте топ жарған Норвегия, екінші орын алған Германия, үштікті қорытындылаған Канада құрамаларына қызыға, қызғана қарадық. Айтпақшы, Олимпиада ойындарында олжа салған сайыпқырандарға ең көп сыйақы төлейтін де біздің ел. Ақ аламанда топ жарғанға 250 мың АҚШ долларын, күміс медаль иегеріне 150 мың АҚШ долларын, қола медаль еншілеген спортшыға 75 мың АҚШ долларын тағайындайтын біз ғана екенбіз. Одан бөлек, төртінші, бесінші орын алғандарға да қаржылай қолдау көрсетеміз. Бірақ ұмтылыс кемшін. Қысқы Олимпиада ойындарының қорытындысы бойынша спортшыларымыз бен олардың бапкерлеріне 59 миллион 105 мың теңге беріледі. Әрине, қолаға қол жеткізген Галышева 75 мың АҚШ долларына ие болмақ. Өзге де бірқатар жүлдесіз қайтқан спортшылар құралақан қалмайды. Әйтеуір, Атымтай жомарт болып тұрмыз. Келесі Олимпиада ойындарында спортшыларымыз тағы да бір қоламен қайта ма, әлде... Қысқасы, мемлекеттен қолдау бар, енді нәтиже керек.
Табиғат АБАИЛДАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді