Тоғыз жолдың торабында орналасқан қаладағы «Шу-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны жүздеген нысан мен тұрғын үйге үздіксіз қызмет көрсетеді. Әсіресе қалалық емхана, 13 әлеуметтік нысан, 226 жеке және 56 көп қабатты үй, 4 мемлекеттік және 48 коммерциялық мекеме дейсіз бе, яғни бас-аяғы 348 маңызды нысанды қыста жылумен қамтамасыз етеді.
Қысымды реттеу қазаншының еркінде емес
Қала тұрғындарының саны жылдан-жылға өсуіне қарай қатты отынмен жылытатын қазандықтарға салмақ түсетіні және тиісінше шығынның да артары белгілі. Орталық қазандықтарды құру жұмысы 1987 жылы басталып, 1990 жылы пайдалануға берілгенін біреу білсе, біреу білмейді. Ширек ғасырдан астам уақыт қолданыста тұрған қазандықтарды қатты отынмен жылыту ауданның экологиялық жағдайына да кері әсерін тигізіп келген-ді. Сондықтан болар, өткен жылы мекеме басшылары жылу орталығын жаңғырту мақсатында мұндағы КЕ-25/14С маркалы бу қазанын газбен жұмыс істейтін BOSCH маркалы UNIMAT UT-L46 су қыздырғыш қазандарына ауыстырып, жылыту маусымына тыңғылықты әзірленген болатын. Кәсіпорын қаңтар айының ортасында «көгілдір отынмен» жұмыс істейтін үш бірдей қазандықты іске қосып, толық табиғи газбен жылытуға көшті. Жыл басында жылу беруді реттеу жүргізу үшін көмір мен газ қазандығын қатар жұмыс істеткен кәсіпорында қазір үш бірдей газ қазандығының тек екеуі ғана қосылып тұр. Кәсіпорынның бас инженері Қалқаман Құсайыновтың айтуынша, бұрынғы көмір қазандығы мен жаңадан орнатылған үш қазандықтың біреуі резервте тұрған көрінеді. – 2014 жылы қазандықты газбен жылытатын арнайы құрылғы орнатылған. Бірақ олар қазіргідей үлкен қазан болмағандықтан, жылытуға күші жетпеді. Әрі тиімсіз болды. Сол себепті қайтадан көмірмен жылытуға көштік. Енді міне, су жаңа газ қазандықтарын іске қосып отырмыз. Оның тиімділігі сол, бұл қазандықтар аса көп жұмыс күшін қажет етпейді. Осыған байланысты, биыл көмір беретін және күл шығаратын 12 қызметкеріміз жұмысынан босады, – дейді ол.
Расымен Германиядан әкелінген қазандықтардың жұмысы автомат-тандырылған екен. Бұл – қазандық сырттағы температураға қарап, тиісінше, ішкі температураның қанша мөлшерде болу керектігін өзі анықтайды деген сөз. Мәселен, даладағы температура – 10 градусты көрсетсе, қазандықтың 348 нысанға беретін жылу энергиясы 70,9 градусты құрайды. Егер де сырттағы суық – 26 градустан асып кетсе, яғни аязды күндерде ішкі энергияның температурасын жұмысшылар өздері туралап қоюға мәжбүр. Өткен айда өңірімізде үш күн бойы толассыз қар жауып, екі жұмадан аса уақыт аяз бет қаратпай тұрғанда да тосын жайттар орын ала қойған жоқ. Дей тұрғанмен, қаладағы көп қабатты үйлердің тұрғындары: «Үйіміз суық, жылу жетпей жатыр», деп қазандық қызметкерлерін кінәлап жатты. Кәсіпорын қызметкерлерінің берген мәліметіне сенсек, өткен жылдың қазан айынан бүгінге дейін қала тұрғындарынан 37 өтініш пен 20 жазбаша арыз түсіпті. Бәрінің шағымы – жылудың аз берілуіне қатысты. Ал мамандар жаңадан орнатылған газ қазандықтары автоматтандырылғандықтан, мөлшерден тыс жылу бере алмайтындықтарын айтып, ақталып әлек. Олар көп пәтерлі тұрғын үйлерге жеткізілетін жылу энергиясының сапасын арттыру үшін үйлердің жертөлесіндегі жылу құбырларын ауыстыру қажет екенін айтады. Сондай-ақ ыстық сумен қамтамасыз етуді қоса есептегендегі желілік судың қалыпты деңгейдегі шығыны сағатына 55-70 текше метрге жететінін, бұның себебін тұрғын үй желілеріндегі жылу құбырларының тозғанымен байланыстырады. Яғни көбісі тазаланбаған. «Құбыр тазартуға кейбір тұрғындар құлықсыз. Сол себепті жылу да мардымсыз. Пәтердегі жылу сапасын арттыру үшін кейбір тұрғындар желілік суды түтікше арқылы канализацияға ағызуда. Бұл желілік судың шығынына, ал ол, сәйкесінше шамадан тыс энергия мен отын шығынына әкеліп соғады», – дейді бас инженер Қалқаман Құсайынов. Кей тұрғындардың жертөледегі жағдайымен ісі жоқ екені де рас. Көпшілігі өз пәтерінің жылы болғанын ғана ойлайды. Жылу есептегіш құралдардың да пайдасын ойлап жатқандар аз. Жылу көп берілсе, шығын да көп. Есептегіш құрал қойылса, үнем болмай ма? Шу қаласындағы 56 көп қабатты үйдің 30-ына осындай құрылғылар орнатудың мақсаты да осы.
Қазандық қауіпсіздігі – басты назарда
Қалада жылу беру орталығын жаңғырту жұмыстары жүйелі жүргізілген. Оған жоғарыда аталған «көгілдір отынмен» жұмыс істейтін BOSCH маркалы UNIMAT UT-L46 су қыздырғыш қазандықтар дәлел. Бірақ бұл қазандықтардың қауіпсіздігі деген де мәселе бар. Апаттың айтып келмейтіні әу бастан белгілі. Өткен жылы Қарағанды облысындағы Шахан кентінде орын алған апат әлі ұмытылған жоқ. Жылыту қазандығынан шыққан ақаудың салдарынан болған жарылыс бірнеше адамның өмірін қиды. Бұл жағдай еліміздегі барлық жылыту мекемелеріне сабақ болды, әрине. Содан бері, қазір қалың бұқара қыстың көзі қырауда жылусыз қалумен қатар, қазандықтардың қауіпсіздігін де ойлайтын болған. Әрине, қай жағынан алып қарасақ та, қатты отынға қарағанда «көгілдір отыннан» келетін қауіп жоғары. Ол түгілі ауылдағы жер үйлердегі газ жарылып, зардап шегіп жатқандар бар. Ал мұндағы үш бірдей алып қазандықтан ақау шыға қалса, одан келетін шығынның мөлшерін бағамдай беріңіз. Оған қазандық істен шыға қалса, қала тұрғындарының басым бөлігі мен әлеуметтік нысандар жылусыз қалатынын қосыңыз. Сол себепті, қаладағы орталық жылу жүйесінің қауіпсіздігі қай деңгейде екенін де анықтап сұрадық. «Шу-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның цех басшысы Марат Қожахметовтің айтуынша, қазандықта қызмет ететіндердің біліктілігіне баса назар аударылады екен. Рас, қазандық операторларын оқыту мәселесінде салғырттық танытуға болмайды. Біздің облысымызда қазандық қызметкерлерінің білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырумен айналысатын негізгі мекеме – «Жамбыл-Жылу» кәсіпорны. Онда қатты отынмен және табиғи газбен жылытатын қазандықтарда жұмыс істейтін мамандар оқыту курстарынан өтеді. Біліктілікті арттыру курстарында жұмысшылар 170 сағат теориялық білім алса, 110 сағатында білімдерін іс жүзінде сынап көреді. Осыған орай, «Шу-Жылу» кәсіпорны да аталмыш мекемемен келісімшарт жасасқан екен. Шартқа сәйкес, өткен жылы облыс орталығындағы «Жамбыл-Жылу» кәсіпорнындағы оқу курсымен 24 маман қамтылыпты. Олардың арасында қазандықтың қызметіне жауапты түрлі мамандық иелері бар. Нақтырақ айтқанда, химиялық су тазалаудың 3-дәрежелі 4 аппаратшысы, бу қазандарының 6-дәрежелі 4 аға машинисі және 4 қатардағы машинист, сондай-ақ көмір беретін және күл шығаратын 12 қызметкер оқу курсынан өтіп келген. Жалпы, қазандық қызметкерлерінің жұмысы маусымдық қызметке жататындықтан, олар тек жылыту маусымында ғана жұмыс істейді. Сол себепті сала мамандары қызметкерлердің осындай оқыту курстарында әр жыл сайын оқуын талап етеді. Оның үстіне, біліктілігін арттыру курстарынан өткендерге берілетін сертификат бір жылға ғана жарамды екен. Сондықтан әрбір күз айында қазандық мамандары біліктіліктерін жетілдіру үшін арнайы курсты тәмамдауы тиіс. Алайда бір ғана курстан өтті екен деп, қызметкерлердің кәсібилігі жоғары деңгейде деген ой туындамауы қажет. Неге десеңіз, қазандықтағы қауіп көбінде сала мамандарының салғырттығынан да туындап жатады. Сол себептен салаға жауапты мекемелер жылу берумен бірге, қазандықтардағы қауіпсіздік мәселесі мен жауапкершілікке көбірек көңіл аударса, артық болмас еді.
Ерғали Қартайған
Шу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді