«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тараз – облыстың айнасы

Тараз – облыстың айнасы
ашық дереккөз
Тараз – облыстың айнасы

сондықтан қаланың сәулеттік келбеті ерекшелік пен әдемілікті қажет етеді

Астана мен Алматыға жол түсіп тұрады. Мына көрші өңірдегі Шымкент қаласына да жиі барамыз. Жыл санап емес, күн сайын гүлденіп жатқан сәулеттік келбеті қандай шіркін елорданың! Арқа төсіндегі Астананы ақындар жырға, әншілер әнге қосуда. Арман қала биылғы 20 жылдығына орай одан сайын көркейіп, гүлдене түсері сөзсіз. Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі, студенттік жылдарымыз өткен ару қала Алматы да барған сайын құлпыра түсуде. Былтыр жазда Шымкентте болдық, зәулім ғимараттары – өзінше бір ансамбль. Әріптес дос отбасымызбен 2015 жылдың қазанында ашылған 76 мың гектар алқапты алып жатқан «Қазына» этнотарихи кешенін аралатты. Бәйдібек бабаның үлкен ескерткіші, тарихи-өлкетану мұражайы, салт-дәстүр және әдеп-ғұрып орталығы, атшабар, Наурыз алаңы, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументалды ескерткіш... Ғажап енді. «Жайлаукөл» көлінің дәл ортасындағы «Махаббат аралына» бару үшін қайыққа отырдық. Бұл кезде түннің бір уағы болып қалған. Сонда да көл бетінде ары-бері жүзген қайықта жастар да, үлкендер де көп. Жанымыздан Шәмші ағаның «Қайықта» әнін шырқап, жастар жұбы өтіп барады...

Шырайлы Шымкенттің көркіне, келбетіне қызықтық, сүйсіндік. Шіркін, біздің Таразда осындай кешен қашан ашылар екен деп армандадық. Тіпті бір-бірін қайталамайтын көп қабатты тұрғын үйлері қандай! Бізде неге жоқ ондай тұрғын-жайлар дейміз іштей. Шымкенттік дос туған қаласының ғажайып келбетін айтып, тауыса алар емес. Бізде қарап отырмай, намысқа тырысып Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында ашылған «Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени орталығын, Керей мен Жәнібектің ескерткішін еске салып, сол мерекелі жылы Тараздың біршама көркейе түскенін айтып жатырмыз. «Иә, ол тікелей Елбасының арқасы ғой» деді. Расын айтты, Мемлекет басшысының тапсырмасымен әр облыс және Астана мен Алматы қалаларының тойға деген тартуының нәтижесі еді ол. Тараздың тағы бір түрленген кезі 2000 жылдығы қарсаңында болды. Ол кезде де ежелгі шаһар біршама құлпыра түскен еді. Ана бір жылдары да «Тараз арена» спорт кешені, орталық мешіт жанынан медресе, балалардың ойын алаңдары, басқа да біршама нысандар ашылды. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп атап көрсетті. Әлгі шымкенттік журналист-досым туған жерінің де, бүтіндей қазақ елінің де мәдениеті мен салт-дәстүрін паш еткен қасиетті орынға біздерді әдейі алып келгендей. Елбасының рухани жаңғыруға даңғыл жол ашқан осы дүниесін қайтара оқыған сайын көрші өңірге жасаған саяхат, оның ішінде «Қазынадан» алған әсерім еске түсе береді. Таразда да туристер мен қала қонақтары тоқтайтын киелі жерлер аз емес. Алайда ол бөлек тақырып, бізді толғандырғаны қаланың бүгінгі кескін-келбеті. Қала орталығында «Достық» алаңы бар. Мерекелік түрлі іс-шаралар да, көктемгі-күзгі маусымда әр сенбі сайын азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі де осы орталық алаңда өтіп келеді. Жыл сайын Жаңа жылдың бас шыршасы да осында орнатылады. Ондай шаралар кезінде алаң қоршалып, автокөлік қозғалысы қиындайды. Ал керісінше әз Наурызда киіз үйлер төмендегі Сүлейменов көшесінің бойына тігіледі. Бір жерде бір сенаримен өтетін мерекелік шаралар тараздықтарды қызықтырудан қалғаны қашан... «Мерекені тараздықтар шат-шадыман, көтеріңкі көңіл-күймен атап өтті» деп аспандатып жатамыз. Расында да солай ма? Жоқ, мерекелік шараға қатысып жатқандардың және көрермендердің дені – мұғалімдер мен басқа да бюджеттік мекемелерде еңбек ететіндер, бірлі-жарым кәсіпорындардың жұмысшы-қызметкерлері. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында да ауық-ауық өтіп жататын мәдени іс-шаралардың қатысушысы да, көрермендері де мемлекеттік мекемелер мен аз-кем басқа құрылымдардың ұжымы. Амал жоқ, жұмыстан шығып кетпес үшін немесе қысқартудан қорқып барады. Осы саябақ жаз айларында сенбі және жексенбі күндері балалардың базарына айналады. Қалалықтар мен қонақтар серуендейтін орындарға балалардың түрлі ойын құралдары орнатылып, екі кісі қолтықтасып жүру мүмкін болмай жатады. Алайда оған қабақ шытып жатқан ешкім жоқ. Қайта, сәбилер түрлі ойын құрылғыларымен асыр салып ойнағанына, 20-30 минуттай ойыншық «машинаға» мініп, зырғытқанға мәз. Балалар ойынының әр сағаты мен минуты ақшаға тіреліп жатқанымен ата-ана да ренжімейді. Өйткені қалада балаларға арналған ойын-сауық орындары көп емес. Содан кейін шағын аудан тұрғындарының дені Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы мен осы жерді таңдайды. Түрлі мерекелік, басқа да мәдени іс-шараларды думандатып өткізетін облыс орталығында ашық аспан астында қандай орын бар? Тек қана «Достық» алаңы мен сырттан атақты әншілер концерттік бағадарламамен келгенде, сондай-ақ облыстық немесе республикалық деңгейде аса үлкен бір мәдени шара өтерде қаланың орталық стадионы беріледі, болды. Қаланың орталығы болсын немесе шағын аудандарды алып қараңыз, шаһардың кескін-келбетінен сонша өзгеріс көрмейсіз. Бір қалыптан шыққандай, бір-бірін қайталаған көп қабатты тұрғын үйлер мен түрлі ғимараттар. Былтыр күзде қалалық әкімдіктен алған дерекке қарағанда, Тараз қаласында тұрғын үй қорына кіретін 1263 көп пәтерлі тұрғын үй болса, оның 1112-сі екі және одан көп қабатты, ал 151-і бір қабатты барак типтес үйлер. Жеке сектордағы үйлер болмаса, көп қабаты үйлердің ішінде көркі көз тартатын архитектуралық ерекшелікпен салынғаны бар ма? Айтпақшы, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен қаланың сәулеті мен келбетін көркейту мақсатында қалалық кеңес құрылып, жұмысын бастады. Тараздықтардың ендігі үміті осы кеңесте. Алғашқы отырысында-ақ облыс әкімі қала басшылығы мен тиісті құрылым жетекшілеріне нақты тапсырма берді. Облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасынан алған мәліметке қарағанда, Тараз қаласының бас жоспары негізінде әзірленген жалпы ауданы 462,2 гектарды құрайтын №14-№15 шағын аудандары және қаланың орталық 201 гектар аумағының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы, негізінен Абай, Жамбыл, Төле би даңғылдары мен Сүлейменов, Комратов, Пушкин көшелеріне және Талас өзенінің жағалауына демалыс орындарын жоспарлау жобасы, олардың эскиздік нұсқалары облыс әкімдігінің қала құрылысы кеңесінде қаралып, хаттама негізінде бірқатар ұсыныстар беріліпті. Алдағы уақытта шағын аудандар мен көшелерде құрылыс нысандарын салу, осы жобалардың аясында жүйелі түрде жүргізіліп, қаланың сәулеттік келбетінің жақсаруына айтарылықтай мүмкіндік беретін көрінеді. Облыс орталығының сәулеттік келбетін жақсарту жұмысының жалғасы ретінде одан әрі Қонаев, Ташкент, Байзақ батыр сынды негізгі көшелердің де жоспарлары жасалу көзделуде екен. «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы мен «Қарахан» кесенесіне дейінгі аралықты Адамбаев көшесі тұсымен гүлзарлармен, су бұрқақтар және сәулеттік кіші элементтермен абаттандырылған жаяу жүргіншілер жолының эскиздік жобасы дайындалыпты. Мақұлданған жағдайда нақты жобалау жұмыстары жасақталады екен. Облыс орталығы көшелері мен саяжай алқаптарына жоспарлау жобасын жасақтауға 142 миллион теңге қаражат қарастыруға бюджеттік өтінім берілген. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жобасы аясында, «ақылды қала» үлгі тұжырымдамасын қалыптастыру қажеттілігін ескере отырып, облыс орталығына «Smarert city» элементерін енгізу және кешенді сәулеттік, инженерлік тиімді энергиялық шешімдерін қалыптастыру мақсатында Тараз қаласының әкімдігі «Тараз – ақылды және қауіпсіз қала» инфроқұрылымын дамыту тұжырымдамасын тәжірибелі ұлттық инфокоммуникациялық мекемелерді іске тарта отырып, көшелерде, автобус аялдамаларында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық көлікте кездейсоқ қауіпті жағдайларды болдырмау үшін бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілетін көрінеді. Бұдан басқа да қаланың сәулеттік келбетін жақсартып, оны жоғары деңгейге көтеру мақсатында қолға алынып жатқан шаруа көп екен. Бір сөзбен айтқанда Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы міндеттерді орындау үшін басқарма тарапынан да, қалалық әкімдік тарапынан да нақты жұмыс қолға алынған сияқты. Алайда оның қалай орындалатынын уақыт көрсетер. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «... Басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек» деді. Ал қаладан, облыстан шыққан ондай азаматтар еліміздің әр қиырында жүр. Тараздың өзінде де аз емес. Мәселен, қалалық мәслихаттың 6 депутаты өздерінің қаржыларына жоғарыда сөз болған бейне бақылау камераларын орнатып, балалардың ойын алаңшаларын салып бермекші. Міне, «туған қаламды көркейтуге өз үлесімді қосамын» деген азаматтар бар. Тек қана ондай қайырымды, қалталы жерлестерді ұйымдастыра білу керек, қолдау қажет. Тараз – облыстың айнасы, киелі өңірдің Тәуелсіздік жылдарындағы өсіп-өркендегені қаланың қайнаған – тыныс-тіршілігінен, сәулеттік келбетінен, сән-салтанатынан аңғарылады. Сондықтан ежелгі шаһардың бүгіні мен ертеңі үшін тынымсыз еңбек ету биліктің ғана емес барша қалалықтардың парызы.

Амангелді Әбіл

Ұқсас жаңалықтар