Қазір әлем елдері технология, экономика және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістерді бастан кешіруде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында Қазақстанның төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін айқындап берді. Жаңа бағыт барлық салаға түбегейлі бетбұрыс қажет екенін көрсетіп отыр. Осы орайда облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің халыққа есеп беру кездесуінде өткен жылдың көрсеткіштері сараланып, алдағы бағыт-бағдарымыз айқындалды.
Жыл қорытындысы бойынша өңір тұрғындары алдында есеп берген Асқар Исабекұлы былтыр облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика сақталғанын атап өтті. Жыл ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижесі сараланған алқалы жиынға Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Еркін Базарханов, Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов қатысты. «Баласағұн» орталық концерт залында бейнебайланыс режімінде өткен есепті кездесуде барлық аудан мен жалпы 3 мыңға жуық тұрғынға өңір басшысының баяндамасын тыңдауға мүмкіндік туды. Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында атап көрсеткеніндей, бізге дамудың жаңа сапасы қажет. Ол, бірінші кезекте, төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін кеңінен енгізуге негізделуі тиіс. Ал оның өзіндік сын-қатерлері де болатыны анық, мүмкіндіктері де көп. Өз баяндамасында өткен жылғы негізгі көрсеткіштерді атап өткен аймақ басшысы істі үйлестіруде олқы түскен бірқатар салаларды қайта жаңғырту арқылы қандай мәселелерді зерделеу қажет екеніне тоқталды. – Есепті кезеңде 368 миллиард теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндірілген. Өсім 1,8 пайызды құраған. Инвестиция 5,5 пайызға көбейді. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 13,0 миллиард теңге инвестиция тартылған. Жалпы 10 жоба іске асырылып, 716 жұмыс орны құрылған. Әйтсе де кейбір көрсеткіштер бойынша өндіріс көлемінің төмендегені байқалады. Мысалы, қант өндірісі 22 пайызға, соның салдарынан тамақ өнімдерінің өндірісі 17 пайызға азайған. «Амангелді газ өңдеу» зауытындағы нақты көлем индексі де 52 пайызды ғана құраған. Бұған себеп – ірі өндіріс орындарында жоспарлы жөндеу жұмыстарының жүргізілуі, шикізатты өңдеуге тапсырыстың болмауы, – деген облыс әкімі осындай жағдайлардың алдын алу үшін экономиканың барлық секторында тұрақты бақылау-талдау жүргізілуі тиіс екенін айтты. Ол үшін тиісті басқармалар, әкімдер мен кәсіпорындар арасында әріптестік байланысты бір жүйеге түсірген дұрыс. Өңір басшысының пайымынша, кәсіпорындардың жұмысын тұрақтандыру үшін мына мәселелер зерделенуі тиіс: өндіріс орындарын қайта жаңғыртып, олардың қуаты мен жүктемесін көтеру бойынша нақты межеленген жоспарлар қабылдау қажет. Ол жоспар қатаң бақылауда болуы керек. Сол үшін мамандарды тарта отырып, Өнеркәсіп саласының аймақтық картасын әзірлеу қажет. Оған тұрып қалған, жаңғыртуға жататын кәсіпорындарды енгізген жөн. Карта өндіріс орындарының паспортын қалыптастыру нәтижесі бойынша әр ауданның экономикалық және ресурстық әлеуетіне негізделген жобаларды қолдауға бағытталады. Мәліметтерге сүйенсек, жыл басында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 58 мыңды құрап отыр. Жалпы саны 9 пайызға артқан. Оларда 285 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, өсім 0,7 пайызды құраған. Екінші деңгейдегі банктер арқылы 26 миллиард теңге несие берілген. Кәсіпкерлерді «KMF» микронесиелік ұйымы 19 миллиард теңгеге ауылдық несиелік серіктестіктер шаруаларды 2 миллиард теңгеге несиелендірген.
Осы статистикалық көрсеткіштерге тоқталған Асқар Мырзахметов шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының сапасына терең талдау жүргізу қажеттігіне назар аударды. Бұл ретте, жергілікті жерлерде шағын және орта деңгейдегі қайта өңдейтін кәсіпорындарға қолдау көрсетіп, кәсіптердің бағыттарын әртараптандыру маңызды. Осы жұмыстарды жүйелендіру үшін аталған картада нақты көрсеткіштер түзіп, оны іске асыруды қазірден бастап қолға алуымыз қажет. Бұл туралы сала мамандарына тиісті тапсырма берілді. Ендігі жерде, әкімдер мен басқармалардың өндірісті дамытудағы жұмыстары осындай индикаторлар арқылы бағаланатын болады, – деді ол. Өңір басшысының айтуынша аймақта аграрлық саладағы еңбек өнімділігін арттыруға және экспортты ұлғайтуға да үлкен мүмкіндік бар. Өткен жылы ауыл шаруашылығында 255 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 5,5 пайызды құраған. Салаға 24,7 миллиард теңге инвестиция тартылыпты. Агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 11,8 миллиард теңге субсидия бөлінді. – Пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға енгізу арқылы ауыл шаруашылық дақылдары орналастырылған алқаптар 6,2 пайызға артып, 630 мың гектарға жеткізілген. Биылғы межеміз – 650 мың гектар. Алайда облыста, қолайлы жағдайларға қарамастан, жеміс-көкөніс, алма, жидек өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындардың тапшылығы байқалады. Біз осы мәселеге назар аударуға тиіспіз, – деді Асқар Исабекұлы. Баяндамашының мәліметінше есепті жылы мал шаруашылығының барлық санаттарында өндірілген ет, сүт, жұмыртқа, жүн өнімі де артқан. Барлық мал саны көбейген. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары 2-4 есе артығымен орындалған. Дегенмен өңір шаруалары осыған тоқмейілсіп, тоқтап қалмай, ет өнімдерін өндіруді – 127 мың, сүтті – 311 мың, экспорттық ет өнімдерін 2,4 мың тоннаға дейін жеткізу қажет. Себебі, өнеркәсіптегі кәсіпорындар сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың да жүктемесі төмен. Соның бірі – мемлекеттік бағдарламаның көмегімен 2,5 миллиард теңгеге жуық инвестиция салынған, тәулігіне 40 тонна ет өнімдерін шығара алатын «Оңтүстік халал тағамдары» ЖШС. Аталған серіктестік қазір шикізаттың жетіспеуінен толық түгіл, жартылай қуатына шыға алмай тұр. Сол үшін өндіріс орындары мен шикізат дайындайтын, әсіресе, ұсақ шаруашылықтарды өзара байланыстыру жұмыстарын ұйымдастыруымыз қажет. Жер мәселесіне келсек, облыс аумағының 72 пайызы тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға қолайлы. Аграрлық салаға инвестициялар тарту мақсатында 295 мың гектар жердің әлеуеті анықталған. Осы жерлерді, аймақтың климаттық ерекшелігін ескере отырып, қажет деген жобаларға ғана беру қажет. Бүгінгі күнге инвестициялық жобаларды іске асыру үшін 828 гектар жер бөлінген, – деді облыс әкімі. А.Мырзахметовтің сөзіне қарағанда, жайылымдық инфрақұрылым объектілерін дамыту және қайта жаңғырту мақсатында өткен жылы 223 дана ұңғыма пайдалануға беріліп, жоспар артығымен орындалған. Барлық жоспарланған шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы облыстың өңірлік жалпы өніміндегі ауыл шаруашылығы өндірісінің үлес салмағын 25 пайызға жеткізу жоспарланды. Бұл іс алдымен Өңірдің агроөнеркәсіп саласының кешенді картасын әзірлеуден басталады. Яғни екінші карта. Облыстағы барлық санаттағы жерлер, ауылдағы мал саны мен жайылымдық көлемі, қажеттілігі, шешу жолдары, суару жүйелері мен инфрақұрылым туралы деректер, дамыту жоспары, басқа да өзекті мәселелер осы құжатта қамтылатын болады. Екіншіден, өсімдік шаруа-шылығында өңірдің климаттық жағдайы мен өнімді өткерудің ыңғайлы жағына қарай басымдық берілмек. Мысалы, сұранысы жоғары майлы дақылдар немесе техникалық және мал азығы дақылдарының алқабын көбейту қажет. Осыған орай әртараптандыруды нақтылаған жөн. Үшіншіден, суармалы жерлердің әр гектарының тиімді пайдалануын зерделеп, пайдаланудан шығып қалған егістік жерлерді қайта айналымға қосу үшін нақты шаралар айтылған картада қаралатын болады. – Өткен жылы осы бағытта 148 заң бұзушылық анықталған. Осыған байланысты 128 ескерту және 20 тұлғаға 4,7 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Бірақ осының өзі жеткіліксіз. Жер инспекциясының барлық елді мекендерді қамтуға ресурстық қауқары жетпейді. Сондықтан жер инспекциясы мен ауыл әкімдерінің аппараттары бірге тығыз жұмыс істеуі керек. Енді әкімдер пайдаланылмай жатқан жерлер мен оны қайта айналымға енгізу бойынша тоқсан сайын арнайы есеп жүргізетін болады, – деген облыс басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы төртінші міндет – тұқым сапасы мен агрохимия жұмыстарына тоқталды. Облыста қазіргі уақытта 10 аттестатталған ауыл шаруашылық нысаны жоғары репродукциялы тұқым өндірумен айналысып отыр. Өткен жылы, аграрлық ғылымды өндіріспен ұштастыру мақсатында ғалымдармен бірлесе отырып, 8 инновациялық жобаны өндіріске енгізу жұмыстары жүргізілген. «Тұқым шаруашылығын субсидиялау» бағдарламасы аясында 645 миллион теңге бөлінген. – Дегенмен мендегі ақпарат бойынша, облыстағы егілетін тұқымдардың 90 пайызы пайдаланылғалы 10 жылдан асып кеткен екен. Сондықтан өнім беру қуаттылығы төмен. Біз жаңа, өнімділігі жоғары тұқымдардың сұрыптарын енгізуіміз қажет. Егер оны отандық тұқым шаруашылықтары ұсына алмаса, онда әлемдегі белгілі сұрыптарды кеңінен қолдану жолын қарастыру керек. Биыл егістік алқаптарын тыңайту, минералды тыңайтқыштар қолдану жұмыстары өз жалғасын табады. Ақпаратқа сүйенсек, 2017 жылы шаруашылықтар 16,7 мың тонна тыңайтқышты 109 мың гектар алқапқа қолданған. Бұл жалпы егіс көлемінің 17 пайызын құрайды. Облыстық орта көрсеткіш – осы. Ал кейбір аудандарда 10 пайызға да жетпейді, – деді әкім. Баяндамашының сөзінше, биыл тыңайтқыштарды енгізу алқаптарын 117 мың гектарға жеткізу жоспары бар. Оны субсидиялауға 800 миллион теңге қарастырылған. Бұл істе бастысы – қаржының қарапайым шаруаларға қолжетімділігін шешу қажет.
Ауыл әкімдері үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен мүмкіндікті жіберіп алмай, тиімді пайдаланып, кооператив құру мен оларды дамыту – бірінші кезекте атқаратын жұмыс болуы тиіс. Бұл мәселе – ауыл шаруашылығы басқармасы мен барлық деңгейдегі әкімдердің жұмыс рейтингісін анықтаудағы басты көрсеткіштің бірі.
Әкім бесінші мәселе ретінде су тапшылығын атады. Облысымыз ағын судың 80 пайызын Қырғыз елінен алатыны баршаға белгілі жағдай. Осы проблеманы шешу үшін биылдан бастап картада бұрын болған шағын тоғандарды қалпына келтіру, сондай-ақ тоғандар салатын жаңа мүмкіндіктерді енгізу көзделіп отыр. Ал мемлекеттік бағдарлама аясында сыйымдылығы 40 миллион текше метрді құрайтын 3 су қоймасын салу жоспарда бар. Сонымен қатар 2021 жылға дейін «Қарақоңыз» (Қордай), «Ынталы» (Сарысу) «Тасөткел» (Шу) су қоймалары көлемін ұлғайту жұмыстарын жүргізу де көзделуде. – Биыл 24 су қоймасы мен бөгеттер ағымдағы жөндеуден өтеді. Иесіз қалған өзге де нысандар коммуналдық меншікке қайтарылуы қажет. Бұл жұмыстар аяқталса, 86 мың гектар суармалы жер қайта айналымға енгізіледі. Сондықтан суармалы жерлерге толық талдау жүргізіп, оларды қалпына келтіру бойынша тапсырма берілді. Каналдарды тазалау жұмыстарын облыстық деңгейде шешу мәселесін де қарастырудамыз, – деді А.Исабекұлы. Оның бір жолы – арнайы мехотряд құру. Бұл жұмысты жүргізуге қажет қаржы қаралуда. Әкімнің айтуынша, біздің келесі бағытымыз шаруаларды ірілендіру болмақ. Облыста 196 ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Соның 146-сы былтыр құрылған екен. Кооперативтер 2017 жылы 2 мың тонна ет және 32 мың тонна сүт өндірген. Дегенмен ауыл, аудан әкімдері, басқарма мамандары бұл кооперативтермен тығыз байланыста жұмыс жүргізбеген.
Соның салдарынан кооператив өнімдерін қайта өңдеуші кәсіпорындарға өткізу жұмыстарын ұйымдастыру назардан тыс қалған. Ауыл әкімдері үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен мүмкіндікті жіберіп алмай, тиімді пайдаланып, кооператив құру мен оларды дамыту – бірінші кезекте атқаратын жұмыс болуы тиіс. Бұл мәселе – ауыл шаруашылығы басқармасы мен барлық деңгейдегі әкімдердің жұмыс рейтингісін анықтаудағы басты көрсеткіштің бірі. – 2017 жылы облыс бюджетіне кірістер бойынша 241 миллиард теңге сомасында түсімдер түсіп, жоспар 101,3 пайызға орындалды. Ал ішкі сауда айналымы 1,0 миллиард АҚШ долларынан асып, 2016 жылмен салыстырғанда екі жарым есеге өскен. Жыл басында инфляция деңгейі 107,2 пайызды құраған. Бұл – республика көлемінде орташа деңгейдегі көрсеткіш, – деген өңір басшысы облыстағы құрылыс саласына тоқталды. Былтыр бұл бағыттағы жұмыстар көлемі 3,1 пайызға артып, 112,3 миллиард теңгені құраған. Есепті жылы 34 әлеуметтік, 25 инфрақұрылымдық нысандар құрылысы жүргізіліп, барлық қаржыландыру көздерінен қаржы қарастырудың арқасында 397,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ағымдағы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 320 көп пәтерлі 4 үй, 505 бір типті жекеменшік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, өз иелерін таппақ. Сондай-ақ құрылысы былтыр облигациялық несие арқылы басталған 13 үй аяқталуға таяу. Сонда барлығы 420 мың шаршы метр тұрғын үй тапсыру жоспарлануда. Айтпақшы, көне шаһардың шырайын кіргізетін 14 пен 15-шағын аудандардың іргесі қаланып, әсем ғимараттар бой көтеретін күн жақын. – Жол мәселесі дегенде, өңірдегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 77 пайызды құрайтынын айтамыз. Енді 2020 жылға қарай бұл көрсеткішті 82 пайызға жеткізу жоспарлануда. Ал газдандыру мәселесі бойынша 11 жоба қаралып, оған 3 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Сонда аймақта 303 елді мекен газдандырылып, облыс бойынша 80 пайыздық межеге қол жеткізіледі, – деді А.Мырзахметов. Су – тіршілік көзі. Сондықтан тұрғындарды таза ауызсумен қамту – басты мәселе. Бүгінгі күнге облыста елді мекендердің 62,2 пайызы орталықтандырылған таза ауызсу жүйесімен қамтамасыз етілген. Биыл 14 нысанның құрылысы мен 13 жобалық-сметалық құжатты әзірлеуге республикалық және жергілікті бюджеттен 6,2 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін 7 нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде. Осыны айтқан аймақ басшысы Елбасы Н. Назарбаевтың ел Үкіметіне жыл сайын халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін 100 миллиард теңге бөлуді тапсырғанын еске салды. 2020 жылы облыстың 80 пайызы таза ауызсумен қамтылуы керек. Ол үшін қазірден нақты сараптама жасап, жоспарлар түзген абзал. – Біз әлеуметтік міндеттемелердің барлығын толықтай орындауға тиіспіз. Есепті кезеңде облыста 2,4 миллиард теңге көлемінде 142, 7 мың адамға әлеуметтік көмек көрсетілген. «Өрлеу» пилоттық бағдарламасы аясында 2827 еңбекке қабілетті азамат әлеуметтік қолдаудың белсенді түрлеріне тартылды. Нәтижесінде табысы кедейшілік шегінен төмен тұратын азаматтардың халық ішіндегі үлесі 0,8-ден 0,1 пайызға төмендеген. Әлеумет мәселесі дегенде, ұлт денсаулығын сақтау және медицинаның сапасын арттыру қашан да өзекті. Былтыр саланы қаржыландыруға 57,1 миллиард теңге жұмсалған. Жергілікті бюджет есебінен емдеу мекемелерін материалдық-техникалық базасын нығайтуға 3,4 миллиард теңге бөлінген, – деді өңір басшысы.
Биыл бюджет есебінен 6 спорт нысанының құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі. Дегенмен елді мекендерде бұл жұмыс тек бюджет есебінен ғана шешілмеуі тиіс. Мысалы, мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша «Шу қаласында орналасқан дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде сервистік қызмет көрсету» жобасы іске асырылуда. Оны барлық аудандарда ұйымдастыруға болады.
Асқар Исабекұлының айтуынша, былтыр өңірімізде алғашқы медициналық көмек көрсететін 12 нысан салынды. Биыл қабылданған бюджетте осындай 9 нысан жоспарланған. Ал бүгінгі күні облыста жалпы 82 денсаулық сақтау нысанның құрылысы салынуы қажет. Орта есеппен жылына 10 нысан салатын болсақ, онда оған әлі 8 жыл уақыт керек. Бұл мәселені 2-3 жылда шешу үшін биыл қосымша 30 нысан салу мәселесі қарастырылмақ. Яғни үстіміздегі жылғы жоспар – 39. Қалған 43-і 2019-2020 жылдары іске қосылатын болады. Бұған бюджет қаржысын үнемдеу тәсілдерін қолдану арқылы қол жеткізіледі. Биыл медициналық қызметтерді цифрландыру, ұйымдарды интернет жүйесімен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Негізі, әкімшілік және басқа да бейінді құрылымдарды оңтайландыру есебінен жылына 400 миллион теңгедей үнемдеуге болады екен. Жалпы, жоспарланған нысандардың жоба құнын ықшамдау арқылы үнемделген қаржы есебінен салынатын әлеуметтік нысандардың санын арттыру үшін басқа да жұмыстар жүргізілуде. Кездесу жиынында белгілі болғандай, облыс бюджетінің ауқымды бөлігі білім беру саласына жұмсалыпты. Өткен жылы осы салаға 98,4 миллиард теңге бөлінсе, биыл оның көлемі 102,7 миллиард теңгеге жеткен. – Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту – барлық білім беру сатысының негізгі өзегі болғандықтан, оның мәні ерекше. Ақпаратқа сүйенсек, облыста 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 90,2 пайызды құрайды. Бұл – тек кезекте тұрған балалардың көрсеткіші. Сондықтан біз жалпы бүлдіршіндер саны мен халықтың табиғи өсімін ескере отырып, тиісті жоспарды бекітуіміз керек. Бүгінде облыста 477 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істесе, оның тек 20 пайызы – жекеменшік. 2020 жылға белгіленген межеге жету үшін әр ауылда, ауданда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті әрі қарай дамытып, жеке бизнесті тарту қажет. Бұл жұмысты «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында да атқаруға болады, – деді облыс басшысы. Елбасы Жолдауда цифрлық білім беру ресурстарын дамытуға бет бұруды тапсырды. Облыста мектептерді жылдамдығы жоғары интернетке қосу және оларды видеоқұрылғылармен жабдықтауға толық мүмкіндіктер бар. Бүгінде онлайн білім құралдарына және ата-аналармен хабар алмасудың заманауи әдістеріне қол жеткізу үшін облыс бойынша білім ошақтарының 99,8 пайызы цифрлық білім беру ресурстары порталына 70,7 пайызы жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосылған. Алайда мұның өзі, әсіресе, бала саны көп мектептерде, әрбір мұғалім мен оқушының ғаламторға шығу мүмкіндігін қамтамасыз етпейді. Әкімнің сөзіне сүйенсек интернет жылдамдығын көтеру үшін жергілікті бюджеттен 229 миллион теңге қарастырылып отыр. Сондай-ақ биыл облыс орталығында ІТ мектеп-лицейін ашу көзделуде. Себебі, төртінші өнеркәсіптік революциялық даму бағыты оқу орындарына зор жауапкершілік жүктейді. Баяндамашы өңірде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатты, нақты нәтижеге бағдарлануы тиіс екендігін айтты. Жастар басқармасы проблемаларды талдап, өңір жастарының әлеуетін тиімді іске жұмылдыруы керек. Жоғары оқу орнын бітірген түлектерді жұмыспен қамту, кәсіпкерлікпен айналысатын жастарға қолдау көрсету бағытында нәтижелі жұмыс атқаруға тиіспіз. Құқық бұзушылық профилактикасы, дәстүрлі емес діни ағымға бет бұрғандарды қалыпты ортаға қайта бұру жұмыстарына да баса мән берілуі қажет. – Облыста спортты дамытудың негізгі бағыттары белгіленген. Соның бірі – қысқы спорт түрлері. Біз құны қымбат жабық ғимараттарды салғанша, өңірдің таулы аумақтарынан кешенді спорт базасын жасауды қарастыруымыз керек. Табиғаты әсем жерлер тек спортты дамытып қоймай, туристік саланың дамуына қозғау салары сөзсіз. Облысты дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасына жүйелі түрде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындарды қамту индикаторын енгізу керек. Мемлекеттік бюджет есебінен қаржы алатын спорт нысандарының тұрғындардың барлық санатына қолжетімді болуы шарт, – деген А.Исабекұлы жеткіншектерді олимпиадалық спорт түрлері бойынша дайындайтын өзге де спорт нысандарының жұмысының нәтижесі мен тиімділігіне талдау жүргізу қажеттігін айтты. Ол халықаралық деңгейдегі жүлдегерлердің, ұлттық құрама командасына енген спортшылардың санымен бағалануы тиіс. Облыс әкімінің баяндамасынан білгеніміздей, биыл бюджет есебінен 6 спорт нысанының құрылысы аяқталып, қолданысқа берілмек. Дегенмен елді мекендерде бұл жұмыс тек бюджет есебінен ғана шешілмеуі тиіс. Мысалы, мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша «Шу қаласында орналасқан дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде сервистік қызмет көрсету» жобасы іске асырылуда. Оны барлық аудандарда ұйымдастыруға болады. – Қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету басты назарда болуы қажет, – деді Асқар Мырзахметов. Былтыр осы мақсатта 6,2 миллиард теңге бөлінген. Оның 1,3 миллиард теңгесі материалдық-техникалық жабдықтауға жұмсалған. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде жалпы қылмыстар – 22, оның ішінде ұрлық 22,6 пайызға төмендеген. Цифрландыру саясатына сәйкес облыстық ішкі істер департаментінде пилоттық жоба ретінде енгізілген «Электрондық қылмыстық іс» бағдарламасына жергілікті бюджеттен 111 миллион теңге қаралған. Бүгінде өңірлік жергілікті полиция қызметі алғашқылардың бірі болып электронды әкімшілік хаттама қалыптастырудың мобильді қосымшасын қолдануда. Биыл бұл мақсатқа 32 миллион теңге бөлініп отыр. Осы деректерді әңгімелеген өңір басшысы қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстарға қарсы «Қауіпсіз Тараз» жобасы жүзеге асырылып жатқанын айтты. Осы жоба аясында «Қазақтелеком» АҚ-мен жасалған меморандум аясында қаладағы тұрғын үйлердің кіреберісіне 110 бейнебақылау камералары орнатылған. Жалпы, бүгінгі таңда облыс орталығында 34 дана стационарлық «Автоураган» кешені және сырттай бақылайтын 206 бейнекамера жұмыс істеп тұр. Барлық саладағы нәтижелі тірліктер мен түйіні тарқамаған түйткілдерге тоқталған облыс әкімі рухани жаңғыру бағдарламасы аясында жоспарланған жұмыстарды да сөз етті. – Тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын, рухани әлемін жаңғыртуға бағытталған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде өткен жылы өңірде жалпы құны 1,1 миллиард теңгеге жобалар мен іс-шаралар ұйымдастырылды. Биыл 64 жоба және 37 іс-шара өткізуге 2,7 миллиард теңге қарастырылып отыр. Оның 2,4 миллиард теңгесі меценаттар есебінен болса, 336 миллион теңгесі жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылмақ, – деген аймақ басшысы биылғы негізгі жұмыс Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер мен бағдарламаларды іске асыруға бағытталатынын айтты. Соның ішінде тарихы терең Қазақ хандығының қазығы қағылған Жамбыл жерін одан ары дамыту бойынша бірқатар жоспарлар бар. Соның бірі – Тараз шаһарын шырайландыру. Асқар Исабекұлының айтуынша, қазірдің өзінде бұл жұмыстар басталып кеткен. Жұмысты жүйелендіру үшін Қала құрылыстық кеңес құрамы өзгертіліп, апта сайын отырысы өтуде. Қаладағы саябақтар мен гүлзарларды, көше келбеттерін өзгертуге қатысты жоспарлар түзелуде. – Алдымызда қыруар жұмыстар күтіп тұр. Оларды бірлесе отырып, абыроймен атқарамыз деген сенімдемін, – деп сөзін қорытындылады облыс әкімі. Сондай-ақ жиында сөз алған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан туындаған міндеттердің мәні мен маңызын түсіндіруді мақсат тұтқан республикалық ақпараттық топтың жұмысы облыс әкімінің халық алдындағы есеп беру жиынымен тұспа-тұс келгенін айтып, бірқатар мәселелерді қозғады. Жолдау жүктеген 10 міндеттің әрқайсысының қалай жүзеге асырылып жатқанын баяндады. Мемлекет басшысы тапсырған 10 бағыт бойынша Жамбыл жерінде іске асатын жобаларға тоқталды. Министрдің айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде нақты жоспарлар ұсынылып, мақұлданған екен. Оған тиісті қаржы да қарастырылыпты. Бақыт Сұлтановқа елдегі қаржылық мәселелерге байланысты сауал қойған тұрғындар да болды. Оның бірі Әзірбайжан банкіне аударылып кеткен зейнетақы жарналарының қайтарымы туралы болса, екіншісі биткойндар сатып алуға тәуекел жасаудың дұрыс-бұрыстығын сұрады. Бақыт Тұрлыханұлы зейнетақы жарналарын қайтару туралы екі ел арасында келісім жасалғанын, оған 15 жыл уақыт берілгенін, осы мерзімде қаржы өсіммен қайтарылатынын түсіндірді. Сондай-ақ биткойн сатып алуға тәуекел етпеуге кеңес беріп, одан гөрі өз экономикалық жүйемізге сенім артқан дұрыс екенін айтты.
Сан сауалға – нақты жауап
Жарыссөз кезегінде облыс тұрғындары, белсенді азаматтар мен түрлі саланың өкілдері көкейлеріндегі мәселелерді бүгіп қалған жоқ. Жұрт тілге тиек еткен мәселелердің басым көпшілігі – ауызсу, «көгілдір отын», жол, егістік жерлер және бірқатар әлеуметтік түйткілдер. Асқар Мырзахметов өз кезегінде барлық сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
Алғашқылардың бірі болып сөз алған журналист-жазушы, мұрағаттанушы Мақұлбек Рысдәулет облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғимараты тарлық ететінін айтты. – Тараз өңірі – тұнған тарих. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бүгінде өзектілігімен ерекшеленуде десек, рухани жаңғырудың алтын арқауы төл тарихымыз бен мәдениетіміз екені сөзсіз. Осы орайда, «Тараз – тарихымыздың темірқазығы», «Тараз – руханиятымыздың алтын діңгегі» деген Елбасының тағылымды сөздері еріксіз ойымызға оралады. Алтын діңгекке айналған тарихымызды танытатын мәдени нысандардың талапқа сай болуы – бізге сын. Елу жылдан бері бір ғимаратта отырған облыстық тарихи-өлкетану музейінің бүгінгі жағдайы мәдениет жанашырларын алаңдатуда. Өйткені жаңа экспозициялармен толықтыруға нысанның мүмкіндігі шектеулі. Осы олқылықтың орны қашан толтырылады, таяу жылдары облыс орталығында жаңа мәдени нысандар, оның ішінде музей ғимараты салына ма? – Сұрағыңыз орынды. Жуырда ғана облыстағы зиялы қауым өкілдерінің бірқатар өкілдерімен кездесуде осы мәселелер көтерілген еді. Осы ретте «Өңірдегі мәдени нысандар мен мекемелер өз деңгейінде қызмет етіп отыр ма?» деген сауал туындағаны да рас. Қаладағы сондай нысандарды аралап, жағдайларымен жіті таныстым. Сіз айтып отырған тарихи-өлкетану музейінің де жай-күйінен хабардармын. Шын мәнінде ғимараттың ескіргені өз алдына, құрылысы талапқа сай еместігі де көзге ұрып тұр. Көп қабатты нысандағы тарихи жәдігерлердің орналасуы музейдің ажарын ашып тұр дей алмаймын. Сол себепті, өткенімізден сыр шертетін бар құнды жәдігерлерімізді келушілердің назарына ұсыну үшін жаңа музейдің салынғаны дұрыс. Бұл алдағы уақытта шешімін табады деп сенейік, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ Асқар Исабекұлы «Көне Тараз» археологиялық кешеніндегі музейдің аты затына сай жарақтанбағанын, ондағы бос аумақты да тиімді пайдалану қажеттігін сөз етті. Келер жылы облыстың құрылғанына сексен жыл толатынын қозғаған өңір басшысы соған орай өзге де бірнеше мәдени нысандардың жұмысын жандандыру жоспарланып отырғанын айтты. Ал Сарысу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құдайберді Әбілов «көгілдір отынды» зарыға күткен аудан тұрғындарының тілегін жеткізді. – Баяндамаңызды тыңдап, өткен жылы атқарылған игі істерге марқайып, алдағы жоспарлардың ауқымды екенін білдік. Өздеріңізге белгілі, Сарысуда 45 мыңға жуық тұрғын бар. Бәрімізді «Ауданға қашан табиғи газ кіреді?» деген сауал мазалайды. Бұл сауалдың көтерілгені бірнеше жылдың жүзі болды. Тиісті мекемелерді құлақтандырғанымызбен, әлі де нақты жауап ала алмай келеміз. Көршілес Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян ауылынан бері қарай газ құбыры тартылады деген еді. Тұрғындардың тілегі қашан орындалады екен? – деді сарысулық азамат. – Бұл – маңызды мәселе. Жуырда арнайы Астана қаласына барғанымызда Үкімет басшылығына, тиісті министрлерге облыстағы бірнеше түйткілін айтып, хабардар еттік. Солардың қатарында сіз айтып отырған мәселе де бар. Жоспар жобасы дайын. Ол жұмыс бұған дейін басталып кетуі керек еді, алайда «ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС-ның осыған қатысты жұмысы кешеуілдегендіктен, 2019 жылға шегеріліпті. Алайда «көгілдір отынның» тартылуы тек өндіріс орнының мүддесі үшін емес, 45 мың тұрғын үшін керек. Сондықтан министрлікке өтінім жібердік. Жұмыстың ауқымдылығын назарға алып, тиісті қаражаттың бір бөлігін облыстық қазынадан қарастыруға да дайын екенімізді жеткіздік. Өтінімге ойдағыдай жауап келсе, ол жұмыстың құрылысы биылдан кешіктірілмей басталады деп күтілуде, – деді облыс басшысы. Тұрғындар әлеуметтік мәселелерді де аз қозғамады. Атап айтар болсақ, Құрметті теміржолшы, облыстың Құрметті азаматы Тұрсынбай Халық азық-түлік бағасының қымбаттауы халықты алаңдатып отырғанын айтып, алайда нарықтық заманда оны шешудің бір тиімді жолы деп шаруалар мен жастарды бау-бақша өсірумен айналысуға шақырып, еңбекке баулуға үндеді. Оның ойынша, шағын болса да суармалы жері бар тұрғындар өз ауласына керекті көкөністерін егіп, баптаумен айналысса, тиісінше одан таршылық көрмей, бағаны ауыздықтауға мүмкіндік тумақ. Облыстық мәслихат депутатының ұсынысымен келіскен Асқар Исабекұлы базарлардағы тауарлардың бағалары төңірегіндегі біршама жайттарды тілге тиек етті. – Иә, кез келген өнімнің бағасы сұранысқа байланысты өсетіні белгілі. Десе де, бұл орайда тағы бір мәселенің шеті көрінеді. Базардағы бағаның құбылмалылығы – қолдан жасалған «баға саясаты» болуы мүмкін. Шын мәнінде, де ол сұраныстың нәтижесінде өскен баға ма, әлде басқалай ма деген ой туады. Сатушылар емес, бірнеше сауда орталықтарының басшылары келісіп, бағаны көтеруге ықпал етеді. Бұл – ойланатын жайт. Сонымен қатар мына бір жағдайға да көңіл бөлу керек. Қазір мемлекет ауыл шаруашылық саласына көп жеңілдіктер жасап, қолдау білдіруде. Әсіресе, кооперативтерге біріккендерге мүмкіндік мол. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша жергілікті атқарушы органдар арқылы жеңілдіктерге қол жеткізіп, мал өнімдерін өндіріп жатқан өңірдегі кәсіпкерлердің тауарларын сырттан келген делдалдарға өткізеді. Делдалдар етті қайда апарып, қандай бағада сатам десе де, өз еркі. Егер сол өнімдерді өзіміз базарға шығарсақ, баға тұрақтанбай ма? Бұл ретте тиісті басқармалар мен өнім өндірушілер арасында жүйелі байланыс орнату керек. Біз осыны қазір қолға алудамыз, – деді Асқар Мырзахметов. Тараз қаласының тұрғыны Алпысбай Смайылов шаһардағы темір жол бекетінің алдындағы скверді жөндеп, абаттандыру керектігін, қалалықтар жаз айларында саялап, демалатын орындардың көбісінің тозығы жеткенін қозғады. Облыс әкімі қала құрылысы кеңесінде бұл мәселелер көтеріліп, атқарылатын шаралардың бір жолға қойылғанын, оны өзі жіті қадағалап отырғанын айтты. – Қала құрылысы кеңесінің отырысын ай сайын өткізіп отырамыз. Оған өзім қатысамын. Алғашқы жиындарда-ақ бірқатар жұмыстардың жоспары талқыланды. Олардың қатарында сіз айтып отырған саябақтар мен аллеяларды абаттандыру, қалыпқа келтіру, қала сәулетін арттыру секілді негізгі шаралар бар. Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағына орталық алаңдағы батырдың ескерткішін көшіріп, «Даңқ» мемориалын салу көзделуде. Өзге де көптеген жоспарлар бар. Істі алдын ала айтқаннан гөрі, тыңдырып, көрсеткен дұрыс деп білемін. Ал темір жол бекетіне келетін болсақ, ондағы скверді ауыстыру, абаттандыру мәселесі де сондай. Әйтсе де алдымен бекет маңындағы көліктердің бейберекетсіздігін шешуді бүгіннен бастауды тапсырамын. Кездесуде облыстық қоғамдық кеңес хатшысы Сембек Сейдәзімовтің көтерген сауалы да көпшіліктің көкейіндегісін дөп басты. – Облыстағы сарқынды су мәселесі бүгінде көптеген жамбылдықтарды мазалап жүргені сөзсіз. Бұл – талайдан бері шешімін таппай келе жатқан түйткілдердің бірі. Қазіргі кезде сарқынды су жиналған аумақтың жерасты суының жағдайын ескеретін болсақ, алдағы уақытта бұл экологиялық қауіп тудыруы мүмкін. Әлбетте, мұны облыстық бюджет көтермейді, дегенмен республикалық қазынадан қаржы сұрастырып, мәселенің түйінін тиімді тарқататын болсақ, жергілікті халықтың көңілі орнына түсері анық, – деді Сембек Әбетайұлы. – Облысқа әкім болып келгенде өңірдегі басты мәселелердің бірі ретінде осы сауал алдымнан шықты. Жамбыл ауданының тұрғындары да осыған алаңдаулы екен. Олардың айтуынша, сарқын судың әсерінен ауызсу ғана емес, арық-атыздағы ағын сулар да ластанып, мал ішпей жатқан көрінеді. Сондықтан бұл мәселені Үкімет мүшелеріне жеткіздік. Дұрыс айтасыз, бұл қомақты қаражатты қажет етеді. Десе де біз мұны басқа өңірлердегі тәжірибелерге сүйене отырып, кезең-кезеңімен жүргізуді жоспарлаудамыз, – деді аймақ басшысы. Облыстық мәслихаттың депутаты Гүлжан Тілеубердиева Меркі-Шу тасжолының тозығы жеткенін айтып, соның салдарынан бірнеше ауылдарға қатынауда қиындық туғанын жеткізді. Оған облыс әкімі Асқар Мырзахметов: «Жақында сол ауданға іссапармен барғанымда, сол жолмен жүріп көрдім. Шынында жолдың жағдайы мүшкіл екен. Бұл туралы әкімдік те, басқарма да жақсы хабардар. Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбековке де осы жайды мәлімдедік. Ағымдағы жылы аталмыш бағыттағы жолдың құрылысы басталатын болады», – деп нақты әрі қысқа жауап берді. Жарыссөзде сөз алған қала тұрғыны Абдолла Бақбергеннің де көтерген мәселесі өзекті. Ол облыс орталығындағы «Ауыл-Береке» базарындағы берекесіздік пен көшелердегі жайма базарлардың «жырын» баяндады. – Осыдан біраз жыл бұрын ескі базар жабылып, қаланың әр аумағынан ірі үш базар өз жұмысын бастағаны белгілі. «Атакент» пен Орталық базарға айтар базынам жоқ. Десе де «Ауыл-Береке» базарындағы санитарлық талап пен өрт қауіпсіздігінің мүлдем сақталмай отырғаны, көліктердің ретсіз қозғалысы, тұтынушылар түгілі сатушыларды
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді