Юлия Галышева могулдан еліміздің алғашқы жүлдесін иеленді
Біз бұл жүлдені ұзақ күттік. Иә, Қысқы Олимпиада ойындарында бұрын-соңды Қазақстан қоржынына фристайлдан медаль түспеген еді. Әр төрт жыл сайын көрсеткішін төрт сатыға ілгерілетіп отыратын могулдың майталманы Юлия Галышева жүрісінен жаңылмаса екен деп тіледік. Неге дейсіз ғой. Ендеше, статистика сөйлесін. Юлия 2010 жылғы ақ аламанда 11-орын иеленсе, 2014 жылғы байрақты бәсекеде 7-орынға табан тіреді. Әр Олимпиада сайын төрт саты жоғары өрлеп отырса, Пхенчханда қолаға қол жеткізуі тиіс. Осы бір үрдіс Оңтүстік Кореядағы додада жалғасын тапты. Галышева дәстүрді бұзған жоқ! Кейбір жанкүйерлер фристайлшыларымыздан жүлде күтпеген де шығар. Өйткені осы уақытқа дейін бұйырмаған жүлде енді қайдан ғана қанжығамызға байлансын деген әңгімелерді әрегідік естіп қалатынбыз. Сол сыннан қорытынды шығарды ма екен, әйтеуір Юлия Галышеваның жанарынан жалын ұшқындап тұрды. Ол қолының жарақатына да қараған жоқ. Тамаша өнер көрсетіп, жұртшылықты тамсандырды. Алтынға да мүмкіндігі бар еді. Әттең, сәл жылдамдық жетпеді... Қысқасы, жанкештілік танытқан Юлия Галышева қола жүлде иеленді. Осылайша ол тарихқа есімін алтын әріптермен жазды. Ал ақ Олимпиаданың алтыны француз Перрин Лаффонға бұйырса, күміс медальді канадалық Джюстин Дюфур Лапуант мойнына ілді. «Қолымнан алған жарақат мені ақтық сынға дейін әбігерге салған жоқ. Екінші финалдық кезеңде, анығырақ айтсам, алтыншы орынды иеленіп тұрған сәтте қатты қобалжыдым. Кейін үшінші орынға көтерілгенде де қатты састым. Өйткені жүлдегерлердің қатарынан көрінбей қалу қаупі болды. Сол себепті мен медаль алғанымды әлі толық сезіне алмадым», деді ол дода аяқтала салысымен ойымен бөлісіп. Әзірге өзге спорт түрлерінен медаль сыңғыры естілер емес. Әйткенмен биатлоншыларымыз бен могулдың шеберлерінен әлі де болса үміт күтетініміз анық. Өйткені әлемдік додаларда жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүрген саңлақтарымыз баршылық. Қазақстан спортшылары 2014 жылғы Қысқы Олимпиададағы нәтижені қазірдің өзінде қайталап қойды. Сочиде мәнерлеп сырғанау спортының тарланы Денис Теннің жалғыз қоласын көңілге медеу тұтқан едік. Енді сол нәтижені үстемелесек деген арман көкейде атой салады.
Табиғат Абаилдаев
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді