«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақ Олимпиада

Ақ Олимпиада
ашық дереккөз
Ақ Олимпиада

Қазақ қызы командалық сында чемпион атанды

Біз Галина Вишневская, Ольга Полторанина, Алина Райкова, Дарья Климина сынды биатлонның майталмандарынан жүлде күтіп жүрген кезде Беларусь елінің намысын қорғаған қазақ қызы Пхенчханда атой салып, алтын жүлдені мойнына іліп, төрт жылдықтың басты додасында мерейі тасыды. Эстафеталық сында Дарья Домрачева, Ирина Кривко, Надежда Скардино секілді әріптестерімен бірлесіп жарыс жолына шыққан Динара Әлімбекова қарсыластарын қапы қалдырып, командалық жарыста Қысқы Олимпиада чемпионы атанды. Түбі қарағандылық Динара қазіргі таңда Беларусь елінде тұрады. Аталмыш мемлекетте биатлонның қыр-сырына қаныққан екен. Бұған дейінгі сұхбаттарының бірінде ол қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің кім екенін білмейтінін айтып, жанкүйерлер тарапынан сынға ұшыраған болатын. «Мен команда жаттықтырушыларының үмітін ақтап, өз міндетімді мүлтіксіз орындағаным үшін өте қуаныштымын. Қазір өте қатты қобалжып тұрмын. Беларусь елі үшін бұл үлкен жеңіс екені даусыз. Жарыс барысында, ең бастысы қателіктерге орын алдырмауға тырыстым. Үдеден шықтым деген ойдамын. Эстафеталық додаға тыңғылықты әзірлендік. Дайындықтың арқасында осындай толайым табысқа жетіп отырған жайымыз бар. Еңбектің түбінде нәтиже беретіні рас», – деді Динара жарыс аяқталған соң тілшілерге берген сұхбатында. Қазақ арулары арасынан шыққан тұңғыш Қысқы Олимпиада чемпионы командасы жеңіске жеткен сәтте сасқанынан қайда баратынын, тұғыр қай жерде орналасқанын журналистер қауымынан сұраған көрінеді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Ұқсас жаңалықтар